"Қазақтар Украинадағы соғыста қынадай қырыла бере ме?"

4477

Құқық қорғаушылар Ресейдегі азшылық этностардың қанды қырғын ошағына тасталып жатқанына алаңдайды. 

"Қазақтар Украинадағы соғыста қынадай қырыла бере ме?"

Қазақстанның Ресей федерациясындағы Елшілігінің дерегінше, қазақтар РФ аумағында Алтай, Омбы, Челябі, Қорған, Орынбор, Саратов, Волгоград және Астрахан (Аштархан) облыстарында шоғырланып тұрады. Бұл аумақтардың көбінде ежелден Кіші жүз қазақтары мекен етеді. Қазақстанның елшілігі мысалы, Еділ өзенінің солтүстік жағалауында, Астрахан облысының территориясында орыс патшасы Кіші жүзден бөліп алған Бөкей ордасы болғанын еске салады.

Бұл жерде әңгіме РФ азаматтығы бар қазақтар туралы. Әйтпесе, біраз қазақ Мәскеуде тұратыны мәлім, көбі Қазақстан азаматы болғандықтан, ерікті түрде бармаса, мобилизацияға ілікпес. Бірқатар дерек бойынша Мәскеу және Мәскеу облысындағы қазақтар саны 13 мыңнан асты.

Ал қазақ диаспорасы әлгінде аталған, Қазақстанмен шектес өңірлерде орналасқан. Қазіргі кезде қазақтар саны жөнінен татар, башқұрт, чуваштардан кейінгі төртінші ірі түркі ұлты саналады, ал бүкіл ресейлік этностар арасында оныншы орынды алады.

Елшіліктің мәліметінше, 2010 жылғы бүкілресейлік санаққа сәйкес (2021 жылғы санақтың ұлттық құрамға қатысты ақпараты жарияланбады) Ресейдегі қазақтар саны 647 732 адамды құрайды (жалпы халық санының 0,45 пайызы ғана). Ресейдегі байырғы қазақтар саны азайып барады. 2002 жылғы санақ РФ-да 653 962 қазақ тұратынын көрсеткен. Содан бері біразы Қазақстанға көшті. Ұяла ма, орыс әлемінде қудаланудан қорқа ма, кім білсін, кейбірі санақта ұлтын көрсетпеген. Тіпті өзін ашықтан ашық орыс деп есептейтіндері де баршылық.

Қалай болғанда, Қазақстан елшілігі жергілікті қазақ ұйымдарының және басқа көздердің деректеріне жүгініп, Ресейде тұрып жатқан "қазақтар саны 800 мыңнан 1,5 миллион адамға дейін жетеді" деп отыр. Ресми мәліметке жүгінсек, Астрахан облысында – 149 мың, Орынбор өлкесінде – 78 мың, Саратов облысында – 76 мың, Волгоград облысында – 76 мың), Челябіде – 35 мың, Тюменьде (Түмен) – 19 мың қазақ тұрады.

Мәскеу Украинаға басқыншылық жасағанда, ерікті түрде соғысқа барғандар сапында қазақтар болды. Украина жариялаған қаза тапқандардың және тұтқынға түскендердің тізімінде де қарадомалақтар жүрді. ЗСУ жермен-жексен еткен, темір-терсек болып шашылып жатқан РФ әскери техникасының, танктің сауырында "Казахи" деген жазу ұлтжанды азаматтарымыздың қабырғасына батса керек.   

Сарапшылар оларды майданға тұрмыс тауқыметі итермелегенін айтты. РФ қазақтары негізінен кедей көрінеді. Борыш батпағынан шығу, несиесін өтеу, баспаналы болу, аңсаған таңсық тауарларды, тұрмыстық техниканы алу үшін азшылық ұлттар соғысқа жалданды.

Енді Мәскеу Ресейдің барлық азаматтарын жұмылдыруға кірісті. Өкінішке қарай, тіпті ресейлік волонтерлік ұйымдардың өзі соғысқа жігіт алуда Татарстан, Башқұртстан, Бурятия, Тува сияқты ұлттық республикалар асыра сілтеп жатқанына назар аудартып, дабыл қақты. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 21 қыркүйек күні өз республикасында мобилизация жүргізілмейтінін кесіп айтты. Дағыстан жұрты бас көтеріп, жаппай жұмылдыруды тежей алды.

Ал қазақтар қалың тұратын Астрахан, Орынбор, Саратов сияқты шекаралас облыстардың губернаторлары шешім қабылдап, мобилизациялануға жататын өз тұрғындарына облыс аумағынан сыртқа шығуға әп дегеннен қатаң шектеу енгізіп тастады. Салдарынан, Қазақстанға қашып кіруші ресейліктер арасында азшылық ұлттар өкілдері, әсіресе қазақтар некен-саяқ. Бұл жерде шекарадан бері кім өтетінін ресейлік шекарашылар шешеді. Олардың қолына мобилизациялануға іліккендер тізімі берілген. Оларды кері қайтарады.

Бұған қоса, ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Астрахан облысында дәл Қазақстанмен шекарадағы өткізу бекеттерінде мобилизациялық пункт ашылыпты. Онда Қазақстанға өтпек болған еркектерге, соның ішінде қазақтарға да әскерге шақыру табысталып, бірден автобустармен соғысқа алып кететін көрінеді.

Мұны Краснояр ауданының басшысы Руслан Бисенов растады. Бұл Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкиннің сұрауымен жасалған деседі. Салдарынан, облыстағы "Қараөзек" өткізу бекетінің жанындағы әскерге шақыру мобильді пунктінде әскери комиссариат қызметкерлері қазақстандық жаққа өтпек болған тұрғындарды тауып, әскерге шақыру таратып жатыр.

Қазақтардың елге аз келіп жатқанын мына дерек те растайды. 6 күн бұрын құрылыс олигархы Айдын Рақымбаев Орынбор, Омбы, Астрахан өңірлерінде майданға жүздеген қазақтарды топырлатып әкетіп жатқанын хабарлай келе, оларды Қазақстанға келуге шақырды. Қандастарға жатақханалардан орын мен тамағын беретінін жариялады. Алайда артынша жатақханаларына жүз шақты ғана қазақ келгенін қосымша хабарлады. Әйтпесе, Астана мен Атырауда, Жамбыл және Алматы облыстарында 500-ге жуық қандасты қабылдауға дайын болыпты. Содан жалғыз қазақпен шектелмей, башқұрт, бурят, құмық, қалмақ, Қырым татарлары сияқты бауырлас халықтардың да өкілдерін қабылдауға шешім қабылдапты. Бүгінде жатақханалар толық деген ақпарат бар.

Жалпы Ресей сол бойы шекарасын жаппады. Қазір Қазақстанмен арадағы шекарада ұзын-сонар кезек тұр. Мысалы, қазақтар шоғырланып тұратын Астрахан облысымен шекарадағы жалғыз өткізу бекетінде – "Қараөзекте" кезектің ұзындығы 17 шақырымға жетті. Бірақ астрахандық "Арбуз" басылымы журналистерінің мәліметінше, олардың бәрі дерлік – астрахандықтар емес. Жеңіл көліктерінің нөмірі бойынша Ресейдің ішкері аймақтарынан: Мәскеуден, Петербордан, Қазаннан, Краснодардан, Ростов-на-Донудан келгендер, негізінен, орыстар. Басым көпшілігі – еркектер. Қазақстанға отбасымен көшкендер де жетерлік. Ал шекараны кесіп өтпек болған астрахандық ауылдардың тұрғындарын шекарашылар "повестка" ұсынып, кері қайтарыпты.

Азаттық радиосына сұхбатында Омбы облысының тұрғыны Қадырғали Жайықбаев Путиннің жарлығы жарияланысымен, жігіттердің бір бөлігі Қазақстанға кетіп қалғанын жеткізді. Бірақ олар Қазақстан өздерін кері айдайды деп қорқады екен. Сондықтан мүмкін болса, әрі қарай Түркия аспақ. Қазақстан заңы бойынша қандастар кері депортацияланбайтыны туралы ақпарат Ресей қазақтарына жетпеген.

"Ресейде аласапыран заман басталды. Мен ауылымызда ақсақалдар кеңесін басқарамын. Тұрғындардың бір бөлігі ақыл сұрап жүгінді. Біразы алды-артына қарамай, тез шетелге кетуге тырысты. Біздің ер-азаматтар Қазақстанға барсақ, Ресейдің сұрауымен кері қайтарады деп үрейленеді. Сондықтан Қазақстан өзіне барып, жан сауғалаған жігіттерімізге тездетіп, азаматтық берсе дұрыс болар еді. Әйтпесе, қынадай қырып жатыр. Украинадан сонда қаза тапқан шамамен 40 жігітіміздің мәйіті жеткізілді. Қабырғасыз қайысып отыр", – деп ауыр күрсінді ақсақал.

Дегенмен ол өзінің қай ауылдан екенін айтпауды қиыла сұрапты. Егер біліп қойса, қудалайды деп мазасызданады.

"Қазір Қазақстанға көшкісі келетін жас қазақтар көп. Алайда Қазақстанның қандастарды қабылдау бағдарламасы дұрыс жұмыс істемейді. Ресейде отандастарды қайтару бағдарламасы бар. Оған іліккендерге белгілі бір өңірлерде бірден баспана береді, азаматтық рәсімдейді. Балаларын балабақшаға қабылдайды. Ересектеріне мамандығы бойынша жұмыс тауып береді. Ай сайын төлемақысы да бар. Бірнеше жыл бұрын біз Астанадан 200 шақырым жерде ауыл ашу үшін жер сұрадық. Басқа ештеңенің керегі жоқ дедік. "Тек жер беріңдер, біз оны Омбы қазақтарына толтырып, ауылды өзіміз абаттандырып аламыз" дедік. Дегенмен жер бермеді", – деді ақсақал.

Астрахан облысының тұрғыны, 33 жасар мемлекеттік қызметші Данияр Бексейіт (аты-жөні өзгертілген) барлық дерлік таныстары мен достары шетелге қашып кеткенін, ал өзі төрт баласын тастап, ешқайда кете алмай қалғанын айтады.

"Мен запастағы офицермін. Бізде шекараны жауып тастады. Ешкімді шығармай жатыр. Ертең тағдырым не болатынын білмеймін. Тәуекелге бел буып, қисынын тауып, Қазақстанға сапарлауды, сонда қалып қоюды ойластырып жатырмын", – деген Данияр да Украинада көптеген жас қазақтар қаза тапқанын растады.

Ал елімізден 260 шақырым жерде тұрған Самарадағы қазақтар Қазақстанға көп кете қоймапты. Ақпарат құралдардың жазуынша, негізінен орыстар қашып жатыр. Ал қазақтар "жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы халық, артын күтіп отыр".

"Туыстарымыз күнде телефон шалады. Уайымдайды. Не істеп отырсыңдар, дереу Қазақстанға көшіңдер, деп ұрысады. Олар "қазақтарды соғысқа бірінші әкетеді" деп естіпті. Әйткенмен, Қазақстанға көшуге құмартып отырған қазақтар көрінбейді. Бір бірімізден сұрастырдық. Ата-баба жерінде отырмыз. Осында қаламыз. Көрерміз, не болатынын", – деді журналистерге самарлық қазақтардың бірі.

Украинаға өз еркімен, контракт бекітіп, соғысқа аттанған, сонда қаза тапқан самарлық қазақтардың бары хабарланды. Қазақтар не үшін соғысатынын білмейді. Жергілікті қазақтардың мойындауынша, несиелік борыш, тұрмыстың төмендігі және мұқтаждық оларды әскери төлемақылар алу үшін соғысқа аттануға мәжбүрлейді.

Челябі және Орынбор қазақтары да әлеуметтік желіде дағдарғандарын жеткізді. Қазақстанға көшкісі келеді, бірақ ол жақта не көмек болатынын білмейді. Қазақстан ұстап алып, кері қайтарады деп ойлайды.

Жалпы Қазақстанның РФ-тағы елшілігі жергілікті қазақтармен мобилизацияға қатысты ешқандай жұмыс жүргізіп жатпағаны байқалады. Сайтында да Қазақстанға шұғыл қоныстануды қалайтындарға көмектесуге қатысты жарияланымдар жоқ. Мысалы, Ресей қазақтары өздеріне қашықтан Қазақстан азаматтығын беру жолға қойылса деп сұрайды. Өйткені Ресей өзге елдердің азаматтарына РФ паспортын жеделдетілген түрде таратып жатқаны мәлім.

Алматы тұрғыны Асия Сиқымбаева Ресейдегі ағайындары қатты қиналып отырғанын жеткізді.

"Біздің туысымыздың 3 баласы бар, соның біреуіне повестка келіпті. 6 қазанда соғысқа әкететін болды. Солар 23 қыркүйектен бері шекарадан өте алмады. Енді өте алмауы мүмкін. Әпкеміз қатты уайымға батуда. 3 баламды да соғысқа әкетсе, бұл өмірде не істеймін дейді. Қатты қиналып отыр. Бір шағын селодан 10 қазақ баласы Украинадағы соғыста қайтыс болыпты", – деді ол.

Қазақтарды "бармасаңдар он жылға соттаймыз" деп қорқытады екен. Мұндай жаза заңмен бекітілгені белгілі. Қалған қазақтар соғысқа алыну кезегін күтіп, үнсіз қорқып отыр.

"Airan" YouТube арнасына сұхбатында ресейлік қазақ, блогер Айбар Азамат РФ қазақтары арасында "Z-патриоттар" жетерлік екенін, олар Украинаны тізе бүктіруді жақтағанын, алайда Путин мобилизация жариялап, жаппай соғысқа ала бастағанда, олардың көзқарасы күрт өзгеріп, соғысқа қарсы болғанын мәлім етті. Ол өзі қос досымен бірге Қазақстанға келіп алыпты.

"Соғысқа әдейі қазақтарды алады деген деректі біз де естідік. Әскери комиссариаттарда бірінші кезекте фамилияға қарайтыны жасырын емес, егер аты-жөні славянша, еуропаша болмаса, бірінші лекке жазатын көрінеді. Бірінші эшелонмен титулды емес ұлттарды аттандырады. Біздің Волгоград облысында бір ауылдан 35 ерді алған. Бұл сол ауылдағы қолына қару алуға жарайтын, экономикалық белсенді жастағы барлық еркек. Кремльдің ішінара мобилизация дегені азшылық ұлттар үшін толық соғысқа алуға ұласты", – деді А.Азамат.

Оның мәліметінше, РФ қазақтарының 67%-ы ауылдарда тіршілік етеді.

"Олардың мансап сатысы бойынша өсу, әлеуметтік сатыда жоғары көтерілу мүмкіндігі жоқ. Ауылда әлеуметтік лифт жоқ. Олар үшін әскерге бару – өсуге мүмкіндік береді. Сол арқылы ірі қалаларда полицияға, Росгвардияға жұмысқа тұра алады. Әскерилерге арзан ипотека беріледі. 24 ақпанда соғыс басталғанда, олардың көбісін контракт бекітіп, соғысқа баруға мәжбүрледі. Қомақты төлемақымен, жоғарғы оқу орнындағы жеңілдіктермен қызықтырды. Қаншама қазақ күштік құрылымдарда істейді. Содан олар арнайы әскери операцияға қатысуға тәуекел етті. Мысалы, Украинадағы майданда опат болған Астрахан облысы тұрғындарының 80 пайызы – қазақтар. Ал әскери жолды таңдамаған қазақтар мобилизациядан құтылуға тырысып жатыр", – деді А.Азамат.

Оның байламынша, Украинадағы соғысқа қазақтардың көптеп аттануына Қазақстанның өзі айыпты.

"Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қандастарға баса көңіл бөлінбеді. Ондағы қазақтар Қазақ елінің тарихын білмейді. Себебі оқулықтар жоқ. Ресейдегі қазақтар ақпараттық вакуумда өмір сүреді. Олар тек ресейлік телеарналарды көреді. Қазақстаннан шетелдегі қазақтарға көмек байқалмайды", – деді ол.

Ломоносов атындағы ММУ Этнология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Елена Ларина РФ қазақтарының көбі кедей екенін растады. Ол Таулы Алтайдан Астраханға дейінгі аралықты жүріп өтіп, қазақтар тұрмысымен танысыпты. Ресейлік қазақтардың дәстүрге беріктігін, әлі күнге ру-руға бөлінетінін айтады. Бірақ ересектер болмаса, жастарының көбі орысша сөйлейді. Оның дерегінше, Атамекенге оралу туралы Қазақстанның шақыруына негізінен, Алтай қазақтары мен төлеңгіттер көбірек үн қатты. Қалғаны Қазақстанға көшуден бас тартты. Өз жерінде отырғанын алға тартты. Тарихшы Қазақстанға кеткен қазақтардың үлкен бөлігі кейін Ресейге қайта оралды деді.

Е.Ларина Саратов және Орынбор облыстарында қазақ және орыс тілдерінде газет шығарылып келгенін айтты: "қазақтардың өздері ол газеттерге жазылмай қойды, әр тиын санаулы заманда мұны қымбатсынды".

"Қазақстан" РТРК" АҚ Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Жалғас Сәдібекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында бір проблемаға назар аудартты.

"Кеше Саратовтың қазағы өз жеріндегі мобилизация қалай өтіп жатқаны туралы айтып берді. Тыңдап отырып, жүрегім ауырды. Гай Александров атты елді мекенде орыстар мен қазақтардың үлесі теңдей екен. Мобилизация басталғанда, екі жақтан да теңдей адам алынады деген логикалары "сынып" қалыпты. Гайлықтардан 450 адам соғысқа алынған. Нешеуі орыс деп ойлайсыздар? 3 адам! 447-сі қазақтар! Әскерде болып келген Володя әлі ішіп, шалқып жүр екен. Оған повестка келмеген. Ал өмірі әскерде болмаған, заң бойынша ішінара мобилизацияға жатпайтын механизатор, тракторист, ветеринар Бақыт, Мұрат, Арманның бәрін бір күнде жинап, аттандырып жіберген. 9 000 адамы бар осы селодан бір-екі жігіт қана Қазақстандағы туыстарына кетіпті. Ал қалғандары: "Сатқын болмаймыз, Отанымызды қорғаймыз" деп, отар-отар қой секілді кете беруге әзір. Қандай аянышты. Өздерін оқты азайтар “пушечное мясо", әрі қазақ жерін қазақтардан оңай тазартар құрал ретінде аяусыз қолданып жатқанын ұғынуға дәрменсіз", – деп ашынды Жалғас.

Қорыта айтқанда, Ресейдегі мобилизация бірнеше проблеманы әшкереледі. Біріншіден, Қазақстан отыз жылдай шетелдегі қандастарды елге көшіру бағдарламасын пәрменді жүргізе алмады. Жарға жықты деуге болады. Еңбек министрлігі 1991 жылдан бері 1 млн 99 мың қандастың елге оралғанын ғана алға тартты. Ал оның қаншасы шетелге кетіп қалғанын жасырады. Қазір министрлік жаңа көші-қон бағдарламасын әзірлеп, сонда қандастарға 5 жылсыз азаматтық бермеуді ұсынып отыр.

Екіншіден, Ресей, Қытай, Моңғолия, Еуропадағы қазақтар қарқынды ассимиляциялануы мүмкін. Олар мен Қазақстандағы қазақтар арасында дүниетаным, ой-пікір алшақтығы жыл сайын ұлғая бермек. Үшіншіден, Қазақстан фестиваль өткізгеннен басқа, шетелдегі қандастармен тығыз байланысты жолға қоя алмады. Олар Қазақстанда не болып жатқанынан хабарсыз. Содан іргеде отырған РФ қазақтары заңнама бойынша қандастар өзге елдің сұрауымен депортацияланбайтынын да білмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу