Жұптық сайыс бойынша еліміздің бірінші нөмірлі ракеткасы Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен жұптасып, Дохадағы WTA 1000 турнирінде сәтті өнер көрсетуде.
Бірінші айналымда олар ұлыбританиялық Оливия Николлз бен словакиялық Тереза Михаликованы 7:5, 6:4 есебімен жеңді.
Екінші айналымда Данилина мен Хромачева жапониялықтар Шуко Аояма мен Эри Ходзуми жұбымен кездесті. Матч 6:4, 4:6, 10:6 есебімен Данилина мен Хромачеваның пайдасына аяқталып, олар турнирдің ширек финалына жолдама алды.
¼ финалда Данилина мен Хромачеваның қарсыластары ресейлік теннисшілер Мирра Андреева мен Диана Шнайдер болмақ. Матч 13 ақпан Қазақстан уақыты бойынша 18:40-та басталады.
Айта кетейік, аталмыш ірі доданың жүлде қоры 3,654,963 АҚШ долларын құрайды. Бұл турнирге жекелей сында 56 теннисші және жұптық сында 28 жұп қатысуда. Қазіргі чемпион – польшалық Ига Швентек.