Қазақстан U-21 құрамасы 2021 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу додасын сәтті бастап, үш ұпай олжалады. Бірінші ойынды Тофтирде жергілікті Фарер аралдары жастарымен өткізіп, 1:3 есебімен басым түсті. Әрі деңгейлерінің жоғарылау екендігін паш етті. Бірақ жіберген қателіктері де жоқ емес.
Ойын басталған бетте Қазақ елі жастары есеп ашып, алаң иелерін сең соққандай күйге түсірді. Еркебұлан Сейдахмет оң қапталда "аралдықтардың" екі бірдей ойыншысын бір қимылымен-ақ сан соқтырып кетті. Әрі допты көлбеулете қақпа алдына қарай асырды. Әуелеп келген допты Акмаль Бахтияров қақпаның оң бұрышына тура бағыттады. Гол!
Осылай, Александр Москаленко, Қайрат Нұрдәулетов және Александр Кузнецов жаттықтыратын жастарымыз матчтың 2-минутында-ақ Қазақ елін желпіндіріп, қуанышқа кенелтті. Алайда бұдан кейін есепті еселей түсудің сәті бірден түсе қоймады. Алаң иелері де қарап қалған жоқ. Әйтсе де, бірінші тайм 0:1 есебімен аяқталды.
Екінші таймда да Қазақстан жастарының шабуылдары қауіптілеу болды. Бірақ біздің жігіттер гол соға алмай, қара терге түсті. Содан бапкерлер екі бірдей ойыншымызды алмастырып, тың күш қосқан. Сол екеуінің ішінде Дмитрий Бачектің бағы жанып, алаңға шыға салысымен, допқа аяғы тиген бетте гол соғып, бапкерлерін ырза қылды.
Екінші допты салған соң, біздің футболшылар арқаны кеңге сала бастады. Әрі оның сазайын тартты да. Оң қапталдағы қорғаушы міндетін атқарған Геворг Наджарян алаң иелерінің жартылай қорғаушысынан көз жазып қалды. Жолына бөгеу бола алмады. Радосавлевич абдырып қалған, қақпашымызды да сан соқтырып кетті.
Бұл гол алаң иелерін жігерлендіріп, намыстарын жана түскендей болды. Олар тайлы-таяғымен алға қарай лап қойып, шабуылды үдетті. Әрі батылырақ қимылдап, біздің құраманы тықсыра түсті. 21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының бапкерлері қандай да бір әрекет қолданбаса, жеңістен айырылып қалулары мүмкін екендігін түсінді.
Содан олар тағы да екі ойыншымызды алмастырды. Бұлардың ішінде тағы біреуінің жұлдызы жанды. Нақтырақ айтқанда, Владислав Прокопенко алаң иелері алға қарай ентелеп жүріп, қорғаныстарын ұмытқан сәтте біздің құраманың қарсы шабуылын мүлтіксіз аяқтады. Ол аралдықтардың алға шығып кеткен қақпашысы мен сасқалақтағн қорғаушыларын алыстан тепкен соққысымен қапы қалдырды.
Сөйтіп, Қазақстан U-21 құрамасы түзде жеңіске жетті. Бұл жерде бапкерлеріміздің ойыншыларымызды дер кезінде, сәтімен алмастыра қойып, тактикалық тұрғыда сауаттылық танытқандарын айта кеткеніміз дұрыс. Жастар құрамасы сапындағы таланттарымыздың өз клубтарында алаңға жиі шықпайтындары көп. Сондықтан 90 минут бойы жоғары қарқында ойнау мүмкін емес. Бұл да ескерусіз қалған жоқ.
Фарер аралдары U-21 – Қазақстан U-21 – 1:3
Голдар: Бахтияров, 2 (0:1). Бачек, 68 (0:2). Радосавлевич, 85 (1:2). Прокопенко, 90+4 (1:3).
Ескертулер: М.Якобсен, 18 – Сейдахмет, 36.
Фарер аралдары U-21: Эйдстейнссон, Никласен (Йохансен, 69), Хенриксен, Б.Петерсен (к), Ольсен, М.Якобсен (Радосавлевич, 77), Я.Самуэльсен (Х.Самуэльсен, 87), Андреасен, П.Петерсен, Юстинуссен, Миккельсен (Гиссинг, 77).
Қазақстан U-21: Сейсен (к), Тұрсынбай, Әліп, Орынбасар, Наджарян, Сағынаев, Адахаджиев (Кан, 82), Пайруз (Прокопенко, 87), Бахтияров (Бачек, 67), Сейдахмет (Скворцов, 87), Өміртаев (Кәрімов, 66).
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 15 – 15
Тура соққы: 7 – 6
Қиыс кеткені: 6 – 6
Тойтарылғаны: 2 – 3
Бұрыштама соққылар: 3 – 3
Офсайдтар: 0 – 2
Ескерту (сары қағаз): 1 – 1
Ереже бұзу: 10 – 7
Маруан Түсіп