Қазақтар гол соғуды сағыныпты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3152

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының бірінші турында 20 гол соғылып, оның тең жартысын қазақтар салды.

Қазақтар гол соғуды сағыныпты Фото: fctobol.kz

Футболдан ХХVІІІ ел чемпионаты басталып, бірінші турдағы алты ойында 20 гол соғылды. Сонда, бір ойында орта есеппен 3,33 доптан соғылып отырған. Үш футболшы дубль жасап, мергендер көшін бастады. Бір қызығы, ешбір матчта пенальти берілген жоқ.

"Жетісу" Талдықорғанда премьер-лигаға қайта оралған "Оқжетпесті" ойсырата ұтты. 2019 жылғы Қазақстан чемпионатының алғашқы голын өткен маусымдағы Бірінші лиганың ең үздік ойыншысы Абылайхан Махамбетов салды. Көкше клубы дүлей додаға әлі дайын емес сияқты...

"Ордабасы" да өз алаңында ірі жеңіске қол жеткізді. Негізі, бірінші таймда кеншілер клубы дес бермеп еді. Тіпті бірнеше гол соғатын мүмкіндіктері де болды. Бірақ Зенёв және Пешич сынды легионер шабуылшысымақтары тамаша мүмкіндіктерді мүлт жіберуден өзара "сайысқа түсті". Ал шымкенттіктердің жаңа легионерлері сенімді ақтады.

Қостанай клубының да айдарынан жел есіп, төрт жарым миллиард теңгеден артық қаржыға салынған, халықаралық талапқа сай "Тобыл Арена" манежінде көрермендерін қуанышқа бөледі. Үш голды ұлттық құраманың екі футболшысы салды. Ал "Ертіске" топсасы берік, тәжірибелі қақпашы керек-ақ сияқты.

"Қайрат" Алатау бөктерінде Бірінші лигадан қайта оралған "Таразды" тізе бүктірді. Бірақ ойын өрнегі көпшілік көңілінен шықпады. Алматы клубының қарқыны әлі де чемпиондық тәжге таласатын командаға сай емес секілді. Ең өкініштісі, "Қайраттың" жас бапкері Еркебұлан Тұңғышбаевты қосалқы құрам орындығына отырғызып қойып, Кореяның жас футболшысы Хан Чжон Вуды шыңдауды тиімді деп санайтындай.

Бірінші турдағы бір ойында ғана алаң иелері жеңілістің кермек дәмін татты. "Қайсар" биыл да (былтырғыдай) ел чемпионатын өз алаңында 0:1 есебімен бастады. Матч басталған бетте бір доп жіберіп алып, ойын аяғына дейін таразы басын теңестіре де алмады. Ал "Атырау" түзден үш ұпай олжалап, жанкүйерлерін қуантты.

Осыдан бір апта бұрын "Қайратты" жеңіп, Қазақстан суперкубогын жеңіп алған "Астана" ел чемпионатын да жеңіспен бастады. Матч басында "Ақтөбе" шабуылшысы Абат Айымбетов есеп ашқанымен, елорда клубының жеңіске деген жігерлігі әлдеқайда басым болды. Алаң иелері ойын аяғына дейін төрт гол соғып, үстемдік танытты.

"Жетісу" – "Оқжетпес" – 5:1 (3:0)
Голдар: Махамбетов, 11 (1:0). Наумов, 15 (2:0). Алтынбеков, 31 (3:0). Молдақараев, 55 (3:1). Адамович, 79 (4:1). Жақсылықов, 87 (5:1).

"Ордабасы" – "Шахтер" – 3:0 (0:0)
Голдар: Жоао Пауло, 71. Махлангу, 78. Жоао Пауло, 83.

"Тобыл" – "Ертіс" – 3:0 (2:0)
Голдар: Нұрғалиев, 17. Нұрғалиев, 35. Тұрысбек, 80.

"Қайрат" – "Тараз" – 2:0 (1:0)
Голдар: Нурмугамет, 26. Әбікен, 67.

"Қайсар" – "Атырау" – 0:1 (0:1)
Гол: Мәжитов, 2.

"Астана" – "Ақтөбе" – 4:1 (2:1)
Голдар: Айымбетов, 3 (0:1). Томасов, 20 (1:1). Логвиненко, 34 (2:1). Томасов, 39 (3:1). Перцух, 90+4 (4:1).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу