"Қазақстанның түрлі-түсті төңкеріске таяп қалған кезі болды"

21130

Елбасының бұрынғы кеңесшісі, саяси ғылымдардың докторы, саясаткер, Yertysbayev Live жүргізушісі Ермұхамет Ертісбаев билікті қару қолданбай басып алу тәсілдерін талдап, оның қалай қолданылатынын айтып берді. 

"Қазақстанның түрлі-түсті төңкеріске таяп қалған кезі болды"

–Түрлі-түсті революциялардың "негізін қалаушы" деп америкалық қоғам қайраткері Джин Шарпты атайды. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай? Ол расында да осы құбылыстың идеологы ма?

– Бұл пікірмен толық келісемін: Джин Шарп – түрлі-түсті революциялардың басты идеологы әрі теоретигі. Ол 1964 жылы Оксфорд университетінде "Режимдерді құлатудың күш қолданылмайтын әдістері" тақырыбында диссертация қорғап, саяси философия докторы атағын иеленген адам. Оның 1993 жылы жарық көрген басты кітабы "Диктатурадан демократияға қарай" (From Dictatorship to Democracy) деп аталады. Бұл – әралуан революционерлердің үстелінің үстінде тұратын басты кітап, әдістеме. Ол кез келген режимді тағынан тайдырудың 198 әдісін әзірлеп шықты. Айтпақшы, өткен жылы Беларусь Президенті Александр Лукашенко: "бүкіл Беларусь оппозициясы Джин Шарптың кітабына сай қимылдады" деп ашық айтты.

Оны азсынсаңыз, The New York Times Джин Шарпты "араб көктемінің" ұстазы және идеологы деп атады. Өйткені оның кітабы араб тіліне аударылып, арабтар арасында танымал болып кеткен.

– Бірақ "араб көктемінің" арты қантөгіске ұласты ғой?

– Оның мәнісі мынада. Мен бұл кітапты өте мұқият оқып шықтым. Мысалы, 148-ші әдісте ол "армияда бүлік шығаруды" ұсынады. Яғни, авторитарлық режим күйреуі үшін елдің қарулы күштерінде билікке қарсы бас көтерулерді қалай ұйымдастыруға үйретеді. Бұл тұрғыдан алғанда Д.Шарптың кітабы наразы электорат арасында аса танымал, сонысымен билікті өз уысында ұстаушылардың зығырданын қайнатады.

Бірақ революциялар тек кітапқа бола жүзеге асады деу әбестік. Қырғызстанда, Украинада, Грузияда, Беларусьте қарапайым халық Джин Шарпты оқыған жоқ. Төңкерістерге елді жаппай жемқорлықтың жайлауы, әлеуметтік әділдіктің жоқтығы, билеушілердің ел басшылығында өмір бойы отыруға ынтығуы, яғни ішкі себептер итермелейді. Барлық жерде "Батыстың қолын" іздей беруге болмайды.

– Бізде ше? Қазақстанда түрлі-түсті төңкеріс болуы мүмкін бе?

– Егер билік төңкеріске тамыздық болар түйткілдерді мүлдем елемейтін болса, икемді болып, замана талабына сай бейімделе алмаса, жағдайдың осылай өрбуі қаупін болжап, алдын ала білуге қабілеті жетпесе, онда әрине, мұндай оқиға Қазақстанда да болуы мүмкін. Бірақ біздің биліктің ықтимал революцияларға соқтыратын түйткілдерге тосқауыл қою бағытында белсенді қимылдап жатқанын көріп отырмын.

–Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан түрлі-түсті революцияға жақын қалған кезі болды ма?

– Меніңше, бұл 2001 жылдың қарашасында болды. Сонда вице-премьер Ораз Жандосов, Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов, банкир, олигарх Мұхтар Әблязов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрды. Сол тұста мемлекеттік саяси және бизнес элита қаққа жарылды. "ДВК"-ға Үкіметтің көптеген мүшесі және бірқатар депутат кірді. Бірқатар бизнесмен ұйымды белсенді қаржыландырып, қолдау көрсетті. Жағдай өте күрделі еді және 2001 жылдың қарашасынан 2002 жылдың наурыз-сәуіріне дейін күрделі күйде қалды.

Бұл бұқара халықта да революциялық көңіл-күйді оятты. Сонымен бірге элитада саяси дағдарыс тудырды. Ол кез есімде жақсы сақталып қалды, мен Президент әкімшілігінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеп жүргенмін. Нұрсұлтан Назарбаевпен де кездестім. Бұл жағдай және оның өрбу барысы Елбасын қатты алаңдатты. Ол тұрақтылықты шайқалтпауды қалады. Билік протестік көңіл-күйлерді "жатырында тұншықтыра" алды.

Өйткені кез келген революция жаппай дағдарыспен және тіпті мемлекеттің өз территориясының бір бөлігін жоғалтуымен аяқталады. Мысалы, Грузиядағы революция оның өз жерінің 25 пайызынан (Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан) айырылуына әкелді. Украинадағы революция салдарынан Қырым Ресейге қосылды, Донбасста қарулы қақтығыс басталды.

Бетін аулақ қылсын, дегенмен, егер Қазақстанда революция болса, бұл жаппай былық жайлауымен және ел территориясының тоз-тоз болуымен аяқталады. Сондықтан мен төңкеріс атаулыға үзілді-кесілді қарсымын.  

Болжап қана айтайын. 2019 жылғы 9 шілдеде Тоқаев президенттік сайлауда жеңіске жеткенде, көп нәрсе Әміржан Қосановқа байланысты болды. Оған 1,5 млн сайлаушы дауыс берді ғой! Егер Қосанов айталық, сайлаудың қорытындысын мойындамай, өз жақтаушыларын көшеге шығуға шақырса, менің жорамалым бойынша үштен бірі сол үндеуге үн қосатын еді. 500 мың адам шеруге шықса, бұл елде дағдарыс тудыруы мүмкін еді. Абырой болғанда, Қосанов қарсыласының жеңісін мойындады. Бұл – бір. Екіншіден, Батыс лидерлері, соның ішінде АҚШ-тың өзі Тоқаевты "Мемлекет басшысы болып, легитимді түрде сайланды" деп лезде таныды. Яғни, ішкі және сыртқы факторлар оң ықпалын тигізіп, ықтимал дағдарыс ілгері баса алмай қалды.

– Билік неге түрлі-түсті төңкерістерден сонша үрейленеді?

– Қазақстанда мемлекет жағдайды бақылауда ұстап отыр. Билік революциядан зәресі ұша қорқады деуге болмайды. Бірақ дұрысы – өзгенің қателігінен сабақ алған. Қырғызстан, Украина, Беларусь неден қателесті деп талдаған жөн. Мен беларустарға айтқанмын: егер олар 2019 жылы билік транзитінің қазақстандық үлгісін таңдағанда, яғни, Лукашенко Халық өкілдерінің бүкілбеларустық жиналысын құрып, президенттік орынды басқаға тапсырғанда, ешқандай наразылық болмас еді. Беларусьте халықтың толқуына жұрттың Лукашенконың тірліктеріне көңілі толмауы себеп.

Жалпы, түрлі-түсті төңкеріс болған елдерге қарасаңыз, ұқсас көріністі байқайсыз, ел басшысы билікте өмір-бойы отыруға ұмтылады. Қырғызстанда да, Арменияда да, Грузияда да солай болды.

Бұл тұрғыда Қазақстан ерекшеленді. 2019 жылдың көктемінде Назарбаев Президент лауазымын басқаға тапсыру керек деген шешімге келді. Содан кейін сайланған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды, сөйтіп, оппозициямен, наразы электоратпен диалог орнатты.

– Қазақстан халқы Ресейдегі Навальный бастаған наразылық акцияларын қызыға тамашалайды. Қазақстандықтардың бұл қызығушылығына не себеп деп ойлайсыз?

– Себебі Қазақстан мен Ресейдің ортақ ақпараттық, саяси, ішінара мәдени, ментальды кеңістікте өмір сүруде. Қоғамымыздың белгілі бір бөлігі өзімізде ондай көріністер болмағандықтан, Мәскеу жаққа қарап, құлақ түре жүреді. Біреуі ондағы биліктің ауысуын қалауы, енді бірі Ресей тағдыры не болатынына алаңдауы мүмкін. Мысалы, көрші Қырғыз елі Президентін жыл сайын ауыстыра алады, бірақ бұл Қазақстанға ешқандай әсер етпейді. Ал Ресейдегі күрт өзгерістер бізге ықпалын тигізеді. Өткен тарихтан бері солай болып келеді.

Бетін әрмен қылсын, егер Путин түрлі-түсті революция нәтижесінде биліктен аласталса, онда оның арты 1917 жылғы төңкерістегідей болады. Ондай жағдайда бүкіл Еуразиялық кеңістікте тектоникалық зілзала-өзгерістер мен "жарылыстар" басталуы ықтимал. Одан қашып құтыла алмайсыз.

Жазып алған Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !          

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу