Қазком мен Кеңес Рақышев БТА үшін есеп айырысқан жоқ

2769

"Самұрық-Қазына" ӘАҚ 2017 жылдың соңына дейін проблемалы қаржылық институттың бақылау пакеті үшін екінші төлем алуға үміттеніп отыр.

Қазком мен Кеңес Рақышев БТА үшін есеп айырысқан жоқ

"Қазкоммерцбанк" АҚ (ҚКБ) мен Кеңес Рақышев "Самұрық-Қазына" ӘАҚ" АҚ-дан "БТА" АҚ-ның бақылау пакетін сатып алу жөніндегі мәміле бойынша төлемнің  екінші жартысын әлі күнге дейін төлеген жоқ. Бұл туралы abctv.kz-ке  мемлекеттік қордың қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директорының міндетін атқарушы Ернар Жанәділ мәлімдеді.

"Біз Қазкоммен де, Кеңес Рақышев  мырзамен де келіссөз жүргізудеміз. Олардың "Самұрық-Қазынаға" қарызын толығымен өтейтініне сенімдіміз. Олар мұны растады және біз аталған бағытты алға жылжытып жатырмыз", – деді "Самұрық-Қазынаның" өкілі.

Ернар мырза нақтылап өткендей, төлем мерзімі сақталады. "Олар 2017 жылдың соңына дейін барлығын өтеуге дайын екенін растады", – деді Ернар Жанәділ.

"БТА" АҚ-ның акциялары үшін екінші төлем жүргізілді ме? деген нақты сұраққа ӘАҚ-ның қаржылық директоры тура жауап қатты: "Ақшаны  аламыз, ол расталды". Екінші төлем қандай үлгіде төленетінін топ-менеджер айтпады, мәміле құпия сақталуы керек екенін алға тартты.

Еске сала кетейік, 2014 жылдың 6 ақпанында ҚКБ Кеңес Рақышевпен бірлесіп БТА-ны сатып алу шарттарын жария еткен болатын. Ол ақпаратқа сәйкес, ҚКБ пен Кеңес Рақышев "Самұрық-Қазына" ӘАҚ-нан БТА-ның 46,5% акциясын сатып алды.

Сату-сатып алу мәмілесі барысында БТА-ның құны 155 млрд теңгеге бағаланды (сол кездегі бағам бойынша 1 млрд долларға тең), бұл мәміле жасасу кезіндегі банктің теңгерімдік капиталынан екі есеге төмен екенін Halyk Finance есептеп шығарды. Ол уақыттан бері теңгенің құны екі есеге құнсызданды.

Келісім бойынша, тараптардың әрқайсысы өз пакеті үшін 72,075 млрд теңгеден екі мәрте төлем жүргізуі тиіс еді: сатып алу кезінде 31 млрд теңге және 2017 жылдың ортасында тағы 41,07 млрд теңге. Мәміле шарттарына сәйкес, Қазақстан үкіметі ҚКБ-ге қосымша қор бөлген жоқ, бірақ  БТА-дағы депозиттерін сақтаймыз деп міндеттенді.

Бізде бар ақпарат бойынша, ҚКБ алғашқы төлемді қолма-қол ақшамен жүргізген, ал Кеңес Рақышев  31 млрд теңгеге бағаланған "Шалқия Цинк" АҚ-ның активтерімен есеп айырысты.

Биылғы жылдың 2 наурызында ҚКБ өз акцияларының бақылау пакетін "Халық банкі" АҚ-ға сату туралы меморандумға қол қойған болатын. 24 сәуірде Bloomberg агенттігі бұл мәміледе ҚКБ-ның құны 1 доллардан аспайтынын, осыдан соң сатып алушы оны 738 млн долларға дейін қаржыландыруы керек болатынын хабарлады. Агенттіктің дереккөзі айтқандай, аталған төлем үкімет ҚКБ-дан БТА-ның 2,4 трлн теңгені құрайтын проблемалы кредиттерін сатып алғаннан кейін түседі.

Арман Жақып, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу