#Қазмұнай, 6 - бөлім: Қазақстан бензині жайлы топ-6 аңыз

6282

Қазақ жанар-жағармайына қатысты ақиқат пен аңыз көп. Неге жыл сайын мәселе қайталана береді. Осыдан бір жыл бұрын – 2020 жылғы 20 наурызда біздің порталда менің "#Қазмұнай, 4 - бөлім: Біз дүниежүзінде ең арзан мұнай бағасы бойынша жетінші орындамыз. Мұнай шығынға сатылып жатыр ма?" деген мақалам жарық көрді. Яғни мен қазіргі мұнай бағасын бір жыл бұрын болжадым. 

#Қазмұнай, 6 - бөлім: Қазақстан бензині жайлы топ-6 аңыз

Бағаның өсуіне қатысты мақаланы 2021 жылғы ақпанда жариялағым келді. Нақтылайтын болсам, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында энергетика министрлігінің брифингінде сарапшы ретінде пікір білдіріп, сұрақтарға жауап бердім. 

Қазақстанда бензин тапшылығы жоқ. Алайда жағдайды сауатты түсіндіре алатын және болжам жасай алатын сарапшылар некен-саяқ. Осыған байланысты отандық БАҚ арқылы бағаның өсу себебін түсіндіріп келемін. 

Бұл маған ақпараттық хабарламалардың кейбір әлсіз тұстарын анықтап отыруға мүмкіндік берді. Бірден айтайын, мені мәселенің мән-жайын білмейтіндердің уәжі таң қалдырады. Өкінішке қарай, мұндайлар БАҚ өкілдері арасында да аз емес.

"Бағаның өсуіне қатысты түсініктеме беріңізші" деген сұраққа мен: "Сіз менің сараптамалық мақалаларымды оқыдыңыз ба? Atameken Business телеарнасындағы "Байділдинов. Мұнай" бағдарламасын қарадыңыз ба? деп қарсы сұрақ қоямын. Маған сауал қойған адамдардың тең жартысы мақалаларымды оқымаған, бағдарламаны көрмеген болып шығады.

Естеріңізге салайын, бағдарлама 2016 жылдан бері апта сайын түсіріліп келеді. Ал 2009 жылдан бері мұнай-газ және энергетика саласына қатысты мақала жариялап жүрмін. Қоғамға ақпарат, сюжет ұсынғысы келетіндер ізденбейді, оқуға, түсінуге тырыспайды. Өкінішті. Бүгінге дейін өткен 12 жылда менің материалдарым мен пікірлерім олардың да ақпараттық ресурстары мен телеарналарда болды. Менің SMS-хабарламаларым мен материалдарымның сілтемесіне екі-үш адам: "Бұл ескі материал, бізге жаңа түсініктеме қажет", – деп жазды.

Егер мұнда смайлик қоюға болатын болса, жылап жатқан эмодзилерді қосар едім. Басқаша айтқанда, көпшілік қазақстандық журналистикада "диван" сарапшылары мен нақты сараптама арасындағы айырмашылықты түсіне бермейді.

Мысалы, маған ертең не болатыны туралы түсінік беру емес, кем дегенде бірнеше жылға болжам жасаған қызық. Осыны мен 2020 жылғы наурызда жасадым. Бұл материал болжау және факторларды талдау тұрғысынан дұрыс болды.

Айтпақшы, менің пікірім берілген "31 арнадағы" соңғы материалдардың бірі "күту-шындық" тұрғысынан алғанда классика болып шықты. 

Айта кетейін, 2017 жылы мен Қазақстанда 2024-2025 жылдар аралығында табиғи газ тапшылығы мен бағаның өсуі мүмкін екенін болжадым. БАҚ бұл мәселені енді көтеріп жатыр. Келесі айда мен газ саласына бірнеше талдамалық материал арнаймын. Бұл тақырып "ҚазТрансГаз" АҚ-ның дербес құрылымға айналуы барысында қызықты болады.

Міне, сараптама деген осы. Ол орта және ұзақмерзімді перспективада жағдайдың, компанияның, саланың дамуын болжауға бағытталады. 

Бүгін қазақстандық бензинге қатысты танымал аңыздар мен орныққан "ұрандарды" талдаймын.

Бірінші аңыз: Бізде бензин қымбат

"Бізде бензин қазірдің өзінде қымбат, оның бағасын қашанғы өсіруге болады?". Әдетте баға өскенде алғашқы реакция осындай болады. Шын мәнісінде бұлай емес. Бізде бензин арзан. Әлемдегі А95 маркалы бензиннің бағасын қарастырайық. Сіздерге барлық энергия түрлерінің бағасын қалыптастыратын жаһандық ресурстың ресми дерегін ұсынайын. Ол  біршама кідіріспен жаңартылады, бірақ тұтастай алғанда тенденцияға әсер етпейді.

Бұл қазіргі валюта бағамы бойынша теңгеге аударылған баға. Айтпақшы сандар 95-ке емес, 92-ге неге берілгенін білесіз бе? Бұл әлемнің 92-ден кетіп жатқанының айғағы. Назар аударыңыз, барлық жаңа көліктерге 95 құю ұсынылады, автоөндірушілер жаһандық деңгейде бізді қымбат отын түрін қолдануға итермелейді, ал жаңа экологиялық қозғалтқыштар, жанармайды  көп тұтынса да, зиянды қалдықты аз бөледі. 

Біз әлемдегі ең арзан бензин бойынша 8 - орында тұрмыз. Бір жыл бұрын 7-орында болдық. Сол кездің өзінде бензин ішкі нарыққа өзіндік құнынан төмен бағамен жеткізілді.

Қараңыз, Венесуэла мен Иранның бағасы төмен. Олар Қазақстанмен салыстырғанда шамамен 2 есе көп мұнай (Венесуэлада дағдарыс салдарынан қазір мұнай өндірісі азайды, ал Иран бұған дейін шамамен 3 есе көп мұнай өндірді) өндіреді. Бұл елдер саяси, экономикалық блокадада: санкциялар, халықаралық соттар, саяси тұрақсыздық. Осыған байланысты олар үшін бағаны ұстап тұру лакмус қағазының бір түрі болып табылады.

Венесуэлаға немесе Иранға чемодан жинауға асықпаңыз. Ол жақта басқасының бәрі қымбат. Басқаша айтқанда, Қазақстанда сатып алу мүмкіндігі жоғары. 

Алжир, Ангола, Венесуэла, Габон, Ирак, Иран, Конго, Кувейт, Ливия, БАӘ, Нигерия, Сауд Арабиясы, Эквадор, Экваторлық Гвинея, Нигерия сынды ОПЕК елдерінде бұған дейін дәстүрлі түрде бензин арзан болды. Қазір бұл өткен шақ. Себебі бұл елдер бағаны әлемдік деңгеймен теңестіруді бастап кетті. Бүгінгі таңда Әмірліктердегі 95- бензинінің бағасы 230 теңге. Жыл басынан бергі өсім литріне шамамен 20 теңгені құрады.

Қазақстанның барлық периметрі бойынша баға жоғары. ЕАЭО мен ТМД елдерінің барлығында баға қымбат. 

Қырғызстанда баға Әмірліктердегідей, Әзірбайжан мен Ресейде баға литріне орта есеппен 80-100 теңгеге артық. Украинадағы фантастикалық баға 423 теңге! Еуропадағыдай өмір сүруге деген ұмтылыс баға бірдей болуға тиіс дегенді білдіреді. Әлемдегі ең қымбат баға мұнай өндіретін Норвегияда - 848,  Нидерландыда - 858 теңге және Гонконгте - 1019 теңге.

Бұл ретте ең арзан бензин бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығы немесе он бестігінің сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жалпы ішкі өнімінің көрсеткішін Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Яғни Қазақстанда азық-түліктің, тұтыну заттарының, тұрғын үйдің қазіргі бағасы сақталған кезде өмір сүру арзанырақ. Біз бірінші аңызды талдадық па? Менің ойымша, иә. Бізде бензин арзан. Тек бұл туралы аз айтады. Бұл факт ұзақ уақыт бойы тікұшақ, ұшақ, планшет шығаратын әртүрлі зауыттардың көлеңкесінде қалды. Ақпараттық бұрмалаушылық арзан баға Қазақстан азаматтарының басына қандай "бақыт" әкелгенінен бейхабар қылды. Біз жақсы көретін Түркияның өзінде бензиннің литрі 402 тұрады. 

Біз шынымен басқа елдер қызғанышпен қарайтын керемет елде тұрамыз.
 
Екінші аңыз: бензин емес, сары су 

Бұл да кең тараған сөз. "Біздің бензин бензин емес, Ресейдің бензинін айтсаңшы" деп басталатын әңгіме тыңдаған құлақты жалықтырады. 

Қараңыз, бізде Атырау, Шымкент, Павлодар қалаларында 3 ірі мұнай өңдеу зауыты бар. Олардың барлығы жаңғыртудан өтті. Қазір Еуро-4 және Еуро-5 еуропалық стандарттарының бензині мен дизель отынын өндіреді.

Бүгінгі таңда біз өзімізді отандық жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етеміз, тіпті артығын экспорттаймыз. 2010 жылдардың басында жағдай басқаша болды. Біз Ресей Федерациясынан жоғары октанды бензинінің импортына тәуелді болдық және отын импортымен күресіп жүрдік. 

Мұнай зауыттарының жаңғыртылуынан кейінгі ақпараттық хабарлама мен басты мессендждер: "Қазақстан өзін мұнай өнімдерімен қамтамасыз етті", "Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту – елдің энергетикалық қауіпсіздігіне жасалған маңызды қадам", "Бензиннің әр литрі – экономиканың пайдасына", "Қазақстандық бағаға еуропалық сапа" деуге тиіс еді. 

Бізде кейде тауарлар мен қызметтердің сапасы қазақстандық, құны еуропалық болады.

Зауыттарды жаңғырту күрделі процесс болды. Үш зауыттың құны шамамен $6-6,5 млрд теңгені құрады. Зауыттар мұнай-химия шикізатын шығара бастады. Алайда бұл туралы ешкім де білмейді. Қазақстандықтардың санасында күні бүгінге дейін бензиннің сапасы нашар деген аңыз сақталып қалған. Бізде ірі жанармай бекеттеріндегі бензиннің сапасы жақсы. Дегенмен шағын жанармай бекеттерінде сапасыз бензин кездеседі. Алайда есіңізге түсіріңізші, автокөлігіңіз қашан ең соңғы рет сапасыз бензиннің салдарынан check engine көрсетті. Менің есімде жоқ. Бұрын мұндай жағдай кірпияз емес шетелдік автокөліктерде де жиі болатын. Әрине, еліміздегі 4 мыңнан астам жанар-жағармай бекеттерінің барлығының қызметі мінсіз емес. Бірақ негізгі ойыншылар ұсынатын бензиннің сапасы жақсы. Екінші аңыздыталдап болдық. Қорытындысы: баға арзан, сапа жақсы. Бұдан да жақсы болуы мүмкін, алайда ол кезде басқа баға болады.

Үшінші аңыз: бензин арзан, жалақы төмен

"Еуропада бензин қымбат, есесіне жалақы жоғары", "Алдымен жалақыны көтерсін, содан соң бензиннің бағасын 2 есе жоғарылатса да болады". Осындай сөзді жиі естиміз, айтамыз. Талқылап, талдап көрейік. 

Біз қарапайым тілмен сандардың сәйкестігін дәлелдеуіміз немесе жоққа шығаруымыз керек. Бұл үшін біз бензин бағасы арзан және қымбат елдерді назарға аламыз. Сонымен қатар орташа жалақы көлемін, салықтар мен төлемдерді ескереміз. Доллардың орташа жылдық ресми бағамын алып, оны бензин құнына бөлеміз. Нәтижесінде өте қарапайым және көрнекі индикаторды көреміз: орташа жалақыға қанша литр бензин сатып алуға болады. Егер біз литрге аударылған орташа жалақыны алсақ, онда біз әлем бойынша бензин арзан елдердің арасында 8 емес, 6-орынға орналасамыз. 

Егер Венесуэла мен Иранды алып тастасақ, (себебін бұған дейін қарастырдық), онда біз 4 - орында боламыз. Бізден тек Кувейт, Катар және Сауд Арабиясы ғана озады. Әмірліктерді де қосуға болады, бірақ олар 20-орында. 

Мысалы, мен баға деңгейіне байланысты Әмірліктерде өзімді ыңғайсыз сезінемін. Әрине, дамыған батыс елдері бұл көрсеткіш бойынша бізден жоғары, бірақ тұтыну тауары бағасының деңгейі бізде ыңғайлы. Бұдан бөлек шет елде жалақыға салынатын салық бізден әлдеқайда жоғары.

Мысалы АҚШ-та штаттарға байланысты салық жалақының 35-40%-на жетуі мүмкін. Алайда Қазақстан мен дамыған елдер арасындағы алшақтық бұрынғыдай үлкен емес. Тағы да шекарамыздың барлық периметрі бойынша бідің елде ең қолайлы жағдай қалыптасқан. 

2014 жылы ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған жолдауында әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу жоспарын ұсынды. Егер әлемдік цифрларға көз жүгіртетін болсақ, энергетика саласы бұл міндетті мінсіз орындады. Біз абсолютті, салыстырмалы көрсеткіштер бойынша бензинге, газға және электр энергиясына қойылған ең қолайлы баға бойынша топ-10-15 елдің қатарына ендік. Әлеуметтік желілер мен телеграм-каналдардағы сын-ескертпелер бізге мұны байқатпады. 

Төртінші аңыз: біз мұнай өндіруші елміз, бензин арзан болуға тиіс 

"Біз мұнай өндіреміз, бензин өе қымбат", "Мұнай көп, баға төмендемейді". Осындай әңгіме толастамайды. Түсіндірейін. Бұл жерде нақты талдауды тек сала мамандары ұсына алады, мұнда түсініктеме беру үшін бір "диван"  жеткіліксіз.

Үлкен сандардан бастайық. Қазақстанда жылына 85 млн тоннаға жуық шикі мұнай мен газ конденсаты өндіріледі. Еліміздің мұнай өңдеу зауыттары 2020 жылдың қорытындысында 16 млн тонна мұнай өңдеді. Қалған көлем – экспорт. Біздің мұнай туралы айтқанда, бірнеше негізгі мәселелелермен бөлісу маңызды.

Біріншіден, бізде "өзімізге тиесілі мұнай" аз, "біздікі емес мұнайды" ел аумағында жобаға қыруар қаржы салған инвесторлар өндіреді. Жылына 85 млн тоннаның 26% ғана бізге тиесілі. Бұл "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының жалпы ел өндірісіндегі үлесі. Көп пе, аз ба? Менің 2019 жылы жариялаған #Қазмұнай үшінші бөлім: Петролеус Де КазМунайГазос" деген материалымда толық талдау бар. 

Әрине, Ұлттық компанияға өндірісті ұлғайтуы керек. Мысалы, Парсы шығанағы елдерінде ұлттық компаниялар елдегі өндірістің 85-90%-ын бақылайды. ҚМГ 2021 жылы 21-22 млн тонна мұнай өндіру деңгейін болжап отыр. Қазақстан Республикасында мұнай өндірудің негізгі үлесі 3 ірі жобаға тиесілі: Теңіз – 26 млн, Қашаған – 15 млн, Қарашығанақ-12 млн тонна.

Яғни еліміздегі мұнай өндірудің 62% осы жобаларға тиесілі. Барлығын шетелдік консорциумдар әзірлейді, оның ішінде ҚМГ үлесі бар. Ірі шетелдік консорциумдар ішкі нарыққа нарықтық бағадан төмен бағамен мұнай жеткізбейді. Себебі олар жобаға үлкен қаражат салған инвесторлар. 

Мысалы, Теңіздегі сағалық қысымды басқару жобасы (ККЖ және ҰЕҚБЖ) өндіру деңгейін 36 млн тонна (тәулігіне шамамен 900 мың баррель) көрсеткішіне шығарады. Бұған инвесторлар 45 млрд доллар қаржы құяды. 

Бұл Қазақстанда ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең ірі инвестициялық жоба. Бұдан бөлек басқа жеке компаниялардың өндірісі бар. Олар келісімшарт аясында ішкі нарыққа мұнай жеткізеді. Осыдан "бізде мұнай көп" деген сөздің жаңсақ екенін ұғынуға болады. Бізде өз мұнайымыз аз және ол қымбат. "ҚазМұнайГаз" тобының негізгі кен орындары brown-field санатына жатады. Мұнда мұнай өндіру қорлары тұрақты түрде төмендеп, сарқылып келе жатқаны байқалады. 

ҚМГ мұндай кен орындары не үшін қажет? Жауап: бізде басқа кен орындары жоқ. Көптеген жобалар өзіндік құнының жоғары болуына байланысты тиімсіз, бірақ ұлттық компания оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін игеріп жатыр. Бұл тұжырымдарды қабылдау қиын, алайда бұл – ақиқат.

Сүт мысалында түсіндірейін. Қазақстан сүт өндіреді. Күлкілі болса да айтайын, біз сүт өндіретін елміз. Біздің фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтар жылына 5 млн тоннаға жуық "шикі" сүт өндіреді. Бұл ішкі қажеттілікі қанағаттандыру үшін жеткіліксіз. Сондықтан біз сүтті импорттаймыз. Қазір 1 литр сүт шамамен 300 теңге, 1 келі сары май шамамен 2,7 мың теңге тұрады. Бұл ресми дерек. 

2020 жылы сүт 9%-ға, май 13% - ға қымбаттады. Бәлкім, сіз: "Сүт пен бензин арасында қандай байланыс бар?" деп ойланып отырған шығарсыз. Айтайын, шығын есептеу тұрғысында ұқсастық көп. 

Фермерлер мен бөлшек сауда желілерін (жанармай құю станциясының баламасы) сүттің литрін 300 емес, 160 теңгеге сатуға көндіріп көріңізші. Қолыңыздан келе ме, жоқ. Себебі бұл өзіндік құннан төмен баға. Асыл тұқымды мал бар, оны тамақтандыру бар, жем сатып алу бар, сүт өндіруге, тасымалдауға, өңдеуге арналған жабдық қажет. Мұның барлығы өзіндік құн қалыптастыруға әсер етеді. Мұнай өндіру мен бензин шығару оңай деп ойлайсыз ба? Жоқ, мүлде оңай емес. Бізде мұнай орта есеппен жер астында 3-5 шақырым тереңдікте жатады. 

Оны алу үшін қымбат инфрақұрылым салу қажет. Мұнайды қоспалардан тазарту керек. Мұнайдың құрамында парафин көп болса, оны жылытасыз. 

Магистралдық мұнай құбырларына дейін инфрақұрылым салу, мұнайды МӨЗ-ге жеткізу, МӨЗ-де қайта өңдеу, өңделген мұнайды жанар-жағармай станциясына жеткізу көп қаржыны талап етеді. Мұның сыртында жалақы, салық төлеу, акциздер мен алымдар бар. Сіз таңдануыңыз мүмкін, бірақ біздегі бензин оның нақты құнынан төмен. Қалай болғанда да мұнай өндіру сүт өндіруден күрделі әрі қиын. 

Қараңыз, мұнайдың қазіргі әлемдік бағасы барреліне шамамен 60-65 долларды құрайды. Қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар мұнайдың бір тоннасын ішкі нарыққа 90-100 мың теңге, тіпті одан да төмен бағамен сатады. 1 тоннада 7,3 баррель бар. 100 мың теңгені 7,3-ке, доллар бағамына (425 болсын) бөлеміз. Сонда барреліне 30-32 доллар шығады. 

Орта есеппен алғанда мұнайдың қазіргі әлемдік бағасынан 2 есе арзан. Ескі кен орындарында мұнай өндірудің өзіндік құны барреліне 40 доллардан жоғары. 

Иә, біз мұнай өндіретін елміз. Мұнай да кез-келген тауар сияқты өзіндік құнға ие. Біз "ақ алтын" өндірушілерді ішкі нарыққа өзіндік құнынан төмен сүт жеткізуге мәжбүрлей алмаймыз ғой. Ал мұнайға қатысты мәселеде теңгерімсіздік ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді. 

Әлемдік нарықта Қазақстан мұнайының бағасы Brent эталондық сұрпының фьючерстік бағадан біршама төмен. Шартты түрде барреліне 64 доллар деп алайық, әлемдік бағаны 67-ден жоғары деп есептейік. 

1 баррельде 159 литр мұнай бар. Сәйкесінше 64 доллар /159*425 =171 теңге. Яғни шикі мұнайдың бір литрі 171 теңге тұрады. Ал бізде дайын өнім – бензин 160 теңге тұрады!

Дайын өнім шикізаттан арзан сатылатын қандай экономикада бар? Біздің мемлекет әлеуметке бағдарланған, сондықтан ол халыққа, ШОБ-қа, өнеркәсіпке бензинді төмен бағамен ұсынып отыр.

Қараңыз, бір литр сүт 300, ал май түрінде өңделген өнім бірнеше мың теңге  тұрады. Май сүттен арзан болатын жағдай болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Иә, біз сүт пен мұнай өндіреміз, бірақ бұл біреу оларды өзіндік құнынан төмен сатуы тиіс дегенді білдірмеуі керек. 

Бесінші аңыз: жеткізушілер тізбегі күмән туғызады 

Бұрын мұндай мәселе болды. Қазір мемлекеттік органдар нарықты ырықтандыру үшін көп күш жұмсады және монополиялық сөз байласуды реттеді. Осы жылдың наурызынан бастап мұнай өнімдері қазақстандық биржаларда, дәлірек айтқанда, ЭСА-да (электрондық сауда алаңы) саудаланады. 

Біліктілік талабына сай келген кез келген адам сауда-саттыққа қатысып, мұнай өнімдерін сатып ала және сата алады. Бұл қолданысқа баға белгілеудің нарықтық, ашық механизмі еніп жатыр деген сөз.  Жеткізушілер, трейдерлер, көтерме мұнай базалары, ЖҚС желілері мәмілелерді тікелей жасай алады. Бас прокуратураның тексерісі нарықта сөз байласудың жоқтығын көрсетіп отыр. Бұл жердегі әңгіменің барлығын өзіндік құнға қатысты деп қабылдау қажет. 

Айта кетейін, жанар-жағармай құю стансалары желісінің маржасы бұрын бензин мен дизель отынының литріне 3-5 теңге болатын. Қазір ол 1-2 теңгені құрайды. 

Алтыншы аңыз: бензин қымбаттаса  – барлығы қымбаттайды 

Иә, мұны барлығы біледі және айтады. Осы уәжді сараптап көрейік. 
Бензин шамамен 5-7 теңгеге, бір литр үшін 160-162 теңге деңгейіне дейін қымбаттады. Өсім 3-4% құрады. Естеріңізге салайын, баға ұзақ уақыт бойы шамамен осы деңгейде болды. Ал жылдық ресми инфляция жылына 5-7% дәлізін құрады. Яғни бензин қымбаттаған жоқ. 

Жеңіл автомобиль шамамен 100 шақырымға 10 литр бензин  тұтынады. 1000 шақырым жүрген көлік иесі айына 100 литр бензин жағады. 

Жанар жағармайдың 5-7 теңгеге қымбаттауы шығынды айына 500-700 теңгеге немесе жылына 6-8 мың теңгеге өсіреді. Бұл цифрда апокалиптикалық ештеңе жоқ. Біз қазір мобильді интернет үшін айына шамамен осындай ақша төлейміз. Мұнда, әрине, қарсылық білдіруге болады: отын кез келген өнім мен қызметтің өзіндік құнының негізі. Бұл – даусыз. 

Алайда отынның инфляцияға қосатын үлесі аз. Жылына шамамен 0,2-0,3%. Сонымен біз негізгі аңыздарды қарап, талқыладық. Баға неліктен өседі және оны төмендету үшін не істеу керек? Мұны келесі материалдарда түсіндіремін. 

P.S. Қазақстандықтарға еуропалық өмір сүру деңгейін үнемі уәде ететін "Француз" қашқын банкир бар. Бірақ ол Францияда бір литр бензин 747 теңге тұрады деп айтпайды. Бұдан шығатын қорытынды қазақ бауырсағы француз бөлкесінен дәмдірек.

Олжас Байділдинов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу