Қазпошта сүт тасиды

4588

Павлодардың кооперативі шалғайдағы ауылдардан сүтті инженерлік жобалар және Қазпоштаның көмегімен жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазпошта сүт тасиды

"Облыс және жалпы Қазақстан бойынша жиналатын сүттің 70%-ы жеке шаруашылықтардан алынады. Бұрындары бұл іс орталықтандырылған болатын, онымен ірі фермерлер айналысқан, ендігі кезде олардың саны кеміп келеді. Бүгінде жекеменшік шаруалардың жағдайы бірдей емес: қалаға жақын, жүз шақырым қашықтықта орналасқан шаруа қожалықтарына сүт зауыттары таласып жатады. Ал шалғайдағы ауылдардан сүтті ешкім жинамайды", – деп түсіндірді abctv.kz-ке "Родная долина" ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Талғат Сұлтанов.

Кооператив былтырғы жылдың маусым айында ашылған, екі құрылтайшы – "Вектор S" АӨК-ЖШС және "ЭкоМастер" ЖШС сүт зауытын сатып алып, оны жаңартуға 102 млн теңге сомасында инвестиция салды. АӨК-нің алға қойған алғашқы мақсаты – сүтті өңдейтін өз өндірісінің болуы орындалды. Зауыттың жобалық қуаты  2000 тонна сүт, 160 тонна май, 2800 тонна ашыған сүт өнімдерін, 180 тонна қаймақ және 271 тонна сүзбе жасауға жетеді. Енді мұндағылар келесі кезеңге – шалғайдағы ауылдарда тұратын жекеменшік шаруаларды зауытқа жақындатуды қолға алды, бірақ облыста үш шағын кәсіпорын салғанның өзі біраз қаражатты қажет етеді.

"Ресейдің өндірушілері шағын-зауыт салуды ұсынып отыр, бірақ оның бағасы 17 млн теңгеден басталып 30 млн теңгеге дейін жетеді. Ал біз болсақ ресейлік әріптестеріміздің  ерекше инженерлік жобалары арқылы бұл бағаны 10 млн теңгеге дейін төмендеткіміз келеді. Оның үстіне модульді алуға қажетті инвестицияның басым бөлігі мемлекет бөлетін субсидияның есебінен жабылады. Нәтижесінде біз бұл модульді арзандатқанымыз сонша, ол өте табысты болайын деп тұр. Модульде өндірілетін өнім сертификатталмайды, ол зауытта жасалады", – деді кооператив төрағасы.

"Сүттің жалпы салмағының 82%-ын су құрайды, сондықтан оны сол күйінде алыс қашықтыққа жеткізу тиімсіз. Осы мәселені шешу үшін  біз сүтті орнында қабылдап, бірден өңдейтін модульдерді қоямыз. Ресейлік компаниямен бірлесіп жасаған үлгілік модуль тәулігіне бір тоннаға дейін сүт жинай алады", – деді Талғат Сұлтанов.

Ал тасымалдау мәселесін Қазпоштаның көмегімен шешу жоспарланып отыр.

"Бұл – жүк тасымалдаумен айналысатын логистикалық ұйым. Осы жүйені пайдалануда біздің мүдделеріміз бір жерден шықты, себебі ауылға пошта жеткізгенде, көлік бос қайтады, біз осы мәселені реттейік деп шештік. Жергілікті байланыс бөлімінің басшысы біздің идеямызды қош көрді. Бірлесіп екі жаққа да тиімді тарифті есептеп шығардық. Нәтижесінде барлығы бір жоба болып шыға келді, ол шалғайдағы елді мекендерден сүт жинап қана қоймай, сонымен қатар оны өңдеп, Қазпоштаның қызметімен мемлекеттік стандартқа сәйкес өнім шығаратын зауытқа жеткізуге мүмкіндік береді", – деді кәсіпкер.

Шағын өндіріс сырттай қарағанда ұзындығы 12 метрге созылған теңіз контейнеріне ұқсас. Оның ішіне сүтті өңдейтін қарапайым құрылғы орналасады. Оған қоса жиынтықта өнімді тасымалдайтын арнайы контейнерлер болады.

Аталған бағдарлама ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының аясында жүзеге асырылатын несиелеу шарттарына дәл келетініне сендірді кәсіпкер.  Бұл ауылшаруашылық кооперативтерін несиелеу және жұмыспен қамту бағдарламалары. Мұның екеуі де осындай модульдерді қаржыландыруға сай келеді. Модульдер бірлесе қаржыландырылып алынады: қаражаттың бір бөлігін кооператив  берсе, бір бөлігін мемлекеттік қор жабады, қалған қаражатты ауылдық кәсіпкер өз қалтасынан шығарады.

"Біз модульдерді әдейі өз ақшамызға сатып алмаймыз. Олай істей алар едік, бірақ істемейміз. Себебі адам жобаға ақшасын салмаса, ол үшін қам жемейді. Бізге жалдамалы жұмыскер керек емес. Айта кетейін, жобаға қатысамын деп ниет білдіргендер баршылық. Жалпы, бұл франшиза секілді, дайын жоба: аздап ақша салып, жабдық орнат та, жұмыс істей бер. Өнімді өткізу бойынша бас қатырмайсың. Барлығы шешіліп қойған", – дейді Талғат Сұлтанов.

Оның айтуынша, қазір зауыттар арасында бәсекелестік жоғары, сондықтан оларға өнім жасауда табиғи емес шикізатты пайдалануға тура келеді, бұл сапаға нұқсан келтіреді.

"Өнімді өткізу бойынша қиындық жоқ, Ресей нарығында біздің өнімге деген сұраныс жоғары. Қазіргі кезде олардың нарығында табиғи өнімнің тапшылығы байқалады. Түрлі спред (жануарлар майы) және пальма майынан жасалған өнімдер қаптап кетті. Сүт өнімдерінің нарығы екі негізгі бөлікке бөлінген. Табиғи сүт өнімінің нарығы бар, ондағы баға да өзгеше, өз тұтынушылары бар. Сондай-ақ қалған өнімдердің нарығы бар – яғни, ол сүт өнімдері деп аталады, бірақ жүз пайыз табиғи өнім емес. Мысалға, бізден ресейліктер май алғысы келеді, себебі оның таза өнім екенін жақсы біледі", – деді Талғат Сұлтанов.

Алғашқы модуль қыркүйек айында қала маңындағы бір кентте пайда болады деп жоспарланып отыр. Қызығушылық білдірген адамдар оның қалай жұмыс істейтінін көріп, баға бере алады. Бұл істе серіктестер табатынына кәсіпкер сенімді.

Бүгінгі таңда "Родная долина" АӨК Павлодар өңірі мен Ақсу қаласының ауылдық елді мекендерінде орналасқан 250 жекеменшік қосалқы шаруашылықтан сүт жинайды.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, 2017 жылы "Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры" АҚ бағдарламаларды іске асыруға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге 617,6 млн теңге қаражат бөлген.

Әйгерім Сүлейменова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу