"ҚазАвтоЖол" қашанғы қанайды?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10242

Қолма-қол ақшамен есеп айырысқан көлік жүргізушісі артық ақша төлемеуі керек. 

"ҚазАвтоЖол" қашанғы қанайды?

Ақылы жолмен жүретін көлік жүргізушілерінің құқығы неге бұзыла береді? Сараланған тариф не үшін енгізілді? "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жемқорлықтан қашан құтылады? Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров осы мәселелерді күн тәртібіне қойды.

Оның сөзінше, ұлттық компания "Нұр-Сұлтан" – Щучинск", "Нұр-Сұлтан – Теміртау", "Алматы – Қапшағай" және "Алматы – Қорғас" автожолдарының  ақылы бөлігінде төлем жинаумен айналысады. Болашақта "Щучинск – Көкшетау – Петропавл" бағытындағы автобанға да төлем жүйесін енгізеді.

"Автокөлік иелеріне көмек көрсету қоғамы" қоғамдық бірлестігі өкілдерінің пікірінше, көлік жүргізушілері, әу баста, жоғарыдағы жаңашылдыққа үрке қараған. Олар ақылы жолдың бағасы қымбаттамайтынына сенбеген. Ал ақылы жолдардың қызметін насихаттауға арналған ақпараттық науқан кезінде мемлекеттік органдар автокөлік иелері төлейтін ақы баршаға қолжетімді болатынын баяндаған. Сол кездегі инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр жеңіл көліктер 1 шақырымға 1 теңге төлейтінін, бұл тариф өспейтінін мәлімдеген. Бұған қоса дәл осындай есептің өзінде бір жылда қазынаға 30 млрд теңгеге жуық қаржы түсетінін нақтылаған.

"Жақсы жолмен жүру және оны күтіп ұстау ақысы 1 шақырым үшін 1 теңге болғандықтан, қалың көпшілік идеяны жақсы қабылдады. Бұл туралы БАҚ өкілдері жарысып жазды. Бірақ айтылған сөз орындалған жоқ. Жолға төленетін ақының құны жарияланғанда көлік жүргізушілерінің төбесінен жай түскендей болды", – деді депутат.

Халық қалаулысының пікірінше, жеңіл көліктер мен жүк көліктері үшін  тариф негізсіз көтерілген. Ал электронды есеп айырысумен салыстырғанда, қолма-қол ақшамен төлем жасау жүргізушілерге екі есе қымбатқа түскен. 

"Бұл – электронды төлем жасауды білмейтін, ақпараттық қызметтерге тіркелмеген, интернетке қолы жете бермейтін автокөлік иелерінің құқығын шектеу", – деді Айқын Қоңыров.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, тарифтің қалай қалыптастырылғаны және жиналған қаржының қайда жұмсалып жатқаны түсініксіз. Компанияның қызметінде ашықтық жоқ. Оның үстіне, компания айналысындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты орын алған жанжалдар да көңілге күдік ұялатады. Мәселен, пара алды деген күдікпен Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сол секілді Қарағанды облыстық филиалының басшысы да дәл осындай күйді бастап кешіп жатыр.

Тергеу мәліметтері бойынша, екеуі де жол нысандарын пайдалануға беру кезінде кемшіліктерге көз жұма қараған. Ал компанияның Павлодар облыстық филиалының басшылығы мердігермен бірге сотқа тартылған. Ақылы жолдарда қызмет көрсету сапасы да жоғары болу керек. Бірақ бұл сала да ақсап жатыр. Жол-көлік оқиғаларының дені қараңғы уақытта және жылдамдықты асыруға байланысты орын алатыны жасырын емес.

"ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ дерегіне сүйенсек, тек 53 шақырым  жерде ғана жарықтандыру жұмысы жүргізілген. Компания тек 22 жылдамдық өлшеуіш орнатқан.

"Автокөлік иелеріне көмек көрсету қоғамы" қоғамдық бірлестігі жолдың тиімділігіне қатысты есептеу жүргізген екен. Олардың ақпаратынша, жолдарды ақылы басқарудан шамамен 481 млн теңге кіріс кірген. Жинақталған табыс компанияға жүк көліктерінің тарифін төмендетуге және жеңіл автокөліктерге жоғарыда аталған тарифті енгізуге мүмкіндік береді.

"Ақылы жолдардың учаскелерін ұстап тұруға арналған шығындар мен кірістер тең болған жағдайда, компания қазіргі кезеңде ақылы жол учаскелерінде жүру үшін қаражат жинауды тоқтата тұруы керек және келесі кезеңде тарифті азайту шараларын бастауы қажет. Ол үшін Қазақстандағы ақылы жолдарды пайдалану және басқару саласының ашықтығын қамтамасыз етуі керек", – деді депутат.

Оның ойынша, қолма-қол ақшамен төлем жасау алдын-ала төлем жүйесінің тарифінен 2 есе жоғары болған кезде, сараланған тарифті алып тастау керек.

Қолма-қол ақшамен есеп айырысқан көлік жүргізушісі артық ақша төлемеуі керек.

"Бұл мәселелерді шешу жүк транзитінің жағдайын жақсартуға, туристік индустрияны қолдауға, "ҚазАвтоЖол" АҚ компаниясына және тұтастай мемлекетке деген сенімді арттыруға көмектеседі", – деді халық қалаулысы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу