Монополияға бұрынғы үкіметтің кезінде жол берілген. Бұл жайында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтады.
Осы мәселе төңірегінде министр Мусин журналистер сауалына жауап берді. Мәжіліс кулуарындағы диалогты қаз-қалпында ұсынамыз.
– Компания нарықтың қанша пайызын алып отырғанын бұрыннан білесіздер ғой?
– Білеміз.
– Енді ғана қимылдап жатқандарыңыз қалай?
– Енді жаңа Қазақстанда жаңа шешімдер пайда болады.
– Сонда біз көтеріліс болуын күттік пе?
– Жоқ. Бізге осындай тапсырма берді. Бұрын нарықта мәселе барын көтеріп отырғанбыз. [Олардың 75 пайызын азайтуды айтқанбыз].
"Қазақтелекомға" екі операторды сатып алуға мен рұқсат берген жоқпын, бұрынғы үкімет рұқсат берген. Шамамен, бес жыл бұрын сатып алған. Мен келгелі бақылауды күшейттік. Жаңа Қазақстаннан бұрын-ақ, 2021 жылы "Қазақтелекомнан" сегіз облыс бойынша тиімді қолданылмаған радиожиіліктерді сот арқылы тартып алғанбыз. Енді оны аукционмен таратамыз. Радиожиіліктер болмаса, лицензия берілмейді. Лицензия болмаса радиожиілікке қол жеткізу мүмкін емес. Біз оны алғаннан кейін былтыр жаңа операторлардың пайда болуына мүмкіндік бердік. Бәсекелестікті қамтамасыз ету – біздің жұмыс. Жаңа Қазақстан болған соң ұсақ емес, қомақты шаралар өткізе аламыз", – деп аяқтады сөзін Мусин.
Тасқын Болатұлы