Қазақстанның жаһандық аренадағы абыройы тағы бір мәрте асқақтағалы тұр

4265

Тарихта тұңғыш рет шетелде әскери іс-қимылдарды жүргізетін "қазақ әскери контингенті" құрылып жатыр.

Қазақстанның жаһандық аренадағы абыройы тағы бір мәрте асқақтағалы тұр Фото: aqorda.kz

Қазақстан әлемнің әр түкпіріндегі қарулы қақтығыс ошақтарына 430-ға дейін жауынгерін аттандырғалы жатыр.

Мұны Президент – Жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. Оның ұсынысын ел Парламенті 2024 жылғы 19 қаңтарда құптады.

"БҰҰ миссияларында қатысу үшін 430 адамға дейінгі резерв ротасынан, штаб офицерлерінен, әскери бақылаушылардан және мамандандырылған бөлімшелерден тұратын Қазақстанның Қарулы күштерінің бітімгершілік контингентін мына бағыттар бойынша жолдау туралы ұсыныс енгіземін: "Голан биіктеріндегі БҰҰ-ның бөлуді байқау күштері" (UNDOF, Сирия – Израиль), "БҰҰ бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органы" (UNTSO, Палестина – Израиль), "БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы Миссиясы" (UNMISS, Оңтүстік Судан), "БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштері" (UNISFA, Судан)", – делінген Мемлекет басшысының Парламентке үндеуінде.

Оны палаталардың бірлескен отырысында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді.

Президенттің байламынша, БҰҰ-ның миссияларына қатысу – Қазақстан армиясына жауынгерлік машықтарын жетілдіруге, заманауи қақтығыстарға тосқауыл құруда қажет болатын әскери дағдыларды меңгеруге, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуға, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, республика тарихында тұңғыш рет әлемдегі бітімгершілік миссияларының ауқымын, географиясын күрт арттырып отыр.

Өз қатарында тек Ауған ардагерлерін ғана емес, тәуелсіздік жылдары Ирак, Ливан сияқты біраз елдегі бітімгерлік операциялардан оралған жауынгерлерді де біріктіретін Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы, Ауған ардагері Бақытбек Смағұл Жоғарғы бас қолбасшының бұл бастамасына қолдау білдірді.

"Қазақстан ондаған жылдар бойы бейбіт заманда өмір сүруде. Бұл – ұлы құндылық. Бірақ мұндай жағдайда әскер ұрыс қабілетін жоғалтатыны жасырын емес. Қаңтар оқиғалары Отан қорғаушыларды, солдаттарды тәрбиелеуде олқылық көптігін паш етті. Әскерде жауынгерлік рух төмен екені байқалады. Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы жүргізген сауалнама көрсеткендей, жастар әскери қызметті көбіне, әлеуметтік жағдайды жақсартудың құралы ретінде ғана қабылдайды. Олар игілік ретінде шен аламын, генерал боламын, жалақым жоғары болады, мемлекеттен тұрғын үй төлемі төленеді, "Әскери баспана" кредит беру бағдарламасы аясында арзан несие ұсынылады деп тізбеледі. "Отаныма қорған боламын!" деп ынтығу аз", – деді Б.Смағұл.

Ол Парламентке үндеуінде Жоғарғы бас қолбасшы Қазақстанға да ел шетіне шапқыншылық жасар жауды тойтаруға тура келуі мүмкін екенін жоққа шығармағанына назар аудартты.  

"Президент не айтты? Қазіргі аумалы-төкпелі, аласапыран заманда, айналамызда геосаяси шиеленістер ушыққан жағдайда өңірлік және ұлттық қауіпсіздікке жаңа сын-қатерлер төнгенін, олардың бір бөлігі әскери әдістермен үн қатуды талап етуге дейін өршуі мүмкін екенін қаперге салды. Міне, жаһандық "шиеленіс ошақтарында" тәжірибе жиған сардарлар мен сарбаздар ел басына күн туғанда қол бастап, әскерилерге ұрыс салудың жаңа айла-шарғыларын үйретіп, әскери өнерге баули алады. 2014 жылдан бері 600-ден астам қазақстандық бітімгер әлемнің әр шетіндегі миссияларға қатысып қайтты. Мемлекет оларды болашақ Отан қорғаушыларды даярлау, әскер түрлерінің әскери шеберлігін жетілдіру ісіне белсенді тартуға, лайықты лауазымдар ұсынуға тиіс. Осыған арналған жеке бағдарлама болуы керек. Бұрынғы бітімгершілер жеке құрылымдарға, шетелге кетпеуі керек", – деді сарапшы.

Б.Смағұл Қазақстанның Қарулы күштерінің соғысқа даярлығын күшейтуге, заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың тәжірибелік, әдістемелік тәсілдемелерін түзуге Мемлекет басшысының өзі мән беріп отырғанын жеткізді.

Сондықтан республикамыз әскери бақылаушылар тобын құрып, әзірлеуде. Олар дүниежүзіндегі қарулы қақтығыс ошақтарына барып қайтқан соң өз армиямыздың дағды-машығын кемеліне келтіруге ықпал ететін әскери инструкторларға айналады. Әйтпесе, Қазақстан ҰҚШҰ мүшесі ретінде НАТО инструкторларын көп шақыра алмайтыны мәлім. Тек Түркиядан мамандар алғызуға болады.

Қазақстан сондай-ақ төл армиясынан БҰҰ миссияларына қатысатын тұтас мамандандырылған бөлімшелерді бөлетін болады. Оның құрамына жаяу әскерлер, медициналық мамандар, барлаушылар, инженерлер, саперлар және басқалары кіреді деп күтілуде.

Осы орайда Бақытбек Смағұл бір маңызды оқиғаға екпін түсірді: Қазақстан төл тарихында тұңғыш рет "бірінші дербес, ұлттық бітімгершілік контингентін" қалыптастырып отыр. Бұған дейін қазақстандық бітімгершілер халықаралық коалициялар құрамында өзге елдердің бітімгершілік тобына кіріп, солардың қолбасшылық басқаруына табысталатын.

Бұл жолы бітімгершіл қазақ әскерінің өз қолбасшысы болады деп күтілуде. "Қазақ әскери контингенті" БҰҰ күштері миссиясымен бірге, Голан тауларындағы Сирия мен Израиль арасына қалқан болып тұрып, екі елдің бір-біріне шабуыл жасамауын бақылайды.

Бұл жеке ұлттық контингентке 139 қазақ жауынгері кіреді. Олардың әскери техникасы, өз қару-жарағы, мүлкі болады. Оларды керек-жарақпен Қазақстан қамтамасыз етеді.

Қазақ әскери контингентін аттандырып, орналастыру алдағы наурыз айына жоспарланып отыр. Бұл үшін БҰҰ-мен жеке халықаралық келісім бекітіледі. Онда тараптардың міндеттері мен миссиялары айқындалады. Контингентті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері де сонда пысықталады.

АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) "Дүниежүзілік фактілер кітабында" (The CIA world factbook) жазылғандай, биіктігі 2 814 метрге жететін Голан биіктігі – Таяу Шығыстағы даулы территория саналады.

"Оның үлкен бөлігін қазіргі уақытта Израиль оккупациялаған. Сирия тек шығыс бөлігін ғана бақылайды. Израиль бұл аумақты іс жүзінде 1981 жылы аннексиялады. Бұл аннексияны халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі мойындамады", – делінген америкалық барлаушылардың кітабында.

Тарихта бұл жоталар Осман империясының иелігі болыпты және оның Палестина уәллаятына кірген. Кейін Сирияның құрамына енді. 1967 жылғы Алты күндік соғыс барысында Израиль араб әскерлерін тықсырып, Голан биіктігінің үштен екі бөлігін басып алды. 1981 жылы Израиль парламенті – кнессет "Голан биіктіктері туралы" заң қабылдап, ол территорияны біржақты аннексиялады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі ол жерді Израиль аумағы деп мойындаудан бас тартты.

Алайда 2019 жылы ел тізгінін Д.Трамп ұстаған тұста АҚШ Израильдің бұл қысастығын құптап, Голан биіктігінің басым бөлігін соның мемлекеттік меншігі, егемен территориясы деп таныды. Осылайша, Америка бұл аннексияны ресми қолдаған жалғыз ел болып табылады.

Бүгінде Сирия мен Израиль де соғыс жағдайында тұр. Қос көрші қайтадан бір-біріне қару сілтеп, жағаласа жөнелмеуі үшін екі ортада, демилитаризацияланған бейтарап жолақта БҰҰ бітімгершілері орналасқан. Осы аумаққа таяуда қазақ контингенті енгізілмек.

Бұл ретте Қорғаныс министрлігі "Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарды.

Бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқаушы бітімгершілік миссиясына Қазақстанның ұлттық контингентін авиатасымалдауды ұйымдастыруды қарастырады. Оның шығыны Үкіметтің шұғыл резервінен бөлінбек.

"ҚР Қорғаныс министрлігіне 2024 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Үкімет резервінен Қазақстан Республикасының ұлттық контингентін БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқаушы бітімгершілік миссиясына авиатасымалдауды ұйымдастыруға 2 миллиард 657 миллион 199,9 мың теңге сомасында қаражат бөлінсін", – делінген қаулы жобасында.

Басшысы ауысқан Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген қаражаттың нысаналы жеріне пайдаланылуын бақылауға жауапты болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу