"Қазалы су сервис" МКК қызметкерлері 4 ай бойы жалақысыз отыр

Кәсіпорынның желтоқсан-қаңтарға төлейтін берешегі 3619,7 мың теңгені құрап отыр.

"Қазалы су сервис" МКК қызметкерлері 4 ай бойы жалақысыз отыр

Жуырда Әйтеке би кентіне қарасты "Қазалы су сервис" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 50-ден астам жұмысшысы жалақы мәселесіне орай шағымданған болатын. Канализацияның ауыр жұмысына, мардымсыз айлығына қарап отырған жұмысшылар бірнеше айдан бері жалақы алмай, күйсіз күн кешіп отырғандарын жергілікті билікке мәлімдеген. Бірақ әкімдіктен мардымды жауап ала-алмаған олар портал редакциясынан көмек сұрады.

"Кәсіпорын басшысынан бастап әкімге дейін ұжымдық арыз жаздық. Береміз деп құрғақ уәдемен шығарып салады. Міне, наурыз айы да жақындады. Төрт айдан бері әлі жалақы көргеніміз жоқ", – дейді кәсіпорын жұмысшысы Кенжегүл Мүсірәлиева.

Біз осы мәселеге орай "Қазалы су сервис" МКК директоры Самал Орымбаевтың өзіне шыққан едік.

"2019 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 34906 теңгені 48200 теңгеге дейін өсірдік. Су қызметі, кәріз шаруашылығы, әкімшілік персоналдарының айлық жалақысы өсті. Біз Табиғи монополиялық тариф бойынша жұмыс істейміз. Төменгі жалақы мөлшері көтерілген соң, жалақы мөлшері қайта есептеліп, уақытылы төлей алмадық. Оның себебі кәсіпорын атқарып келген технологиялық байланысы бар қызметтердің кәсіпкерлік ортаға беріліп, жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты. Осыған орай жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында кәсіпорын жиналысының шешімімен жұмысшы-қызметкерлер толық емес жұмыс уақыты режиміне көшірілді. Екінші мәселе, біздің қызмет ету тарифымыз қыркүйек айынан бастап 17 пайызға төмендетілді. Уақытша қаржылық қиыншылықтарға қарамастан наурыз айында желтоқсан, қаңтар айларының жалақысын беруді межелеп отырмыз", – деді кәсіпорын директоры.

Жалпы, кәсіпорынның желтоқсан-қаңтарға төлейтін берешегі 3619,7 мың теңгені құрап отыр.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу