"ҚазМұнайГаз" топ-менеджерлерінің жалақысы 30% қысқарды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9222

Ұлттық компания 9 айдың шоғырландырылған қаржылық есебін жариялады. 

"ҚазМұнайГаз" топ-менеджерлерінің жалақысы 30% қысқарды

Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаевтың мәлімдеуінше, есептік кезеңде ұлттық компанияның таза пайдасы 136 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 82,8%-ға кем көрсеткіш.

"Мұнай бағасының арзандауы, пандемия және ОПЕК+ келісімі аясында өндіріс көлемінің азаюы теріс сальдо қалыптастырды. Дегенмен нәтиже біз күткеннен жақсы болды", – деді Дәурен Қарабаев.

Бұдан кейін ол биыл ұлттық компания операциялық шығынын 147 млрд теңгеге қысқартқанын, алдағы 5 жылда бұл көрсеткіш 586 млрд теңгеге жеткізілетінін жариялады.  

Оның айтуынша, ұлттық компанияның 9 айдағы жалпы түсімі 3 334 млрд теңгені құрап, былтырғы көрсеткіштен 35,0%-ға төмен болды. Ал EBITDA көрсеткіші 43,2%-ға құлдырады. Түсім динамикасына Brent маркалы мұнай бағасының бір жылда 36,4%-ға төмендегені және KMG International  компаниясының мұнай трейдингі мен мұнай өнімдерін сату көлемін азайтуы кері әсер етті.  

Дәурен Қарабаевтың мәлімдеуінше, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ қызметкерлерінің жалақысы 6,7%-ға қысқарды. Әкімшілік және басқару қызметінің өкілдері айлығы азайғандардың қатарына қосылды.

"Басқарушы персоналдың жалақысына арналған шығыстар жалпы және әкімшілік шығыстарда ескеріледі. Міне, осы шығыстар 6,7%-ға қысқартылды", – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Белгілі болғандай, әкімшілік және басқару қызметі өкілдерінің жалақысы былтырғы 64 млрд теңгеден 2020 жылдың тоғыз айында 59,7 млрд теңгеге азайды.

Дәурен Қарабаевтың айтуынша, өндірісте еңбек ететін қарапайым адамдардың жалақысына жұмсалатын шығыстар 4,3%-ға ұлғайып, 235,6 млрд теңгеден 245,7 млрд теңгеге өсті.

"Біз бонустардан, сыйлықақыдан бас тарттық және топ-менеджерлердің жалақысын қысқарттық. Бұған қоса орталық аппарат қызметкерлерінің  штатын 34%-ға азайттық. Оңтайландыру нәтижесінде 2020 жылдың 9 айында күрделі салымдар 13%-ға немесе 338 млрд теңгеден 293 млрд теңгеге дейін төмендеді. Тоғыз айда жалпы және әкімшілік шығыстар 21%-ға, яғни 135 млрд теңгеден, 107 млрд теңгеге қысқарды", – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу