Төртінші рет ұйымдастырылып отырған бүкіләлемдік біріншілікке төрт құрлықтың 25 мемлекетінен 70-тен астам спортшы келіп, бақ сынап жатыр. Атап айтқанда, АҚШ, Антигуа және Барбуда, Ауғанстан, Әзербайжан, Германия, Грузия, Колумбия, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Сирия, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария және Аустрия, Камерун, Польша, Украина елдерінің тоғызқұмалақшылары ІV әлем чемпионатының ашылу салтанатында сап түзеп, ортаға шықты. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, соңғы төрт елдің спортшылары төрткіл дүние сайысына тұңғыш рет қатысып отыр.
ІV әлем чемпионатының ашылу салтанатында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов пен Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов сөз сөйлеп, тоғызқұмалақшыларға сәттілік тіледі.
Қазақтың ұлттық зияткерлік ойынынан өтіп жатқан әлем чемпионатының ашылу салтанаты тек мемлекеттік және ағылшын тілдерінде жүргізілді. Бүкіләлемдік біріншілік ерлер және әйелдер арасында (бөлек-бөлек) классика, рапид, блиц сайыстары бойынша өтеді. Сонымен қатар, биылғы әлем чемпионатында алғаш рет командалық (жұптық) сында әлем чемпиондары анықталады. Оған әр мемлекеттен 1 ер және 1 әйел адам қатысады.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты 2010 жылы Астанада өткен. Екінші әлем біріншілігі 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында жалауын желбіреткен. Ал үшіншісі 2015 жылы Алматыда ұйымдастырылған болатын. ІV әлем чемпионаты "IBIS" қонақ үйінде, EXPO-2017 аясында өткізіліп отыр. 8 қыркүйекке дейін созылады.
Жалпы, тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының мақсаты – қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын әлемдік деңгейде насихаттау, оның бұқаралық сипатын арттыру және осы спорт түріндегі ең үздік спортшыларды анықтау.
Маруан Түсіп