Бұл – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін қорытындылайтын басты шаралардың бірі. Форумды ұйымдастырушы – ел үкіметі мен энергетика министрлігі.
"2017 жыл еліміздің мұнай-газ және энергетика саласындағы ірі оқиғалармен ерекшеленіп отыр. Осы жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанда халықаралық деңгейдегі ауқымды салалық жобалар ұйымдастырылды. Соның бірі – Қазақстанды жаңа инновациялық әлемге бастайтын, таза ауа, жағымды экологиямен қамтамасыз ететін және өмір сапасын жақсартуға кепілдік беретін ЭКСПО-2017 көрмесі. Сонымен қатар 11-14 маусымда Астанада БҰҰ аймақтық комиссияларының бастамасымен энергетика саласының тұрақты дамуына арналған VIII халықаралық форум ұйымдастырылды. Аталған шаралармен басталған әлемдік энергетика төңірегіндегі келелі кеңестер мен салиқалы сұхбаттар KAZENERGY форумында жалғасып, қорытындыланады", – деді KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Форумда баламалы энергияға көшу, энергия көздерін тиімді пайдалану, ауаға таралатын залал көлемін азайту мәселелері қаузалып, тиімді әрі "ақылды" энергетика бағдарламасын енгізудің тетіктері, уран және атом өнеркәсібінің инновациялық дамуы әңгімеге арқау болмақ. Форумда қабылданған шешімдер мен уағдаластықтар ЭКСПО көрмесінің қорытындысы бойынша қабылданатын Құндылықтар манифестіне енгізіледі.
"Биыл KAZENERGY қауымдастығы IHS Markit компаниясымен бірлесіп ұлттық энергетикалық баяндама дайындады. Форумда аталған баяндаманың таныстырылымы өтеді. Жаңа құжат 2015 жылғы баяндаманың негізінде әзірленді. Бұл баяндама – еліміздегі энергетика саласының бүгіні мен ертеңін толықтай қамтитын құнды құжат. Бүгінде мұнай-газ қауымдастығының жаңа эволюциясы басталды. Біз бұл кезеңнен неғұрлым жедел өтсек, соғұрлым тұрақтылық тез орнайды", – деді Ұзақбай Қарабалин.
Форумдағы негізгі спикерлердің қатарында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Исландияның бұрынғы президенті Оулавюр Рагнар Гримссон, БАӘ энергетика министрі Сухейл Мұхаммед Фарадж Әл-Мазруи, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Тор Фаеран, International Energy Forum бас хатшысы Сун Сяншенг, KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев және басқалары бар. Шараға Chevron, Royal Dutch Shell, Total секілді ірі компаниялардың басшылары қатыспақ.
Ұзақбай Қарабалин атап өткендей, 2017 жыл еліміздің мұнай-газ және энергетика саласы үшін мерейтойға толы кезең болды. Осы орайда, ел тарихындағы елеулі оқиғаларды санамалап өтсек. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы Қазақстан мен Оман сұлтандығы арасында алғашқы құжатқа – Каспий құбыр желісі консорциумына және Теңіз-Новороссийск экспорттық мұнай құбыры жүйесінің құрылысы жобасына қол қойылды. 1997 жылы (20 жыл бұрын) ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игеруге қатысты тарихи келісімді бекітті. 1997 жылы Қазақстанға алғашқы Қытай инвесторы келді. Қазақстан экономикасына елеулі өзгеріс әкелген Қытайдың CNPC ұлттық мұнай-газ корпорациясы 20 жыл бойы еліміздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың қатарынан түскен жоқ. Сондай-ақ биыл "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясының құрылғанына – 20 жыл. Бұл тізімді болашақтың энергиясына арналған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі толықтырды.
Фархат Әміренов