Қазандықтың құрылысы бітпей-ақ қойды

2564

Ақсудағы қазандықты қолданысқа беру мерзімі тағы шегерілді.  

Қазандықтың құрылысы бітпей-ақ қойды

Павлодар облысындағы шағын шаһар – Ақсу қаласындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды Ақсу ферроқорытпа зауытының қазандығы жылытады. Кәсіпорынға қарасты жылу орталығындағы құралдардың тозығы жетіп, қыс кезінде апаттық жағдайлар жиі болатындықтан жаңа қазандық салу туралы шешім қабылданды. Ол үшін қазынадан 11 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Осыдан үш жыл бұрын қазығы қағылған қалалық қазандық 2019 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Кейін жергілікті билік "Қазандық 2020 жылы іске қосылады" деп мәлімдеді. Енді келесі жылы пайдалануға берілетін болды.  

Мерзімнің қайта-қайта шегерілуіне жобалау кезінде кеткен қателіктер себеп болғанға ұқсайды. Ірі жобаны іске асыруды қолға алған екібастұздық "KBI Energy" ЖШС күрделі құрылыс жөніндегі директоры Әділбек Серғалиевтің айтуынша, теміржолды салуда қиындықтар туындады.

"Қазандыққа қатты отынды кедергісіз жеткізу үшін 11 шақырымдық темір жолды нысанға дейін тарту қажет. Әйтсе де, жобалау кезінде қосымша рельстер салу үшін бірнеше бағанның орнын жылжыту керек екені ескерілмеген екен. Сондықтан жаңа жоба жасауға тура келді", – дейді Әділбек Серғалиев.  

Жобалаудағы қателік қазынаға қымбатқа түсті. Бағандардың орнын жылжытып, рельстерді салу үшін бюджеттен шамамен 1 млрд теңге бөлінді. Сөйтіп, қазандықтың құрылысына бөлінген қаржының жалпы көлемі 12 млрд теңгеге жетті. Бірақ бұл да шығынның соңы емес. Күзде қазандық іске қосылатын тұста теміржолға қатысты техникалық шарттар ескіріп, кейбір құралдардың жетпейтіні белгілі болды. Тағы да өзгерістер енгізу қажет. Сол себепті нысанның пайдалануға берілер уақыты келер жылға қалып отыр.

"Биыл қалалық қазандықтың құрылысына облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлінді. Келесі жылы тағы 800 млн теңге берілуі тиіс. Бұл қаржыға теміржолға қатысты өзгерістер енгізіліп, қосымша құралдар сатып алынады", –дейді Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев.

Айта кетелік, қазандықтың жалпы қуаттылығы 180 гигакалорияны құрайды. Ақсулықтар тұтынатын жылу көлемі 120-125 гигакалориядан аспайды. Демек, келесі жылы іске қосылатын нысан жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік, бизнес нысандар жылытуға да қауқарлы болмақ. Егер қазандық құрылысында тағы қиындықтар туындамаса, әрине.  

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу