Қазір дүниежүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде – Президент

491

Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. 

Қазір дүниежүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде – Президент Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ қызметкерлерін Полиция күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын.

Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер.

Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет.

Сол себепті, бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, елімізде "Заң мен тәртіптің" қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор.

"Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр.

Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды.

Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін Сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін", – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу