ҚазҰТУ жатақханасынан дау шықты

Университеттің бұрынғы қызметкерлері жатақхананы босатпай отыр, ал студенттерге жатақхана жетпейді. 

ҚазҰТУ жатақханасынан дау шықты

Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ге қарасты №5 жатақханада осы уақытқа дейін 50-ге жуық отбасы өмір сүріп келген. Олардың барлығы оқу ордасында әр жылдары жұмыс істегендердің отбасылары. Бұрынғы басшылық жатақхананы қызметтік бөлме ретінде уақытша берген. Ал қазіргі басшылық студенттерге жатақхана жетпеген соң, олардан көшуді сұраған.

2019 жылы бұл іске байланысты 16 сот отырысы өткен.  Университеттің баспасөз қызметі бөлмелерді босату туралы сот шешімі шыққанын айтады. Соған қарамастан, олар  жатақханадан көшпей отыр.

"Кезінде жоғары оқу орнының бұрынғы басшылығы қызметкерлеріне №5 студенттер үйінен бөлмелер берген болатын. Еңбек шарты күшін жойған соң, бұл азаматтар оны босатып берулері тиіс еді. Алайда олар қазірге дейін түрлі сылтаулармен бұл жерден көшкен жоқ. Тұрғындар уақытты созып, осы шешімге мойынсұнбай отыр", – дейді ҚазҰТУ өкілдері.

21 тамыз күні жатақханаға 1- курс студенттері көшіп келуі тиіс болған. Алайда университеттің бұрынғы қызметкерлері кіреберіс есікті жауып, студенттердің  кіруіне кедергі келтірген.

Нәтижесінде 1-курстың 250 студенті жатақхананың босауын күтіп отыр. Олардың ішінде көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан адамдар да бар.  Өткен аптада олардың бірқатары БАҚ-қа хабарласып, мұңдарын шаққан еді. Сол кезде универистет басшылығы жақын күндері жатақханамен қамтимыз деп уәде еткен. Дегенмен аталған даудың орын алуынан бұл мәселе әлі шешілмеген.

Жатақхана дауының әлі ұзаққа созылатын түрі бар. Өйткені  №5 студенттер үйінде өрт қауіпсіздігі бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек болатын. Тіпті оны уақытша жабу туралы ТЖД-нің ұйғарымы да бар. Бірақ университет қызметкерлері жөндеу жұмыстары тұрмақ, өздері де мұнда кіре алмай отыр.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу