"Қазатомөнеркәсіп" бір жылда IPO-дан қанша табыс тапты

19127

AIX Қазақстанға халықаралық брокерлер мен инвестициялық қорларды жақындатты.

"Қазатомөнеркәсіп" бір жылда IPO-дан қанша табыс тапты

"Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасындағы (AIX) "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы құнды қағаздарының сатылым көлемі IPO-ға шыққаннан бері 16 млн АҚШ долларына жетіп жығылды. Сауда айналымының 66%-ын бөлшек сауда инвесторлары қамтамасыз етті. Бұл туралы АХҚО-да өткен жиында белгілі болды.   

Естеріңізге салайық, AIX қор нарығындағы қызметін 2018 жылдың 14 наурызында бастады. Кеше оның қор нарығына қосылғанына 1 жыл болды. Осы уақыт аралығындағы сауда қызметіне шолу жасаған кезде AIX өкілдері "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ құнды қағаздарының сатылымына ерекше тоқталды.

"AIX-те бір жылда "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ құнды қағаздарын сату көлемі 15,9 млн АҚШ долларына жуықтады. Жай акцияларды сату көлемі 5,4 млрд, ал ғаламдық депозитарлық қолхат (ҒДҚ) 1,7 млн АҚШ долларын құрады", – деп мәлімдеді AIX қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Елена Пак.

Белгілі болғандай, 1 101 537 жай акция, 130 142 ҒДҚ сатылған. ҒДҚ мен жай акциялар бойынша сауда-саттықтың айлық орташа көлемі 4 млн долларға пара-пар болған. Ақпан айында акциялар бойынша сатылым 50%-ды,  ҒДҚ бойынша 95%-ды құраған.

"Бұл шекаралық нарық үшін жоғары көрсеткіш болып табылады", – деп жазылған AIX қоғаммен байланыс бөлімі таратқан хабарламада.

Айтпақшы AIX  сауда мүшелері еуропалық KELER Group (KELER CSD, KELER CCP) арқылы пост-трейдинг қызметіне қол жеткізді. Осылайша өзіне халықаралық брокерлер мен инвестициялық қорларды жақындата түсті.

Бұдан былай АХҚО биржасы KELER Group компаниясымен бірлесіп,  пост-трейдинг қызметін ұсынады.

Айта кетейік, KELER CSD бағалы қағаздардың орталық депозитарийі саналатын қаржы мекемесі, ал KELER CCP – лицензияланған орталық контрагент. Бұл ұйымдардың 25 жылдық тәжірибесі бар. Олар орталық және Шығыс еуропа өңіріндегі 10 нарыққа орталықтандырылған қызмет ұсынады.

KELER Group ұсынатын пост-трейдингтік қызметті Еуропалық одақтың жетекші реттеуші мекемелері, соның ішінде Еуропалық бағалы қағаздар және нарықтар басқармасы (ESMA), Венгрияның орталық банкі (Magyar Nemzeti Bank) қолданады. Бүгінгі таңда KELER Group Еуропа нарығының инфрақұрылымы мен (EMIR) бағалы қағаздардың орталық депозитарийін (CSD-R) реттеп отыр

"KELER Group компаниясымен ынтымақтастығымыз инвестициялық қорлардың AIX-ке қолжетімділігін арттырады және болуы ықтимал түрлі шағымдардың алдын алады. Тараптардың ынтымақтастығы сатушы мен сатып алушы арасындағы міндеттемелерді орталықтандыру арқылы тәуекелдерді жеңіл басқаруға мүмкіндік береді. Бұған қоса клирингтің ортақ қатысушылары мен жоғарғы деңгейдегі депозитарийлердің жұмысын жүйелейді. Түпкілікті есеп айырысу ЕО заңнамасы шеңберінде жүреді. Сәйкесінше қосымша кепілдік қамтамасыз етіледі. Ал инвесторлардың бағалы қағаздары  бұрынғыдай AIX CSD-де тіркеледі", – деп түсіндірді тілшілергет  AIX басқарма төрағасы Тим Беннетт. 

Өз кезегінде Кeler CSD басқарма төрағасы Атилла Монус АХҚО биржасының өңірдегі негізгі рөліне қолдау көрсету мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты екенін жеткізіп: "Біз Астанада қаржы хабын дамытуға ықпал етеміз", – деді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу