Қазақтың "Дала леопарды" кен орнының қазынасы 5 есе көп болып шықты

10643

Оның игілігін енді британдық алпауыт көретін болды.

Қазақтың "Дала леопарды" кен орнының қазынасы 5 есе көп болып шықты Фото: u-f.ru

Ұлыбританиялық Nostrum Oil&Gas PLC Қазақстандағы өзіне тиесілі газ қорларын күтпеген жерден 5 еседен астамға ұлғайта алды.

Бұл жағдай мұнай-газ саласына маманданған халықаралық басылымдар үшін апта жаңалығына айналды.

Аталған жаңалық Xodus Group Limited компаниясы жариялаған есепте айтылған. Консальтинг фирмасының білікті мамандары "Дала леопарды – Степной леопард" деген оғаштау атауы (қазақ даласында леопард жоқ) қазақстандық кен орындарының ірі тобының қорлары мен ресурстарына тәуелсіз бағалау жасап шықты.

Бұрыннан бері Дала леопарды кен орындарында 23 миллион BOE (мұның нені білдіретіні төменде айтылады) мұнай-газ қоры бар деп есептелетін. Оны осы ресурстық базамен арзанға алған британдық Nostrum ондағы қазынаның көлемі жете бағаланбағанын, шынында қазынасы әлдеқайда мол екенін түсініп, бір жыл бұрын, 2023 жылғы тамызда іздеу-бағалау жұмыстарына тапсырыс берген.

Өйткені кеңес одағының, бертінде Қазақстан Үкіметінің технологияларының ескілігі, жетілмегені, геологиялық саланы толыққанды қаржыландырылмауы салдарынан, қазақстандық кен орындарының ресурстары да толыққанды ашылмай, төмен бағаланғаны жасырын емес.

Соның алдында, 2023 жылғы шілдеде компанияның директорлар кеңесі бұл бағдарламаны қаржыландыру үшін жалпы құны 6 миллион доллар қаражат бөлді. Nostrum осы зерттеулер арқасында Қазақстан "шартты ресурстар" деп сенімсіз көрсетіп келгендердің бір бөлігін "барланған қорлар" санатына көшіруді жоспарлады.

Олар бір атаумен біріктірілген бірнеше кен орындарын игерудің барынша табысты-рентабельді нұсқаларын әзірлеуге ниетті.

Зерттеу жұмыстары барысында біріншіден, "Тепловский" кен орнының ескі 2 ұңғымасы қайтадан қолданысқа енгізілді. Екіншіден, ұңғымаларда кеңейтілген эксплуатациялық сынақтар жүргізілді. Жер қойнауындағы жыныстардан түрлі сынамалар алынған.

Бұрғылау жұмыстарының басталуы 2023 жылғы қыркүйектің ортасына жоспарланды. Бағалау жұмыстары 2024 жылғы сәуірде аяқталыпты.

Ақырғы нәтиже британдықтардың күткенін де асып түсті. Қуанышты жаңалығын британдық Nostrum Oil&Gas компаниясының бас атқарушы директоры Арфан Хан бөлісті.

"Бұл есеп Дала леопарды кен орындары тобын бұдан былай кең ауқымда игеруге кірісудің коммерциялық орындылығын растады. Оның әлеуеті мол болып шықты. Атап айтқанда, Шынар (Чинаревское) кен орнындағы экспорттық инфрақұрылымды және өңдеу қуаттылықтарын дамыту арқасында біз салынған капиталдың максималды тиімділігіне қол жеткіземіз. Бұл Дала леопарды кен орындарын игеру жобасының экономикасының жақсаруына септеседі. Сонымен қатар біздің операциялық қызметімізді алда өрістетуге түрткі болады", – деді Арфан Хан.

Оның айтуынша, британдық Nostrum "Рожковское" кен орнынан көмірсутек өндіріп, "Урал Ойл энд Газда" өңдейді. Енді оған қосымша Дала леопарды кен орындарының шикізатын да өңдеуге бағыттауға мүмкіндік туды.

"Мұның бәрі біздің бірінші сыныпты газ өңдеуші қуаттылықтарымызды пайдаланудың тиімділігін одан сайын арттырады. Олардың жалпы газ өңдеу көлемі жылына 4,2 миллиард текше метрге жетеді. Тиісінше, ақшалай табысымыз да ұлғаяды. Жобадағы Nostrum NPV үлесіне тиесілі табыс 10 жыл бойы шамамен 220 миллион доллар болады деп бағалануда", – деді компания басшысы.

Сонымен, көлемді есептегі негізгі байламдар келесідей:

  • Дала леопарды кен орындарын кешенді игеру Nostrum-ның ауқымды инвестициялық шешіміне толық сәйкес келеді және оны көлкөсір табысқа кенелтуге қабілетті.
  • Дала леопарды кен орындарының жалпы дәлелденген және ықтимал қоры (2P) 138 миллион BOE-ге жетті. Бұл серіктестерін қоспағанда, бір Nostrum компаниясының үлесіндегі ресурстық базаны бірден 5 есеге – 23 миллионнан 133 миллион BOE-ге дейін өсіріп отыр.  
  • Дала леопардындағы ресурстардың шамамен 25%-ы – сұйық көмірсутек болып шықты.
  • Осы ашылымдардың арқасында британдық компанияның құны күрт артты. Nostrum NPV 10 (Net Present Value немесе таза ұсынылған құны) 220 миллион долларға ұлғайды.

Қойнауына тереңдей берсе, Дала леопарды кен орындарында әлі де жасырулы жатқан қазыналары көп деп болжануда: олардағы ірі, ашылған, бірақ игерілмеген "шартты ресурстарының" коммерциялық әлеуетінің жалпы көлемі 67 миллион BOE-ден асуы мүмкін.

Сондықтан Дала леопардының жер қойнауының қатпарлы шыңырауларын, анағұрлым терең жатқан учаскелерін әрі қарай зерттеуге де британдық компания қаржы салуды жоспарлауда. Сол арқылы жаңа перспективті ресурстарды анықтауға іңкәрланып отыр.

Түсіндіре кететін жайт, BOE (Barrels of oil equivalent) немесе мұнай эквивалентіндегі баррель (МЭБ) – отын түрлерін салыстыру үшін алынған шартты отын бірлігі саналады.

BOE шамамен 1 баррель (158,9873 литр) шикі мұнайды жаққан кезде бөлінетін қуатқа тең. Бұл бірлікті мұнай-газ компаниялары қаржылық есеп дайындаған кезде жер астында жатқан мұнай мен табиғи газдың қорларын бір ресурсқа біріктіріп көрсету үшін қолданады.

1 BOE = 5 800 текше фут (ft3) табиғи газға тең.

Бұған дейін хабарланғандай, 2023 жылы британдық Nostrum Oil&Gas PLC қазақстандық "Позитив Инвест" компаниясының 80% үлесін сатып алуды аяқтады. Қазақстандық олигархтар Нұржан Бекшенов пен Вячеслав Ким ("Kaspi Bank" пен "Kaspi.kz" акционерлік құрылымдарының ірі акционері) құрған "Позитив Инвест" Дала леопарды кен орындары тобының қойнауындағы қазынасын пайдалану құқығын беретін лицензияға ие.

Мәміленің құны Nostrum Oil&Gas Coöperatief U.A. алдындағы шамалы қарызды есептен шығарғанда, небәрі 20 миллион долларды құраған. Терең тұңғиықтары зерттелмегеннің өзінде, Дала леопардының қоры бұрын барланғаннан бес есе жоғары болып шыққанын, британдықтарға бірден 220 миллион долларлық құн әкелгенін ескерсек, бұл инвестиция бүгінде өзін 11 есе ақтап отыр.

Британдықтарға көшкен жер қойнауын пайдалану контрактісі 2044 жылдың желтоқсанына дейін күшінде болады.

Үкіметтің дерегінше, Дала леопарды кен орындарының тобы 2 лицензиялық блоктан тұрады. Біріншісі – Каменское-Тепловское-Токаревское: оларда көмірсутек кен орындары бұрыннан ашылып, игеріліп, табыс әкелуде. Екіншісі – Каменское перспективті блогы.

Бірінші Каменское-Тепловское-Токаревское блогының аумағында көмірсутектердің 8 кен орны ашылған, бұлар – Токаревское, Каменское, Цыгановское, Ульяновское, Гремячинское, Восточно-Гремячинское, Западно-Тепловское, Тепловское. Олардың төртеуі – газды-конденсат. Тағы төртеуі – мұнайлы және газды-конденсатты.

Әкімшілік-аумақтық тұрғыдан кен орындары Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек (бұрынғы Зеленовский) және Тасқала аудандары территориясында орналасқан. Орал қаласының солтүстігі мен солтүстік-батысына қарай, 30–90 шақырымдағы жердің асты негізінен газға тұнып тұр. Мұны міне, енді британдықтар анықтап отыр.  

Nostrum Oil&Gas 1997 жылдан бері Каспий жағалауы бассейнінде мұнай мен газ өндірумен айналысып келеді. Ол нидерландтық Nostrum Oil&Gas Cooperatief U.A. және "Жайықмұнай" ЖШС арқылы Шынар, Ростошинское және Дарьинский кен орындарында көмірсутек өндіру лицензияларына иелік етеді.

2020 жылғы қарашаға дейін компания БҚО-дағы Южно-Гремячинское кен орнын да игерген болатын. Қазіргі кезде бұл кен орны мемлекетке қайтарылды, қайта аукционға шығарылады деп күтілуде.

Nostrum-ның жалпы қуаты 4,2 миллиард текше метр шикі газды өңдеуге жететін гаң өңдеу зауыты бар. Бірақ компанияның өзі ол зауыттың небәрі 15% жүктелгенін хабарлаған. Бәлкім, Дала леопарды жағдайды өзгертер?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу