Қазақтың суын Қытай ішкісі келеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3102

Бір жылда қазақ жерінің қойнауындағы 2 миллиондай литр су шөлмектерге құйылып, сатылған.

Қазақтың суын Қытай ішкісі келеді

Өткен жылдың қорытындысы бойынша минералды және газдалған су шығару көлемі 7,6%-ға ұлғайды.

Отандық алкогольсіз сусын түрлерін өндірушілер өзіміздің ішкі нарықтың, яғни қазақстандықтардың қажеттіліктерінің 90%-дан астамын өздері өтеуге қол жеткізді. Әйтпесе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында танымал "Пепси" және "Кока-коланы" Ресейден, Қытайдан, алыс шетелден тасымалдаған кезеңдер болған.  

Ресми статистика бойынша былтыр Қазақстанда 1 миллион 900 мың литрге жуық алкогольсіз сусындар мен минералды сулар өндірілді.

Соның ішінде 585,8 мың литрін минералды және газдалған сулар құрайды. Өзге алкогольсіз сусындардың көлемі 6,9%-ға немесе 1,2 миллион литрден 1,3 миллионға дейін ұлғайған.

Бүгінде елімізде осы салада алпауыт отандық кәсіпорындар пайда болды. Олардың арасында "RG Brands" АҚ, "Coca-Cola Almaty Bottlers" бірлескен кәсіпорны, "Galanz Bottlers" АҚ-ы, "Рикс ЛТД" ЖШС, "ВИЗиТ алкогольсіз сусындар зауыты" ЖШС және басқалары бар.

Ұлттық экономика министрлігі осы секторда отандық өндіріс жақсы қарқынмен артып келе жатқанын хабарлайды. Мысалға, 2012 жылы отандық және шетелдік нарықта Қазақстанда жасалған 1,4 миллион литр алкогольсіз сусын мен минералды және газдалған су сатылса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 1,6 миллионды, 2014 және 2015 жылдары – 1,7 миллионды құраған. Тек 2016 жылы сектор біршама дағдарып, өндірісі 1,5 миллионға дейін түскен. Ізінше, 2017 жылы қайтадан 1,7 миллион литрге дейін жоғарылап, енді 2 миллиондық межеге бет алды.   

Бұл нарық шетелдік инвесторлар үшін де тартымды болуда. 2018 жылдың қазанында еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) RG Brands сусындар мен азық-түлік тағамдарын өндіруші отандық компанияға 7 миллион доллар көлемінде арзан несие бөлді. Кәсіпорын бұл қаражатты 8 мыңнан аса заманауи тоңазытқыштар мен салқындатқыш арнайы сөрелер сатып алуға бағыттауда. Бұл оған электр қуатын тұтыну көлемін азайтуға және экологиялық таза "хладагент" (суытқыш зат) пайдалануға мүмкіндік береді.

Деректерге cүйенсек, RG Brands компаниясының барлық өнімі өткізуден түскен жалпы табысы өткен жылғы тоғыз айда 41,8 миллиард теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылдағыдан 8,4%-ға көп көрінеді. Соның ішінде шырын және басқа да алкогольсіз сусындарды сатудан түскен табысы 28,6 миллиард теңгеге жетті. Бұл барлық табыстың 68,4%-ына тең. Сондай-ақ алдыңғы жылмен салыстырғанда, 13,9%-ға артқан: 2017 жылы 25,1 миллиард теңге кіріс құйылыпты. 2015 жылы бұл көрсеткіші небары 18,3 миллиард болған екен. Содан бері тек жоғарылап келеді.

2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қазақстандық алкогольсіз сусын түрлерін өндірушілер өндіріс көлемін 6%-ға арттырып, ішкі нарықтың сұранысының 91,6%-ын өздері жапты.

Алайда осы өнім түрінің жалпы өндірісіндегі экспорттың үлесі 7,4%-дан 5,4%-ға дейін азайып кетті.

Нақтырақ айтсақ, 2018 жылдың қаңтар-қараша аралығында шетелге небары 99,3 мың литр судан жасалған сусын сатылған. Ал 2017 жылы оның көлемі 127,4 мың литр болған екен. Яғни, экспорттың литрдегі көлемі 22,1 пайызға құлдырады.

Әйткенмен, экспорттың өрісі кеңеюі де мүмкін. Қазақстандық алькогольсіз өнімдерді сатып алуға Қытай қызығушылық танытуда.

Өткен жылы Қазақстан 154,9 мың литр минералды және алкогольсіз сусынды жатжұрттардан тасып ішті. Бұл жерде импорт 32 пайызға ұлғайып отыр. Өйткені 2017 жылғы көрсеткіш 117,3 мың литрді құраған-тын.

Тұтастай алғанда, қазақстандықтар бөтелкеленген газды және газсыз сусындар ішуді 2017 жылғы 1 миллион 720 мың литрден былтыр 2 миллион литрге дейін арттырды.

Сарапшылардың айтуынша, бөтелкеленген немесе 5-тен 19 литрге дейінгі құтыларға құйылған H2O-ны ел тұрғындарының әрбір екіншісі ұдайы тұтынады. Қазақстанда кеңсе-мекемелердің 60 пайыздан астамы су кулерлерін тұрақты негізде пайдаланып, толтырып отырады. "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының зерттеуіне сәйкес, кулерлер сату және оларға қызмет көрсету – сервис секторындағы ең жылдам өсуші сала болып табылады.

Бұдан бөлек, кейінгі жылдары тек ірі қалаларда ғана емес, моноқалалар мен кенттердің өздерінде вендингтік машиналар, қарапайым тілмен айтқанда, кез келген құтыға тазартылған су құйып алуға мүмкіндік беретін автоматтар таралуда.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу