Қазақтың жасанды интеллектісі неге Әзербайжан мен Тәжікстаннан қалып барады

5448

Жаһандық Oxford Insights жүргізген зерттеуі жарияланды.

Қазақтың жасанды интеллектісі неге Әзербайжан мен Тәжікстаннан қалып барады Фото: canva.com

Зерттеу көрсеткендей, Қазақстан, оның ішінде ел Үкіметі жасанды интеллектіні енгізуге дайын емес. 2023 жылға арналған Жасанды интеллектке дайындықтың жаһандық индексіне сәйкес, Қазақстан әлемдегі 193 елдің арасында 72-орынға жайғасқан.

Бұған не себеп? Жалпы алғанда еліміздің "цифрлық әлеуеті" жоғары 100 балдық шкаладан 75,68-ін алды. Деректердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігі де зор – 74,95 балл.

Бірақ әрі қарайғы көрсеткіштері тек құлдырай береді. Жасанды интеллект жұмыс істей алатын орта, инфрақұрылым тым нашар, 66,13 балдан көп емес.

Қазақстанда "Жасанды интеллектіні басқару және оны қолданудағы әдеп-этика" төмен, небәрі – 54,31 балл. Жасанды интеллектіні Қазақстанға бейімдеу көрсеткіші – 64,26 балл.

Салада маман тапшы, салдарынан еліміздегі тиісті адами капитал көрсеткіші небәрі – 38,9 балл ғана. Инновациялық әлеует құрдым шыңыраудың шетінде тұр – 37,80 балл.

Отандық жасанды интеллектінің кемелдігі жоққа тән, бар-жоғы – 16,73 балл.

Сорақысы сол, халықаралық сарапшылар Үкіметтің "Жасанды интеллекті болашағын түсінуін және стратегиясын" 0 (!) балға бағалады. "Түсінігі де, стратегиясы да жоқ" деген сөз. 

"Бұл салада деректердің қолжетімділігі, цифрлық әлеует және құқықтық базаның цифрлық бизнес-модельдерге бейімделуі – Қазақстанның күшті жақтары болып табылады. Сонымен қатар нарығымызда ірі жеке технологиялық компаниялардың болмауы, венчурлық капиталдың қолжетімсіздігі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың жеткіліксіздігі – әлсіз жақтары болып табылады. Елімізде жасанды интеллекті технологиялары туралы хабардарлық та төмен деңгейде. Халық негізінен бұл технологиялардың қалай жұмыс істейтінін және оларды әртүрлі салаларда қалай қолдануға болатынын білмейді", – деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігі.

Бұған республикада жасанды интеллектіге қатысты ғылыми технологиялық әзірлемелерге, инновациялық өнімдерге сұраныстың аздығы да ықпал етуде. Салдарынан, қазақстандық компаниялар инновацияларға инвестиция салуға және жасанды интеллект технологияларын пайдалануға дайын емес.

Мысалы, inbusiness.kz Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Жасанды интеллект ҒЗИ-інің ғалымдары ChatGPT-дің қазақ тіліндегі аналогын жасағанын өткен аптада хабарлады. Былтыр қазақстандық оқушының да ChatGPT баламасын жасап шыққаны айтылды. 2024 жылғы 1 ақпанда өткен Digital Almaty форумы барысында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Назарбаев университеті де жасанды интеллекті жасап жатқанын мәлім етті.

"Жасанды интеллектті енгізу бойынша жұмыс басталды. Қазақ тілінде сөйлейтін GPT чаттың қазақстандық аналогын жасау бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде Назарбаев университетімен дәл осы қазақстандық әзірлеме базасында GPT чат баламасын жасау үшін жұмыс басталды. Бұл өзге әзірлемелерді пайдалану не қайталау емес. Біз қазақстандық жасанды интеллекттің  өзіндік цифрлық шешімін даярлауды мақсат етіп отырмыз", – деді цифрлық даму министрі.

Алайда таяу уақытта осы және басқа да әзірлемелердің өмірде кең қолданылуы неғайбыл. Себебі, салмақты қаржыландыру да, қажетті инфрақұрылым да жоқ.

Қазақстандық IT-маман Абзал Баймурзиннің пікірінше, жасанды интеллектіні, GPT чаттың қазақстандық баламасын жасап шығу қиын емес.

"Қателеспесем, қазірдің өзінде елуге жуық нұсқасы жасалуда. Тіпті Тәжікстанның өзі "Somoni GPT" аталған жасанды интеллекті бар тұңғыш ұлттық чатын іске қосып жатыр. Былтырғы қарашада, Мәскеуде өткен ТМД медиафорумында оны осы елдің Сыртқы істер министрінің басқарма бастығының орынбасары Зарина Исмоилзода таныстырды. Тамаша мүмкіндіктерге ие тәжік жасанды интеллектіcінің әлемдегі тұңғыш инновациялық моделі деп дәріптеді. Қарадық. Әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ. Мәтінді генерациялайды, 20 шақты тілден аударып, тәжік тілінде жауап құра алады. Тәжік тілін білмейтіндіктен, жауабы қаншалықты толымды, сауатты екенін, үлкен деректерді қаншалықты дұрыс талдай алатынын түсіне алмадық", – деді Абзал.

Ол қазақстандық жасанды интеллектіні әзірлеушілер де сол жолмен кетіп бара жатқанына назар аудартты. Берілген грантын, бюджет қаржысын тез игеру, өзге бақталасының алдын алу үшін жанталасып, бірнеше айда құрастырып шығады. Шынында, жасанды интеллекті бала сияқты оқытып, үйретуге, тәрбиелеуге ұзақ жылдар кетеді және ірі инвестицияны талап етеді.

Оның айтуынша, жасанды интеллекті – еріккеннің ермегі емес. Ұлттық баламасы жасалса, ол толығымен қазақстандық жағдайға бейімделуі керек. Оған үлкен ауқымдағы деректер жүктелуі шарт.

"Жасанды интеллекті қолданылатын ең бір перспективті бағыт – әскери сала. Ұлттық жасанды интеллекті одақтастардың, НАТО-ның, бөтеннің әскери стратегиясына негізделмеуі керек. Олар Қазақстанға жарамайды, біздің ұлттық жасанды интеллекті әскери тактика мен стратегияны түзгенде, өз қолымызда қанша қару-жарақ, әскери техника барын, Қазақстан территориясының географиясын, әр өңірдің жер бедерін, ұрыс пен бекініске қолайлы жерлерін, тіпті сардарлар мен сарбаздарымыздың менталитетін, білім-білік деңгейін және өзге факторларды білуі, сол үлкен деректерді өңдеуі керек. Басқаша айтқанда, жасанды интеллекті мемлекеттік құпиямен жұмыс істейді. Ол қолда бар ұрыс техникасы мен адами ресурсты қайтсе, ұтымды қолданып, жауды жеңуге болатынын болжайды. Сондықтан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ұлттық жасанды интеллект жасалуы қажет. Азаматтық салаға келсек, Үкімет Smart Data Ukimet аясында жасанды интеллектінің eGov-қа енгізіліп жатқанын біраз жылдан айтып келеді. Алайда eGov-та қарапайым іздеу жүйесі дұрыс жұмыс істемейді", – деді Абзал Баймурзин.

Ол Aleumet әлеуметтік қызметтердің мемлекеттік порталын мысалға келтірді. Онда мүгедектігі бар және арнайы күтімге зәру қазақстандықтар өзіне керекті тауар-қызметтерді жеткізушілерді таңдайды, санаторлық-курорттық емдеуге жолдама алады, жеке көмекшісін бекіте алады. Бірақ мүмкіндігі шектеулі түгіл, сау адамның өзіне тиісті ақпаратты табу қиын.

Қорыта айтқанда, жасанды интеллекті – адамнан да жақсы ойлап, адамнан жылдам қимылдай алуға, осы арқылы адамзатқа қызмет етіп, оның өмірін барынша жеңілдетуге тиіс құрал. Қазақстандық шенеуніктер мен ғалымдар көбіне, отандық жасанды интеллектінің бет-жүзді танып, не мәтін құрастырып, сөйлемдерді аударып, интернеттен ақпаратты тауып бергеніне мәз.

Салдарынан, республика осы перспективті бағыттың дамуының төменгі сатысын қанағат тұтады. Дамыған әлем көп алға озып кетті.

Мысалы, дамыған елдер түгіл, посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерден арттап қала бастаған ауыл шаруашылығын жасанды интеллект басқара алар еді. Әйтпесе, Ауыл шаруашылығы министрлігі аграршылардың субсидияға, техникаға, ресурстарға қажеттілігін нақты білмейді. Содан жоспарын, бағдарламаларын жылда жаңартады. Жаңа келген басшылар ізашарының қателігін қайталап, жауапкершілігін арқалаудан қашып, бәрін басынан, қайтадан бастайды.

Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллекті өндірістерді автоматтандыруда, биліктегі шешімдер қабылдауды жақсартуда, сол үшін қажетті ақпаратты жинауда, талдауда және өңдеуде, бұл істерге адами фактордың теріс ықпалына, соның ішінде жолай жемқорлық, кландық, тамыр-таныстық және басқа пиғылдардың араласуына жол бермеуде маңызды рөл атқара алады. Осы арқылы тиімділікті, өнімділікті арттыруға үлес қосады.

Бұл ретте Қазақстанның Әзербайжаннан кейін қалып қойғаны байқалады. "4SIM төртінші өнеркәсіптік революцияны үйлестіру және талдау орталығының" атқарушы директоры Фариз Джафаровтың айтуынша, бұл елде жасанды интеллект көптеген салада ендірілген.

"Әзербайжанда жеке деректерін, қан талдауларын, жетістіктерін өңдеу нәтижесінде болашақ чемпиондарды табуға да жасанды интеллекті жәрдемдеседі. Осы мақсатта бізде жасанды интеллекті футбол, күрес, дзюдо, өзге де спорт түрлері бойынша енгізілді. Жалпы алғанда, жасанды интеллекті ауыл шаруашылығында кең пайдаланылады, айталық, егісте жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы дрондарын, техниканы басқарады. Электронды Үкімет порталында жақсы енгізілуде. SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы, басқа өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ұйымдар әртүрлі жобаларды жүзеге асырғанда, бұрғылау жұмыстарында, геологиялық барлауда жасанды интеллекті және роботтарды қолданады. Бізде кедендік өткізу бекеттерінде жүктер мен тауарларды арнайы компьютерлер мен камералар арқылы жасанды интеллекті сканерлеп, мұқият зерделейді", – деді Фариз Джафаров.

Жасанды интеллекті "Әзербайжан тілін дамыту корпусына" енгізілгенін әңгімеледі. Яғни, тілді дамытуда да осы технология кең қолданылады екен. Жетілдіру арқасында бүгінде әзербайжандық жасанды интеллект әзербайжанша сөйлеген адамды дауысынан тани алады, лайықты жауап табады. Әзербайжанда, Call-орталықтарда адамдардың сұрақтары мен хаттарына генеративті ЖЗ жауап қатады. Оның сауаттылығы сонша, азаматтар оны тірі адамнан айыра алмайтын көрінеді.

Әзербайжан осы бағытта дамыған елдердің IV өнеркәсіптік революция орталықтарымен бірлескен ынтымақтастықты жолға қойды, әлемдік үздік үлгілерді жылдам енгізуге күш салуда.

Жасанды интеллекті негізінде тиімді шешім қабылдаудың маңыздылығын ескере отырып, таяуда Әзербайжанның Орталық банкі Цифрлық даму және көлік министрлігімен арнайы меморандумға қол қойып, Жасанды интеллект альянсын құрды. Альянс ел экономикасының әр саласына жасанды зердені енгізетін ілкімді жобаларды, бастамалар мен идеяларды қолдап, қаржыландырады. Жасанды интеллекті қаржы нарықтарында дамытатын бірлескен жобаларды іске асырады. Жас ұрпақ жасанды интеллекті меңгеруі үшін оларда тиісті машық-дағдыны қалыптастыру іс-шараларын, жасанды интеллекті инфрақұрылымын, технологиялары мен экожүйесін құру ісін ұйымдастырады.

Биыл қайта сайланған Президент Илхам Әлиев Әзербайжанды жасанды интеллект саласындағы өңірлік лидерге айналдыру міндетін қойды. Оның аясында елге жасанды интеллектіге негізделген инновацияларды ілгерілететін жаһандық стартаптар мен компаниялар тартылады. Осылайша, Каспийдің ар жағындағы әзербайжан ағайын бұл бағытта алшаң басып, жоғары қарқынмен алға қарыштап барады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу