Қажылық-2020: тек саудиялықтар үшін

6665

Корольдік өзінің тарихында алғаш рет әлем мұсылмандарын қажылыққа қабылдай алмайтынын жариялады.   

Қажылық-2020: тек саудиялықтар үшін

Биыл қажылыққа жер-жаһаннан жылдағыдай 2 жарым миллиондай мұсылман жиналмайды. Вирус қаупіне байланысты 2020 жылы Мекке мен Мадинаға бес парыздың бірін өтеу үшін "саны өте шектелген" адамдар ғана жіберіледі. Мұны бүгін Сауд Арабиясының Қажылық министрлігі мәлімдеді.

Корольдік қажылықты доғара ма немесе оны символикалық деңгейде өткізе ме деген сауал көптің көкейінде бірнеше аптадан бері жүрген болатын. Осы шешімді монархия үкіметі неліктен қажылыққа небәрі бес апта қалғанда жариялағаны әзірше белгісіз.

Сауд патшалары бірнеше ұрпақ ауысса да, исламның қасиетті орындарының қамқоршысы деген титулды ешкімге бермей келеді. Олардың қажылықты қадағалауы – зор бедел мен әлем мұсылмандарына ықпал етудің қайнар көзі. Бұған қоса, қажылық жыл сайын корольдік үкіметіне 12 млрд доллар кіріс әкеледі.

Сауд Арабиясы өзінің 90 жылға жуық тарихында қажылықты бірде-бір мәрте тоқтатпаған екен.

Қоғам денсаулығы мен діни негіз

Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін вакцина әлі табылмағандықтан, жергілікті үкімет биыл қажылық парызын өтеушілер санын мейлінше шектеп, әлем жұртшылығының денсаулығын сақтауды алдыңғы орынға қойған.

Қажылық – адамдардың жер жүзіндегі ең үлкен жиналысы. Онда мұсылмандар бір-біріне жақын тұрып, иық тірестіріп Аллаға мінәжат етеді. Ал, 2015 жылы үлкен байбалам 2400-ден астам адамның аяқ астында тапталып қалуына себеп болды. 

"Бұл шешім қоғамдық денсаулықты сақтау тұрғысынан қажылық қауіпсіз өтсін деген ниетпен қабылданды",– деп жазылған Саудия үкіметі таратқан мәлімдемеде.

Елдің қажылық министрлігі мәлімдегендей, шілденің соңында басталатын үлкен қажылықты биыл Саудия аумағында тұрып жатқан түрлі ұлттардың өкілдері ғана өтей алады. Алайда басшылық бұған қанша адам қатысатынын әзірге жариялаған жоқ.

Әдетте қажылық кезінде дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған жамағат Меккеде бес күн бойы Аллаға құлшылық етіп, тиісті салттарды орындайды. Бірақ мұсылмандар бұның бәріне қатысу үшін Сауд Арабиясына қақпа-қала Джидда арқылы бірнеше апта ертерек немесе тіпті айлар бұрын жететін.  Covid-19 мұны да өзгертті.

Үкіметтің сейсенбідегі шешімі діни негізден де ада емес. Монархия өкілдері мәлімдегендей, ислам доктринасы адам өмірін сақтауды талап етеді және бүгінгі жағдайда қажылықты шектеу шариғат заңдарына да қайшы емес екен.

Қажылық – исламдағы бес қасиетті парыздың бірі. Оны денсаулығы жарамды мұсылмандар өмірінде бір мәрте болса да өтеуі керек. Қажылық кезінде адамдар материализмнің символдары – парфюмнен, косметикадан және тағы басқа заттарды тәрк етіп, ерлер де, әйелдер де қарапайым киіммен Жаратқанның алдында құлшылық етеді.

Сонымен қатар, қажылық өткенде жасалған күнәлардан арылатын және бәрін қайтадан бастайтын мүмкіндік ретінде де қарастырылады.

Умраға әлі рұқсат жоқ

Сауд Арабиясы қауіпті инфекцияның жолын бөгеу шараларына ерте кірісті. Соған қарамастан, бұл мемлекет Таяу Шығыста эпидемияның өршуі бойынша алдыңғы қатарға шығып отыр. Мұнда 161 мыңнан астам адам инфекция жұқтырып, 1307-і қайтыс болған.

Жаңа вирус көптеген адамда аса ауыр емес симптомдарымен байқалып, пациенттер бірнеше аптада жазылып кетеді. Алайда аса жұқпалы ауру егде жастағы адамдар мен денсаулығында кінәраты барларға қиын тиіп, кей жағдайда оларды өлімге душар етуі мүмкін.

Сауд Арабиясы жыл басында кіші қажылық – умраны да тоқтатып, Меккедегі Ұлы Мешітті көпшілік үшін жапты. Сонымен қатар, осынау қасиетті шаһар екі айдан астам уақыт бойы қатаң коменданттық сағат режимі аясында өмір сүрді.

Корольдік соңғы күндері кейбір шектеулерді алып тастағанымен, умраға әзірге рұқсат берген жоқ және ел шекарасы шетелдіктер мен туристер үшін әлі жабық тұр.

Жыл сайын қажылыққа жиналатын мұсылмандардың төрттен бірі Меккеге Индонезия мен Малайзиядан баратын. Биыл азиялық екі мемлекет өз азаматтарын қажылыққа жібермейтінін хабарлады. Бұған қоса, коронавирус әлемдік пандемияға айналып, жер бетінде миллиондаған адамға жұққандықан, сәуірдің басында-ақ Саудия дүние мұсылмандарын қажылықты жоспарламауға үндеген. 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу