Қазақтың жас таланттары "Қаратаудың" қырандарын сан соқтырды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2718

Еліміздің жастар арасындағы құрамасы Подгорицада Црна Гора жастарын тақырға отырғызып кетті.

Қазақтың жас таланттары "Қаратаудың" қырандарын сан соқтырды Фото: kff.kz

Қазақстан U-21 құрамасы 2021 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу додасы аясында екінші рет жеңіске жеткізді. Түзде екі ойын өткізіп, екеуінде де басым түсті. Осыдан алты күн бұрын Тофтирде жергілікті Фарер аралдары жастарымен 3:1 есебімен тізе бүктірсе, бүгін түнде Црна Гора таланттарын 2:1 есебімен сан соқтырып кетті.

Подгорицадағы ойын Қазақстан жастары үшін аса сәтті басталмады. Матчтың 3-ші минутында алаң иелері айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болып, есеп ашты. Сол қанаттан әуелеп келген допқа орталық қорғаушымыз Сағадат Тұрсынбай да секірген. Қарбалас сәтте доп оның басына тиіп, қақпа ішінен бір-ақ шықты. Гол!

Бұдан кейін Қазақстан U-21 құрамасы өте мұқият ойнады. Ойыншыларымыз қателескен жоқ. Алаң иелерінің шабуылдарын тізе қоса тойтарып, өздері қапысын тауып, қарсы шабуыл ұйымдастырып отыруға тырысты. Бірінші тайм осылай аяқталды. Есеп өзгерген жоқ. Ал біздің жігіттердің өздеріне деген сенімділіктері арта түсті.

Екінші таймда Александр Москаленко, Қайрат Нұрдәулетов және Александр Кузнецов жаттықтыратын жастарымыз сауатты ойын үлгісін көрсетті. Қорғаныста ғана емес, шабуылда да жанкештілік танытты. Әрі бұл матчта да Қазақстан U-21 құрамасының бапкерлері ойынға дер кезінде тың күш қосып, қырағылықтарымен тәнті қылды.

Әуелі Еркебұлан Сейдахмет таразы басын теңестірді. Доп ойынға бұрыштан  қосылған болатын. Әуелеп келген допты Нұралы Әліп ышқына секіріп, басымен қақпаның оң жақтағы бағанасына қарай сілкіп тастады. Дәл сол жерге бәрінен бұрын жеткен Еркош тез қимылдап, допты басымен қақпа маңдайшасының астына "сүңгітті". Гол!

Бұдан кейін алаң иелерінен маза кетті. Олар таразы басын қайтадан өздеріне қарай аударуға асықты. Бірақ оған біздің жас таланттарымыз көне қойсын ба? Жоқ, әрине. Црна Гора U-21 құрамасының әрбір шабуылы сәтсіз аяқталған сайын, олар асып-сасып, асыға бастады. Уақыт болса, тоқтамай өтіп жатыр. Алаң жиегіндегі бапкерлері байыз тауып отыра алмай, айқайға басып жатыр.

Міне, осы сәтті біздің футболшылар ұтымды пайдалана білді. Қарсы шабуыл ұйымдастырып отыруға тырысты. Матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар басталғанда, алаң иелерін сең соққандай күйге түсірді. Дмитрий Бачек сол қанаттан допты қақпа алдына асырды. Ал Рамазан Кәрімов оны басымен қақпа маңдайшасының астына "қадады". Гол!

Сөйтіп, Қазақстан U-21 құрамасы түзде екінші рет жеңіске жетті. Енді 2021 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу додасы үш айдан кейін жалғасады. Яғни біздің жас таланттарымыз сонау қоңыр күзге дейін 6-шы іріктеу тобында көш бастайды. Келесі ойынын 6 қыркүйек күні, өз жерімізде Испания жастарымен өткізеді.  

Црна Гора U-21 – Қазақстан U-21 – 1:2

Голдар: Тұрсынбай, 3-автогол (1:0). Сейдахмет, 62 (1:1). Кәрімов, 90+4 (1:2).

Ескертулер: Вучичевич, 57 – Әліп, 56. Прокопенко, 88.
Црна Гора U-21: Царевич, Рашо (Мердович, 37), Дринчич, Баранович, Вучичевич, Вукотич, Маркович, Скендерович (Секулич, 74), Крнич (Стиепович, 62), Кордич (Миличкович, 46), Н.Крстович.

Қазақстан U-21: Сейсен (к), Тұрсынбай, Әліп, Орынбасар, Наджарян, Сағынаев, Адахаджиев, Пайруз, Бахтияров (Бачек, 60), Сейдахмет (Прокопенко, 85), Өміртаев (Кәрімов, 60).

Төрешілер: Круашвили, Варамишвили, Эликашвили (бәрі де – Грузия).
Подгорица. "Градски". 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 12 – 8
Тура соққы: 3 – 4
Қиыс кеткені: 8 – 1
Тойтарылғаны: 1 – 3
Бұрыштама соққылар: 6 – 5
Офсайдтар: 4 – 1

Ескерту (сары қағаз): 1 – 2

Ереже бұзу: 7 – 10

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу