ХХ ғасыр басында қазақ ұлттық элитасы Алаш-Қазақ елін таяу келешекте Батыс Еуропа өркениетін қуып жеткен, аграрлық-өнеркәсіптік, ұлттық-демократиялық парламенттік мемлекет ретінде құруды көздеді. 1910 жылы "Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстардың формалары" атты жинағымен шыққан "Қазақтар" (түпнұсқада "Қырғыздар") атты тарихи очеркінде Әлихан Бөкейхан атап көрсеткендей, өздерін "батысшылдармыз" деп санайтын Алаш элитасы "қазақ даласына саналы түрде және кең мағындағы батыс мәдениетінің орнағанын көргісі келді".
Алаш элитасы мәдениет саласында Батыс Еуропа деңгейіне ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында Жапония салған сүрлеу жолмен жетуді ойластырып, жапон тәжірибесіне зер салып қарағанға ұқсайды. Ұлттық экономиканың келешегіне келгенде, Әлихан Бөкейхан экономиканың ауыр өнеркәсібі саласын дамытуда Германияны, ауыл-шаруашылығын өркендету ісінде Англия, Швейцария, Дания сынды Батыс елдерімен қатар, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ пен Аустралияның тәжірибелерін үлгі-өнеге етіп ұсынды.
Мысалға, 1924 жылы "Қосшы" газетіндегі "Тозған егістікке жоңырышқа салсаң, бидай жақсы өседі" атты мақаласында Қыр баласы (Әлихан): "Мал бақ, егін сал, әдіс қыл, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке, білімге жалын. Еңбекке, білімге жалынған еуропалықтар – міне бес жүз жыл болады – жұт, аштық жоқ. "Жаңбыр жоқ болды, егін шықпады, қар қалың болды, мұз жауды" деп ел боспайды; мал бақса, егін салса – тізгіні өзінде, "құдай" демейді. Егінде де, малда да құдайдың жұмысы жоқ. Егінді алам, малды жұтқа, топалаңға, қасқырға бермеймін деп білімге жалынып еуропалық еңбек қылады. Түзу мылтықты мергендей, қыран бүркітті аңшыдай қанжығасы қандалады, ауызы майланады. Қазақ кедейі, сен қашан осы жолға түсе аласың?" – деп жазды.
Әлихан "қазақ жұрты мал бағуға жалпы шебер", "мал бағуға жұрт шебер болған соң, осы малды қазақ айналдырғаны жөн" деп есептеді. Оның кәміл сенімінше, күні кешегі көшпелі халқының дәстүрлі мал және егін шаруашылығы негізінде – бірінші кезекте – ұлттық экономиканың ауыл шаруашылығы саласын дамытып, Алаш елі жетекші әрі қуатты агроөнеркәсіптік мемлекетке айналуға тиіс.
Төрт түрік малын асылдандыру, дәнді дақылдардың, жеміс-жидектің, көкөніс, бақша өсімдіктері мен жем-шөптің тұқымдарын іріктеу мен жетілдіру, ауылшаруашылық техникасы мен ауылшаруашылық өнімдерін өңдеудің ең озық үлгілерін қолдану арқылы Қазақстан дүние жүзіндегі жетекші әрі нарықтық еркін бәсекелестікке қабылеті зор аграрлық мемлекетке айнала алатын барлық мүмкіндігі мен алғышарттары – кең-байтақ жері, табиғаты, ауа райы, теңдессіз жайылым-жайлауы, суы, ғасырлардан бері төрт түлік малын бағып-қаққан теңдессіз тәжірибесі бар еді.
Атап айтқанда, Әлиханның 1915-1916 жылдары "Қазақ" газетінде жарияланған мақалаларына назар аударсақ, І дүниежүзілік соғыс кезінде Ресей империясында мың адамға 312 ірі қара мал, Еуропада орташа есеппен 62, оның ішінде Англияда – 263, Германияда – 327, Данияда – 758 ірі қара малдан келсе, қазақта 1 мың адамға 1750 сиырдан келген екен. Бұл жалпы Ресейдегі әрбір мың адамға келетін сиырдан 5,5 есе, Ресейдің Еуропалық бөлігіндегі 1 мың орысқа келетін сиырдан - 28 есе артық болған (!).
Алайда, Қыр баласы қазақтың төрт түлік малын асылдандыруы керектігіне ерекше назар аударды. Өйткені, оның мәліметіне қарағанда, І дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1915 жылы қазақ сиырының еті 10 пұт 21 қадақ тартқан болса, Германияда неміс сиырының еті 2 есе артық - 17-18 пұтқа тартқан. Бұл, Әлиханның пікірінше, қазақ пен неміс мәдениеттерінің деңгейін көрсетеді, қазақтың көп жерде отырып мал да асырай алмады дегенге мысал дейді.
Осы мәліметтерді тізіп келтіре келе Қыр баласы: "Енді заман өзгерді. Базарда [нарықта] бағаланғаны пұл болады. Қазына басы көпке байлаулы емес, базарда ақша болатынға байлаулы. Енді жарыстан қалмайын десең, мал сүйегін асылда", – деген үзілді-кесілді тұжырымға келеді.
Өз еңбектерінде Әлихан халқын мал асырап, егін егумен шұғылдануға бос қызыл сөзбен ғана үгіттеп қоймай, мал-егін шаруашылықтарын дамытудың анық жолдарын, ең үздік амал-тәсілдерін көрсетіп, оған нақты мысалдар келтіреді. Ауыл-шаруашылық саласын өркендетудің бірден-бір жолы ретінде Алаш көсемі халқын кооперативке бірігуді ұсынып, оған Данияны мысалға келтіреді.
1924 жылы "Ақ жол" газетінде жарияланған "Үлгі алыңдар! Данияда кәператип және ел шаруасы" атты мақаласында Қыр баласы дат елін "күнбатыс Еуропада жалпы жұрты хат білетін алдыңғы елдің бірі" деп сипаттайды.
Данияны алуының бар сыры: бұл халық та егін салумен, мал бағумен күнелтіп келіпті. Сол уақыттан елу жыл бұрын ғана дат халқы Ресей мұжығындай егінші болған. Бірақ, астық арзандаған соң дат жұрты диханшылықты шектеп, мал асырауға көшеді. Келесі 29 жылдың ішінде астық еккен дат жұртының жартысы кемиді. Оның орнына малдың жем-шөбі егілген егістікті кеңейтіп, бүкіл Дания жерінің 1/3 артық алқапты алады.
Нәтижесінде 1879 жылдан 1900 жылға дейінгі 21 жылда ірі қара малдың саны еселеп өсіп, 49 мың 83 шаршы шақырым жері мен 2,5 миллион халқы бар Данияда сиырдың саны 1 миллион 700 мыңға жетеді немесе әрбір үй басына 2 сиырдан келетін болады. "Бұ сықылды сиырға бай ел Азия, Еуропада жоқ", – деп атап көрсетті Қыр баласы.
Мал көбейген соң тозған егістікті тыңайтатын мүмкіндік те көбейеді. Шаруашылығы нығайған соң дат халқы фосфор, азот, калий, кальцийі бар химиялық тыңайтқыштарды сатып алып, тозған егістікті тыңайтуды қолға алады. Нәтижесінде 1879 жылдан 1900-інші жылға дейінгі 21 жыл ішінде бұрынғы 100 пұт бидайдың орнына 129 пұт, 118 пұт жоңышқа, 117 пұт сұлы, 191 пұт картоп жинайтын болады.
Қыр баласы – Ел ағасының есебі бойынша, Данияда артық өнген бидай, сұлы, жоңышқа, өзге егіннің бір жылғы бағасы 90 миллион сом болып, үй басы 100 сомнан табыс түсірген.
Данияда жер аз, адам көп болады, әр үйдің иеленген жері 1 десетинеге де жетпейді, деп тізіп келтірген Әлиханның 1915 жылғы есебіне қарағанда, Ресей империясының езгісінде отырған қазақ халқының меншігінде әлі де 240 млн десетина жер қалған, яғни қазақтың әрбір шаңырағына 240 десетинедей жер келген. Бұл жер Дания халқының әрбір шаңырағының үлесіне тиетін алақандай жерді былай қойғанда, Ресей мұжығының сыбағасынан 16 есе көп.
Ал 240 млн десетина – осы күні жер көлемі жағынан дүние жүзінде 9 орын алатын Тәуелсіз Қазақстан территориясының негізі.
Қазақ қойының тұқымдары мен қой шаруашылығы, қазақ сиырының тұқымдары мен ірі қара мал шаруашылығы туралы 1904-1905 жылдары 2 бірдей монография жазған Әлиханның мәлімдеуінше, қойға қазақтың кең байтақ даласынан артық жайылым дүние жүзінде жоқ. "Жеріміз 16 есе артық, сиырымыз 28 есе артық! – деп жазды тағы бір мақаласында Алты Алаш көсемі, – Қазақтың жері – мал кіндігі. Қазақтың қойының етіндей, профессор Кулешов жазғанына қарасақ, жер үстінде ет жоқ. Жер үстіндегі адам баласы өсіп, бар жарамды жер егін болып жыртылып, 20 ғасырда ет жылдан-жылға қымбаттады.
Америка, Колорода штатында, бидай салып отырған жерді суарып, жоңышқа егіп, ет қымбат болғандықтан, мал жайлауына, мал бағатын өріске айналдырды. Мұнда бір десятина жерге 50 қой асырайды. Аустралия қойының еті 4 ай кеме қоймасында жатып, мұхит жүзіп Лондонда, Англияда сатылады".
Дегенмен де, 1917 жылғы төңкерістен кейін, Қазақстанға Кеңес өкіметі орнамай тұрып, қазақтың мал шаруашылығының ахуалы - тіпті Кеңес дәуірі мен Тәуелсіздік жылдарындағы халден әлдеқайда жақсы болғанын көру қиын емес. Мысалға, Кеңестік Қазақстанның экономикасы мейлінше дамыған кезеңінде 17 миллион халқы бар республикада 36 миллионға жетер-жетпес қой басы болғаны мәлім. І дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1915 жылы жалпы саны 6,5 млн болған қазақтың дәл сондай 36 млн қойы болыпты. Яғни әрбір шаңыраққа орта есеппен 26 бас қойдан келген.
Алайда, Әлиханның экономикалық есебі бойынша, әрбір қазақ шаңырағы өз өлкесінің табиғи, ауа райы ерекшеліктеріне қарай қой басын 26-дан 78-ке дейін немесе орта есеппен 52-ге дейін, ал ірі қараның басын 2-ден 10-ға немесе орта есеппен 5-ке дейін көбейтуге өз үлесіне тиетін 240 десетине жер жетіп артылады, яғни қойдың басын 36 миллионнан 2-3 есеге арттыруға болады.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға келсек, халық саны 17 миллионға жетсе де, қой басы 20 миллионға әзер жетеді. Егер Кеңес дәуірінде Қазақстан жыл сайын 300 мың тонна сиыр етін экспортқа шығарған болса, Тәуелсіз Қазақстан экспортқа шығарылатын сиыр етін жылына 60 мың тоннаға жеткізуді тек 2016 жылға қарай жоспарлап отыр. Ал оған да жете қоюы екіталай екені баршамызға мәлім.
Ал Қыр баласы – Әлихан Бөкейханның осыдан 90 жыл бұрын – 1924 жылы жазған "Үлгі алыңдар! Данияда кәператип және ел шаруасы" атты мақаласына қарағанда, "жалпы елдің білімі молдығынан, кәператипке сүйеніп істегендігінен байлық Дания еліне күйедей жаққан".
Автордың мәліметі бойынша, 1899 жылы Данияда 1 мың 273 кооператив болған, 1 кооперативке 500 бұзаулы сиыр келген. Бұл кооперативтердің сарымай, ірімшік шығаратын 4-тен 20 мың сомға дейін тұрарлық өндірістік құрал-жабдықтары болған. "Кооператив болмаса, мұндай зор іс 2-3 сиырлы шаруа қолынан келе ме?" – деп мақала авторы сұрақ қояды да, оқырмандарын кооперативке бірігуге шақырып: "Көп түкірсе – көл болады!" – деп түйіндейді.
Қыр баласының келесі бір мәліметтеріне қарағанда, 1898 жылы кооперативке кірген 148 мың үй бар болса, олардың 742 мың сауатын сиыры бар екен. Әрі қарай мақала авторы мынадай экономикалық есебін береді: "Бір сиырдың бір жылғы сүті 139 пұт, 26,5 пұт сүттен 1 пұт сарымай өндірілген. Сөйтіп кооперативтің бір жылғы алған сарымайы 4 миллион 600 мың пұт болған. Осы майдың 4,5 миллионын Дания ағылшындарға сатады. 1899-ыншы жылы Дания [сары]май сатып, Англиядан 79 миллион сом алған. Үй басына 190 сомнан келеді екен. Мал бағып, кәператип ашып, [сары]май сатып алған ақша бір үйге 190 сомнан келсе, бұл аз кіріс емес".
Әлихан 1884 жылға дейін, яғни 40 жыл бұрын ғана, Данияның қазақтар секілді малын тірідей базарға сатып келгенін мысалға келтіреді. 1900 жылға қарай мал соятын 29 кооперативі болса, 1899 жылы олар 17 миллион сомға ет сатқан. Осы ет сататын кооперативке 96 мың үй кірген. Бір үйге ет сатқаннан кірген ақша 304 сомды құрапты. Бұл кооператив мүшелерінің бір жылғы тапқан таза табысы болып шығыпты.
Төрт түлік малмен қарама-қатар Қыр баласы – Әлихан қазаққа құс шаруашылығымен шұғылданудың да аса тиімді екенін жан-жақты сипаттап береді. "Сарымай мен еттен басқа мал бағып, құс асыраған Дания елі, – деп жазады Қыр баласы мақаласында, – бөтен жұртқа жұмыртқа сатады.
Мұны тағы кәператип арқылы үлгертеді. Бұл жұмыртқа кәператибін ауылда әдепкі бастаған бала оқытып жүрген Боркенсен мен Миллер деген 2 молда екен. Әуелі кәператип мүшелері аз болса да, 5 жыл ішінде 269 кәператип ашылып, мүшелері 20 мыңға жетіп, бір жылда Англияға 1 миллионнан артық жұмыртқа сатады. Кәператипке кіргендер үй басына жұмыртқадан 46 сом кіргізеді".
Әлиханның есебіне қарағанда, Ресей мұжығынан Дания мұжығы 19,5 есе бай; Ресей мұжығы олақ егінші, Дания мұжығы – шебер малшы келеді. "Гәп егін салғанда, мал баққанда ғана емес: егін сал, мал бақ, кен қаз, бірақ – шебер бол! – деп ескертеді туған халқын Қыр баласы. – Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге қызмет қылатын Боргенсен мен Миллер сықылды жігіт, май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын кәператип керек".
Қорыта келгенде, Әлиханның экономикалық есептерін және қазіргі таңда дүние жүзінде азық-түлікке деген сұраныс пен оның бағасының жылдан жылға үнемі өсіп келе жатқанын ескерсек, Қазақстан бірінші кезекте және ең алдымен ауыл шаруашылығының барлық саласын жоспарлы және үдемелі түрде дамытуға тиіс.
Оның ішінде дәнді дақылдар, жеміс-жидек, көкөніс, бақша өнімдері, жем-шөп, мақта, мал және құс шаруашылықтарының өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығының ең озық әрі соңғы үлгідегі техникаларын шығаратын өнеркәсібін дамытуды шұғыл қолға алу, экспортқа шығару үшін дайын өнім беретін ауылшаруашылық шикізатын өңдеу саласын – агроөнеркәсіп саласын дамытуы керек.
Аграрлық өнеркәсіптің дамуы, өз кезегінде, жүн, тері, мақта және т.б. шикізаттарды өңдеп дайын өнім беретін жеңіл өнеркәсіптің де дамуына зор серпін береді.
Бұл мәселелерді тиянақты жүзеге асырғанда қол жететін ең басты да маңызды мақсат – Қазақ елінің ішкі азық-түлік сұранысын толық қанағаттандырады, азық-түлік қауіпсіздігін, яғни ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және тәуелсіздігін нығайта түседі. Агро және жеңіл өнеркәсіп өнімдері – ұлттық экономиканың шикізат өндірісімен (мұнай-газ, металлургия) қарама-қатар экспорттық кірістің бірден-бір көзіне айнала алады және айналуға тиіс. Қазақстанның азық-түлік тауарлары өзінің сапасы, табиғилығы мен экологиялық тазалығы арқасында дүние жүзінде зор сұранысқа ие бола алды.
Сұлтан Хан Аққұлы