Қазпочта Jumore-мен ынтымақтастық орнататын болды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
8092

Ұлттық компания қазақстандықтардың қытай алаңында сатып алған тауарларын тасымалдамақшы.  

Қазпочта Jumore-мен ынтымақтастық орнататын болды

ЕХРО-2017 көрмесі аясында өткен ҚХР Чжэцзянь провинциясы аптасының ашылу салтанатында "Қазпочта" АҚ және Jumore арасында ынтымақтастық туралы меморандум рәсімделді. Бұрын шамамен қазақстандық 50 компания Jumore электронды сауда алаңы арқылы Қытайға тауар сататын. 2017 жылдың соңына қарай қытайлық электронды сауда алаңына Қазақстанның 100 компаниясы ұсынылмақшы.  

"Қазпочта" АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтың abctv.kz-ке айтуынша, келісім қазақстандық ұлттық компанияның логистикалық желісін пайдалану мүмкіндігін қарастырады.

"Олар біздің жеткізу жөніндегі логистикалық инфрақұрылымды пайдаланғысы келеді. Оның ішінде b2c бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Біздің мақсатымыз егер олардың қызығушылығы болса, соған көмектесу", – деді ол  abctv.kz-ке.

Дәл қазіргі уақытта Қазпочта Қытайдың барлық почта әкімшілігімен және логистикалық компанияларымен жұмыс істеп жатыр.

"Біз барлық компаниямен жұмыс істейміз. Бізде америкалық алаңдармен уағдаластық бар. АҚШ-та Қазақстанға жеткізілетін тауарлар жинақталатын орын бар. Сол жерден алып, Қазақстанға жеткіземіз. Қазір біздің азаматтарға тиімді болу үшін жеткізу уақытын қысқартып жатырмыз. Жақын арада Ұлыбританиядан да орын ашпақшымыз. Германиямен де жұмыс істейміз. Бірнеше күн бұрын Мәскеуден да орын аштық", – деді Сәкен Сәрсенов.  

Сондай-ақ Қазпочта басшысы компания авиабилеттерді онлайн-сервис бойынша сатуды одан әрі дамытатынын айтты. 

"Бұл агенттік бизнестің бір түрі. Қазір осы бағытты үйреніп жатырмыз", – деді ол.

Компания басшысы ұлттық компанияның қазіргі жасап жатқаны осы секторда қалыптасқан бизнеске "кедергі" болмайтынын да айтты.

"30 маусым күні барлық компаниямен кездесетін боламыз. Кездесу барысында келісімге келеміз деп ойлаймын. Біздің бизнеске кедергі келтіру туралы ойымыз жоқ. Біз мұны азаматтарымызға қолайлы болсын деп жасап отырмыз", – деді ол.

Алайда ол ұлттық компания авиабилет сату нарығында қандай үлесті алғысы келіп отырғанын айтпады.

"Қазіргі нарық ойыншыларымен шешетін мәселелер бар. Ынтымақтастық жасаудың бірнеше түрі бар. Біз оларға өзіміздің  төлем жүйемізді ұсына аламыз", – деді ол.

Сонымен қатар Қазпочта құнды қағаздар саудасы саласындағы қызметін жалғастыратын болады.

"Бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Құнды қағаздар сатумен айналысамыз. Біздегі сервис нашар деп айта алмаймын. Бұл мәселемен негізгі бизнесті қолдау үшін айналысып жатырмыз", – деді компания басшысы.

Бұған дейін  "Қазпочта" АҚ-ның инновация және ақпараттық технология жөніндегі басқарушы директоры Нариман Мұқышев авиа-теміржол билеттерін сату сервисінің іске қосылғанын айтқан болатын.

Бұдан бұрын Қытайдан Қазақстанға келетін сәлемдемені жеткізу мерзімі екі есе қысқарады делінген еді. Осыған қатысты "Қазпочта" АҚ және China Post Group өкілдері тиісті келісімшартқа қол қойған.

"Қазақстан Республикасы почтасына кіретін жалпы көлемдегі қытайлық сәлемдеменің үлесі бүгінгі күні 60%-дан асады және жылдан-жылға өсіп келеді. Егер 2014 жылы ол 2,5 млн дана болған болса, 2015 жылы 3,6 млн данаға дейін өсті. Былтырғы жылы бұл көрсеткіш 4 млн дана болған.  2017 жылдың I тоқсанындағы көрсеткіш 2016 жылдың I тоқсанындағы көрсеткіштен екі есе артық болды", – деп Қазпочтаның баспасөз қызметі мәлімдеген.

"Жеткізу мерзімі бойынша да дамуды мақсат етіп отырмыз. Келешекте сервис сапасын арттыру үшін қытайлық тарапқа жеткізу мерзімін екі есе қысқартуды ұсындық", – деді ол.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу