Қазақтың тағдыры қандай болса, жолдары да сондай

12848

Тақтайдай түзу пластик жолдардың елде ендірілуіне не кедергі?

Қазақтың тағдыры қандай болса, жолдары да сондай Фото: Максим Морозов

Жолдар сапасы жөніндегі жаһандық рейтингте Қазақстан 2020 жылы 141 мемлекеттің ішінде көш соңындағы 93-ші орын алды.

Сонымен бірге құрылыс сапасы өсе қоймағанымен, оның бағасы шарықтауда. Мысалы, 2000 жылдардың басында әр шақырымы 500 мың долларға түсетін. Бертінде, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы шеңберінде 1 және 6-дәліздерді қосатын "Ақтөбе–Мақат" бағытында жалпы ұзындығы 299 шақырымға жуық екі жолақты автомобиль жолының учаскесін реконструкциялауға 273 млн 65 мың доллар жұмсалды. Яғни, әр шақырымына 913 мың доллардан шығындалған (сол кездегі бағам бойынша шамамен 300 млн теңге). "Шымкент–Ташкент" трассасының әр шақырымы 3,7 млн долларға түсті.

Ал Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылын "Салтанат сарайы" сарайынан халықаралық әуежайға дейін кеңейтіп, 17,3 шақырым бойында 6–8 жолақты жол жасау үшін 91 млрд 699,7 млн теңге жұмсамақ болғаны есте. Биыл жоба уақытша тоқтатылды. Егер алда жүзеге асырылса, онда әр шақырымы 5,4 млрд теңгеге түспек.

Міне, қыс та келіп қалды. Бұл маусым артта қалғанда жақында қолданысқа берілген қаншама жаңа автожол қайта жаңғыртуды қажетсініп шыға келері сөзсіз. Бұл енді дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналған.

Әзірге биліктің бар білетіні – жүргізушілерді және кәсіпкерлерді жазалау. Сенаттың жалпы отырысында жоғарғы палата төрағасының жаңа орынбасары Нұрлан Әбдіров бастаған бір топ сенатор Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдап, "жол сапасын жақсарту үшін бақылауды күшейтуді ұсынды". Басқаша айтқанда, Премьерге жол қозғалысына қатысушыларға қысымды арттыра түсу керектігін ескертті.

Сенат депутаттары еліміздегі маңызды автожолдардың сапасына, сондай-ақ, осы саладағы өзекті проблемаларға Маминнің назарын аударды. Депутаттар жыл сайын жолдардың жөнделуі мен күтімі үшін қомақты қаражат шығындалатынын еске салуды ұмытпады. Бірақ мәселе ол жолдарды бүлдіретін ауыр көліктерде көрінеді.

"Қазіргі таңда автожол саласында ең жиі кездесетін мәселелердің бірі – жүк автомобильдерінің шамадан тыс жүк тасуы болып отыр. Бұл жаңадан салынған жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына алып келеді", – дейді олар.

Статистикаға жүгінсек, еліміздегі жолдардың 9,3%-ы ғана 10 тоннадан астам жүктемені қабылдай алады. Ал, жалпы пайдалануға берілген жолдардың 90,7%-ы жүк көліктерінің ең аз салмағына да төтеп бере алмайды екен. Ол аздай, сапасы жағынан қауіпті санатта тұр.

Заңға сәйкес, жалпы пайдаланымдағы автожолдар арқылы жүк көлігімен 25 тоннадан астам жүк тасымалдауға тыйым салынған. Алайда депутаттар келтірген ақпарат бойынша осы жолдармен 40 тоннаға дейін жүк тасымалдау толастамай тұр.

"Бұл проблемаға тосқауыл болатын бақылаушы органға баса мән беру қажет. Мысалы, елімізде 95 мың 600 шақырым болатын автомобиль жолы бар. Ал Көліктік бақылау инспекциясының жалпы штат саны 278 маманды құрайды, көліктік бақылау бекеттерінің саны – 53. Демек, бір Көліктік бақылау бекеті шамамен 2 мың шақырым автомобиль жолын назарда ұстау керек. Бұл, әрине, автомобиль жолдарын толыққанды бақылау үшін жеткіліксіз", – дейді сенаторлар.

Осыған байланысты депутаттар ауыр жүк тасымалдаушы көліктерді тексеру мен бақылауды күшейтуді және жүк тасымалдау фактілерін тексеру құқығын полицияға да беру мүмкіндігін қарастыруды сұрап отыр.

Егер сенаторлардың ұсынысы өтсе, рецессияда сұлап жатқан экономикаға жан кіргізу үшін күндіз-түні қыбыр-қыбыр еңбек еткен, тең-тең жүк тасыған жүк көліктерінің, сондай-ақ ауыл шаруашылығы ауыр техникасының жүргізушілері көлік инспекторларының қыспағы сыртында, бұдан былай полицейлерден де құқай көрмек.

Рас, біржақты кетті демесін деді ме, депутаттық сауал соңында сенаторлар облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, жөндеу жұмыстары кезінде заманауи инновациялық технологияларды кеңінен қолдануды талап етуді ұсынды. Әйтсе де мердігерлер "инновация енгіздік" деп жол құрылысын одан әрі қымбаттатып жібермесе болғаны.

Инновацияның бірі ретінде әлемде битум орнына пластик жабынғы пайдаланылады. Мамандардың айтуынша, мұндай жол да білікке түсетін 40 тонна жүктемеге шыдай алмайды. Дегенмен, ғалымдар оның беріктігін арттыру бағытында зерттелер жүргізуде. Мұндай технологиямен төселген жолдар -80 градус аязға және 20 жыл қалыпты пайдалануға шыдайтын көрінеді. Пластиктен жол жасауға көшуге Канада, Ұлыбритания, Еуропа және басқа да мемлекеттер қадам басты.

Осы бағытта біздің елімізде де жекелеген өнертапқыштар өз жобаларын жүзеге асыруға талпынып жүр. Былтыр жойылған, инновацияға жауапты болған Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік олардың бірқатарына тіпті қомақты, қайтарымсыз грант та берді. Салмақты нәтиже шықпады.

Өз бетінше компания құрып, осы іспен айналысуға талпынып жүрген кәсіпкерлер Дастан Қайратұлы мен Нілбек Маханбетовтың байламынша, бұған елімізде пластиктің орталықтандырылған түрде жиналмауы кедергі. Салдарынан, шикізат тапшы. Мысалы, Нидерландыда 30 метрлік жеңіл велосипед жолын салу үшін 218 мың пластик құты кетіпті.

"Біз пластик қалдықтарды өңдеп, одан түпкі өнім жасауға күш салудамыз. Әзірге пластиктен тротуарлық тақтайша, брусчатка, шатыр жабынғысы сияқты тауарларды жасаймыз. Яғни, қысқаша айтсақ, қазіргі кезде бетоннан істелетін құрылыс материалдарының біразын полимер мен құм аралас қоспадан жасауға болады. Бұл өнім сапасы мен сипаттамалары бойынша ұқсас бетон өнімдерінен он есе асып түседі. Мысалы, бетоннан жасалған тротуарлық плитка қыста төгілетін тұзды қоспаның, ауа райының ықпалымен екі-үш қысты ғана өткереді де, ары қарай үгітіліп, сынып, тез жарамсыз болады. Ал пластик баламасына өндірушілер 20 жыл кепілдік береді" – дейді Дастан Қайратұлы.

Осы компания тек бір айда ғана 30 тоннаға дейін полиэтилен қалдығын жеткізуге зәру. Ал жеткізушілер жоқтың қасы.

"Экология министрлігінің ресми мәліметі бойынша ең ірі мегаполисіміз – Алматы бір жылдық қалдығының небары 11%-ын сұрыптап, өңдеуге жіберген. Осыдан кейін өзге ұсақ қалалардан, ауылдардан не сұрауға болады? Егер тұрмыстық қалдықты жаппай сұрыптап, пластикті бөлек жинау жолға қойылса, бұл қоршаған ортаны қорғауға қуатты серпін берер еді. Оның үстіне Қазақстан осылай Елбасы айтқан "жасыл экономикаға" іс жүзінде көшеді", – дейді кәсіпкер.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу