RU KZ
Қазақтың мерейін үстем еткен Мерей

Қазақтың мерейін үстем еткен Мерей

19:14 23 Желтоқсан 2016 12840

Қазақтың мерейін үстем еткен Мерей

Автор:

Әдетте, отандық әншілерге елшілік тарапынан құрмет сирек көрсетіледі. Сирек те болса жас әнші Мерей Зейнештің бағы жанды.

 

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында АҚШ елшілігі екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайту жолындағы ізденісі үшін жас дарынға құрмет көрсетіп, сертификат табыс етті.

Айта кетейік, тәуелсіздікпен түйдей құрдас Мерей Зейнеш 2016 жылдың 23 қарашасында Нью-Йорк қаласында өткен «West Park International Music Festival» атты байқауда Гран-при иеленіпті. Бұл отандық әншінің шетелде алған екінші халықаралық бас жүлдесі болып шықты. Оның алдында Сеул қаласындағы Дүниежүзілік К-Поп фестивалінде топ жарып, бас жүлдеге лайық деп танылған екен.

Ал Нью-Йорк қаласында өткен фестивальде Мерей Зейнеш өзінің авторлық туындыларын қазақ тілінде Америка тыңдармандарына танытыпты. Әлем елдерінен келген өнерпаздар арасынан топ жарып шыққан дарынды әншімізді шетелдіктер осылайша мойындапты.

«Мен бұл жеңісімді ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнаймын», деген әнші Нью-Йорк қаласында өзінің жаңа өлеңіне бейнебаян түсіріп, оны қантар айында жарыққа шығаруды мақсат етіп отыр.

Өнердегі жанашыр ұстаздарының айтуынша, Мерей алғашқы музыкалық қадамын 12 жасында Өскемен қаласындағы музыка мектебінің эстрада шеберханасында бастады. 16 жасында АҚШ-қа барып, вокал бөліміне оқуға түседі. Ал 2010 жылы елімізге танымал Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясына оқуға келіп, кейін оқуын Англияда жалғастырған.

Біздің отандасымызға жүлде әкелген музыкалық конкурс туралы қысқаша айтып өтейік. «West Park International Music Festival» халықаралық музыкалық сайыс. Ол Нью Йорк қаласының «New York Music Tower» студиясының қолдауымен өтеді. Бұл фестиваль АҚШ-тың және бүкіл әлемнің дарынды жасөспірімдеріне атақты Нью-Йорк қаласының сахна төрінде өнер көрсетуге жолдама берді.

Өнерлі азаматтарды қолдайтын фествальдің «West Park Hall» сахнасына он мемлекеттен келген (АҚШ, Канада, Франция, Жапония, Қытай, Украина, Тәжікстан, Қазақстан, Пуэрто-Рико) 25 қатысушы бақ сынаған. Мерейдің жұлдызы жанды. Оның отандық әншілерден тағы бір ерекшелігі – ағылшын тілінде таза сөйлейді.

Ол үлкен сахнада ән салумен қатар, спортпен де шұғылданады екен. Еркін күрестен чемпион атағы бар. Елімізде білім алып, шетелде атымызды әйгілеген қазақ баласының жетістігі АҚШ пен Қазақстан арасындағы 25 жылдық тарихы бар байланыстың жемісі іспеттес.

 

×