Қазақстанның ұлттық және жастар құрамалары жолдастық матч өткізді

833

Ойын "Астана Арена" стадионында өтті.

Қазақстанның ұлттық және жастар құрамалары жолдастық матч өткізді

Қазақстанның ұлттық және жастар құрамалары оқу-жаттығу жиыны аясында жолдастық матч ойнады. Кездесу 4:1 есебімен ұлттық құраманың пайдасына аяқталды. Алғашқы таймда қорғаушы Александр Марочкин қос гол соқты. Ойынның екінші бөлігі басталған сәтте Максим Самородов көзге түсті. 51-минутта жастардың қорғаушысы Сағи Совет есеп айырмасын қысқартты. Матч соңына қарай Алексей Щеткин пенальтиден гол соқты. 

Ойыннан соң ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев команда дайындығының негізгі міндеттеріне тоқталды.

"Ойынға үш тапсырма қойылды: кейбір ойын үлгілері мен ойыншылардың құрамын байқау, алдағы ойындарда қолданылатын жаңа ойын жүйесін көру және үш күнге созылған екі реттік жаттығудан соң футболшылардың физикалық жағдайын саралау болды. Барлығын көріп, талдап шықтық деп ойлаймын. Енді Ұлттар лигасының ойындарына дайындаламыз. Жастар құрамасымен өткен жолдастық кездесуден жаттықтырушылар штабы мол мағлұмат алды деп санаймын", – деді Адиев. 

Қазақстан жастар құрамасының U-21 аға жаттықтырушысы Қайрат Нұрдәулетов те кездесу туралы ойын ортаға салды:

"Жолдастық ойынға қойған өз мақсатымыз болды. Ұлттық құрама өздеріне жеке мақсаттар қойды. Ең алдымен футболшыларды 4 және 10 маусым күндері өтетін ойындарға дайындау қажет. Физикалық жағынан жолдастық ойынның маңызы зор болды. Екі орталық қорғаушыны ойнатып, жаңа ойын жүйесін сынап көрдік. Алға қойылған міндеттер толық орындалды деп ойлаймын. Жаттықтырушылар штабының команданың ойыны мен футболшылардың жылдамдығына көңілі толады. Барлық мәліметтерді алдық. Енді осы ойынды талдап, әрі қарай дайындаламыз. Ұсынымызды қабылдап, кездесуді ұйымдастырған ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына алғыс айтамын. Олар үшін де ойын пайдалы болады деп үміттенемін", – деді Қайрат Нұрдәулетов.

Ермұхамед Мәулен