"Қазақтелеком" Tele2-ні қаншаға сатып алады

4228

2021 жылы Қазақстан 5G интернет желісіне көшеді.

"Қазақтелеком" Tele2-ні қаншаға сатып алады

Былтыр 12 желтоқсанда Kcell компаниясының 75% акциясын 446 млн долларға сатып алған "Қазақтелеком" АҚ алдағы уақытта шведтердің Tele2 AB компаниясының меншігіндегі "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС акцияларының иесі атанбақшы.

Естеріңізге салайық, 2018 жылдың соңында "Қазақтелеком" Kcell-дің Fintur Holdings BV компаниясының еншісіндегі 51%, Telia Company-дің иелігіндегі 24% акциясын иеленді. Бұл туралы "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев: "Kcell компаниясының акциясын барлық қарыздарымен қоса сатып алдық. Абоненттердің барлық мәселесін реттеу біздің компанияның құзырында. Бұдан былай қызмет көрсету сапасы жақсармаса, нашарламайды. Біз интернет қызметінің сапасын жақсартуға күш саламыз. Осыған дейін 4G желісіз байланысы қолданылса, 2021 жылы 5G қызметіне көшеміз", – деді. Ал Telia Company-дің президенті әрі атқарушы директоры Йохан Деннелинд Солтүстік Еуропа мен Балтық жағалауына бет бұруды көздеп отырғанын жеткізді.

"Қазақтелеком" АҚ-ға "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС акцияларын сатып алу туралы ұсыныс Tele2 AB компаниясынан түскен.

"Келіссөзді жарты жылда аяқтауды жоспарлап отырмыз. 2009 жылы Tele2 AB компаниясы мен "Қазақтелеком" АҚ қазақстандық "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС-ның 51% акциясын сатып алу туралы келісімді рәсімдеді. Бұл келісім 2010 жылдың наурызында жүзеге асты. Келісім құны 76,7 млн долларды құрады", – деп мәлімдеді Tele2 AB компаниясының баспасөз хатшысы Олжас Бибанов.

Айта кетейік, 2012 жылы "Қазақтелеком" АҚ ұялы байланыс нарығына қайта оралды. Оның еншілес компаниясы "Алтел" 4G желісіз байланысының Қазақстандағы тұңғыш операторы атанды. Кейін "Алтел" GSM, UMTS жиілігін иеленіп, ұялы байланыстың толыққанды операторына айналды.

2015 жылы "Қазақтелеком" мен Tele2 активтерін біріктіру туралы шешім қабылдады. Келісім кезінде тараптар call және put опциаларын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды. Осылайша "Қазақтелеком" Tele2-нің үлесін сатып алу құқығына ие болды.

"Қазақтелеком" Tele2-ні қаншаға сатып алатыны әзірше белгісіз. Белгілісі, бағаны нарық анықтайды. Айтпақшы, "Қазақтелеком" мен Tele2-нің арасындағы келісім шарықтау шегіне жеткен кезде Қазақстанның ұялы байланыс нарығында мемлекеттік емес бір ұялы байланыс операторы қалады. Ол - Beeline компаниясы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу