Қазақстанның уран нарығын не күтіп тұр?

2023 жылы қазақ ураны үшін табысты жыл болды.

Қазақстанның уран нарығын не күтіп тұр? Фото: «Қазатомөнеркәсіп» АҚ

Акция құны құбылып, кейбір айларда бұрынғы жылдардан төмендеу болғанына қарамастан 2023 жыл қазақ мұнайына қарағанда қазақ уранының болашағы мол екенін көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлемдік нарықта сұраныс артты. Еліміздегі жетекші уран өндіруші "Қазатомөнеркәсіп" АҚ хабарлауынша биыл өндіріс көлемі 20,5–21,5 мың тонна, U3O8-ді сату көлемі 18–18,5 мың тонна көлемінде болады, бұл болжамды көлемнен 500 тоннаға артық. Компанияның жалпы кірісі 1,37–1,41 трлн теңге, оның ішінде U3O8 табысы 1,12–1,16 трлн теңге көлемінде болмақ. 

"Қазіргі кезде компания клиенттер сұранысының артуына байланысты және жаңа келісім шарттардың қосылуына байланысты сату көлемінің ұлғаятынын күтеміз.  Сәйкесінше сату мен табыстың да артуы күтіледі", – деп хабарлады Ұлттық компания. 

Бүгінгі таңда еліміздің жер қойнауынан өндірілген уранның негізгі тұтынушысы Қытай. Өткен жартыжылдықта көрші ел 218,6 млрд теңгеге уран сатып алған. Сонымен қатар Қазақстанның уран бойынша негізгі тұтынушысы – АҚШ 118 млрд теңге (өткен жылдың бірінші жартысында 60,3 млрд тенге), РФ – 72 млрд теңге (30,7 млрд теңге), Қазақстан – 55,5 млрд теңге (60,7 млрд теңге), Франция – 51,8 млрд теңге (28,7 млрд теңге), Нидерланды – 48,4 млрд теңге (0), Канада – 30,7 млрд теңге (64,9 млрд теңге), Ұлыбритания – 4,6 млрд теңге (116,2 млрд теңге), басқа елдер – 19,1 млрд теңге (35,1 млрд теңге). Жартыжылдықтағы жалпы табыс 618,7 млрд теңгені құрады. 

Әлем "жасыл энергетикаға" көшуді жеделдеткен сайын баламалы энергия көздері мен атомға сұраныс арта бастағаны байқалады. Ал, бұларға қажетті негізгі шикізат уран Қазақстанды негізгі ойыншылардың біріне айналдырады. Сондықтан сұраныс артып, уран мәселесінде басқа елдер Қазақстанмен санаса бастады. Мәселен, қараша айында елімізге келген Франция президенті Макронның басты тақырыптарының бірі уран мәселесі болған. 

"Макрон атом реакторлары үшін Қазақстаннан уран жеткізу көлемін ұлғайтуды көздейді", – деп жазды Bloomberg. 

Франция президентінің делегациясындағы 15 ірі кәсіпкердің басым бөлігі энергетика, агроөнеркәсіп, тау-кен өндірісімен байланысты болған.  Жалпы Франция мен Еуроодақ уран мәселесінде Қазақстанмен қатар Нигер мен Ресейге көбірек үміт артқан еді. Еуроатомды жабдықтау жөніндегі Еуропалық агенттіктің мәліметінше 2023 жылы Нигер Еуродаққа тұтынатын уранның 24%, Ресей 20%, Қазақстан 23% жеткізіп тұрған еді. Алайда Нигерде төңкеріс орын алып, жаңа билік уран жеткізуді тоқтатты. Ал Ресеймен шартты халықаралық санкция аясында үзгісі келгенімен, басқа жеткізушілерден жеткілікті уран алу мүмкін емес болып отыр.  

Бұл ретте Еуроодақ әлемдік уран қорының 14% ие, болжанған уран қоры екінші орынды алатын Қазақстанды өндіріс пен сату көлемін арттыруға үгіттемек. Бүкіл әлемдік ядролық ассоцияцияның мәліметінше 2021 жылы Қазақстан 21,8 мың тонна,  2022 жылы — 21,3 мың тонна уран өндірді. Қалған ірі уран өндірушілердің көлемі Қазақстанның шаңына да ілеспейді.  2022 жылы Канада (7,4 мың тонна), Намибия (5,6 мың тонна), Австралия (4,6 мың тонна), Өзбекстан (3,3 мың тонна), Ресей (2,5 мың тонна), Нигер (2 мың тонна), Қытай (1,7 мың тонна) өндірген. Жоғарыда атап өткеніміздей алдағы жылдары бұл көрсеткіш те, қазақ уранына сұраныс та еселене бермек.

"Қазатомөнеркәсіп" 2021 жылы сегіз елге ғана өнім сатса, өткен жылы 11 елден 24 сатып алушыға өнім жеткізілген. Өткен 10 айда шетелге $2,46 млрд уран сатылып, рекорд жаңартты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көп. Бүкіләлемдік ядролық ассоцияцияның болжамы бойынша сұраныс 2030 жылы үш есе артады. Яғни, қазақ уранының жаңа дәуірі басталды.

Сұраныстың әсерінен 2023 жылы өндіріс пен сату жөніндегі болжамдарын қайта қарап, көлемін арттырған "Қазатмоөнеркәсіп" стратегиясын қайта қарап, 2025 жылы жер қойнауын игеру жөніндегі шарттар аясында өндіріс көлемін 100% жеткізуді шешті. Компания соңғы 7 жылда өндіріс көлемін келісімшарттарда көрсетілген көлемнен 20% аз өндіріп келген еді. Тек 2024 жылы мұны 10% қысқартпақ. Ал 2025 жылы толық өндіріске көшеді.

Сәйкесінше бұл шешім, әлемдік бірінші сатылы уран өндірісі көлемін 2025 жылы  6 мың тоннаға ұлғайтады. Ал, Қазатомөнеркәсіптің өндіріс көлемі 30,5–31,5 мың тонна көлемінде болмақ. 

2023 жылы қазақ ураны үшін бір әттеген-ай акция бағасына қатысты болды. Лондон қор биржасында сатылатын Қазатомөнеркәсіп акциялары қазіргі сұранысты ескергенде, тек өсуі керек еді. Алайда биылғы жылы бірнеше рет құлады. Мысалы, желтоқсанның 20-на қарай бірден құлдырап сала берді. Алайда сарапшылар мұны әдеттегі баға құбылуы, дейді. 

"Уранға сұраныс артып келеді. Бәрі Фукусиманы баяғыда ұмытты. Баламалы энергетика көмірге, уранға лайықты бәсекелес бола алмады. "Қазатомөнеркәсіп" қазақстандық инветсордың портфеліндегі ең бағалы актив болуы керек. Өйткені ІРО-дан бері 4 есе өсті. Акциялары ары қарай да өсе беруі керек. Өйткені бұл әлемдегі нөмірі бірінші компания. Қазіргі жағдайы ары қарай да өсе беретінін көрсетеді", – дейді экономист Бауыржан Шурманов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу