"Қазатомөнеркәсіп" акциялары ерекше сұраныста

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
16641

Өткен айда 468 мәміле жасалды.

"Қазатомөнеркәсіп" акциялары ерекше сұраныста

"Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы (AIX) өткен айда 8, 6 млрд теңгеге сауда жасады. Бұл – 22,6 млн АҚШ доллары.

Сәуір айының 1-30 аралығындағы жиынтық сауда көлемінің негізгі бөлігін "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының жай акциялары құрады. Көрсетілген уақытта 792 250 165 теңгеге 468 мәміле жасалды. Бұған қоса 211 152 44 АҚШ долларына "Қазатомөнеркәсіптің" жаһандық депозитарлық қолхаттары сатылды. Бұл операцияны жүзеге асыру үшін 15 келісімге қол қойылды. Айта кетейік, AIX қор нарығындағы қызметін 2018 жылдың 14 наурызында бастады. Бір жылда, яғни 2019 жылдың наурызына дейін AIX-те "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының құнды қағаздарын ерекше қарқынмен сатылды. Сату көлемі 15,9 млн АҚШ долларына дейін жуықтады.

Естеріңізге салайық,бүгінге дейін AIX  сауда мүшелері еуропалық KELER Group (KELER CSD, KELER CCP) арқылы пост-трейдинг қызметіне қол жеткізді. Осылайша өзіне халықаралық брокерлер мен инвестициялық қорларды жақындата түсті. Бұдан былай АХҚО биржасы KELER Group компаниясымен бірлесіп, пост-трейдинг қызметін ұсынады.

Біле жүріңіз, KELER CSD бағалы қағаздардың орталық депозитарийі саналатын қаржы мекемесі, ал KELER CCP – лицензияланған орталық контрагент. Бұл ұйымдардың 25 жылдық тәжірибесі бар. Олар орталық және Шығыс еуропа өңіріндегі 10 нарыққа орталықтандырылған қызмет ұсынады.

"KELER Group ұсынатын пост-трейдингтік қызметті Еуропалық одақтың жетекші реттеуші мекемелері, соның ішінде Еуропалық бағалы қағаздар және нарықтар басқармасы (ESMA), Венгрияның орталық банкі (Magyar Nemzeti Bank) қолданады. Бүгінгі таңда KELER Group Еуропа нарығының инфрақұрылымы мен (EMIR) бағалы қағаздардың орталық депозитарийін (CSD-R) реттеп отыр "KELER Group компаниясымен ынтымақтастығымыз инвестициялық қорлардың AIX-ке қолжетімділігін арттырады және болуы ықтимал түрлі шағымдардың алдын алады. Тараптардың ынтымақтастығы сатушы мен сатып алушы арасындағы міндеттемелерді орталықтандыру арқылы тәуекелдерді жеңіл басқаруға мүмкіндік береді. Бұған қоса клирингтің ортақ қатысушылары мен жоғарғы деңгейдегі депозитарийлердің жұмысын жүйелейді. Түпкілікті есеп айырысу ЕО заңнамасы шеңберінде жүреді. Сәйкесінше қосымша кепілдік қамтамасыз етіледі. Ал инвесторлардың бағалы қағаздары  бұрынғыдай AIX CSD-де тіркеледі", – деп мәлімдеген болатын бұдан біраз бұрын AIX басқарма төрағасы Тим Беннетт.

Айтпақшы АХҚО жанынан құрылған ағылшын құқығына негізделген сот қаржы орталығының қатысушыларына халықаралық заң талаптары бойынша қызмет көрсетеді. Мұндағы тәуелсіз сот пен халықаралық арбитражды орталық тараптардың құқықтарының әділетті қаралуын қамтамасыз етеді. АХҚО-ның Англия мен Уэльстен келген 9 судьясын президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған. Судьяларды Англияның бұрынғы жоғарғы судьясы лорд Вульф басқарады. Ал арбитражды орталыққа 23 халықаралық арбитраж енген. Халықаралық рейтинг агенттіктерінің сараптауынша, АХҚО әлемдегі 100 қаржы орталығының ішінде 61- орында, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі қаржы орталықтарының арасында 2-орында тұр.

АХҚО құрылғаннан бері оған 100-ден астам компания тіркеліп үлгерді. 2020 жылы компаниялардың саны 500-ден асады деген болжам бар.

Естеріңізге салайық. 2015 жылғы желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО құру туралы Конституциялық заңға қол қойды, ал 2018 жылы 5-ші шілдеде оның тұсауын кесті.

АХҚО қатысушыларына 50 жылға дейін салық төлемеу құқығы берілген. Сонымен қатар визалық және еңбек режимдері бойынша жеңілдік жасалған. Айтпақшы қор нарығын дамытатын қатысушыларға жайлы жағдай жасау үшін АХҚО биржасы жұмыс істейді. Бүгінде оның жұмысына америкалық Nasdaq биржасы мен Шанхай қор биржасы қатысып жатыр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу