Қазынаға қол салған клубтар енді қайтпек?

1814

Коронавирус пандемиясы әлем экономикасына ғана емес, спортына да ауыр соққы болды. Індеттің салдары қиын болатын түрі бар. Әсіресе, отандық футболдың жағдайы мәз емес.

Қазынаға қол салған клубтар енді қайтпек?

Ойыншылар мен агенттерге құтты мекен болған салаға қауіп төнді. Заманында қазынаның қаржысын оңды-солды шашқан аяқдоп шаруашылығы енді қайтып еңсесін тіктеуі қиын. Пандемия басталғанда клубтардың біразы футболшылардың жалақысын қысқарту арқылы үнемшілдікке көшті. Себебі команда бюджетінің басым бөлігі ойыншылардың айлығына кететін. Сәуір айында облыстың ерке баласы секілденген "Оқжетпес" пен "Ордабасы" аяқдопшылардың жалақысын азайтады деген ақпарат тарады. Қазынадан кемдік көрмеген алпауыт "Астананың" да қысқартуға ұшырауы мүмкін. Елорданың миллиондап табыс табатын футболшыларына тықыр таянды. Әрине, алаң жағалаған жұрттың Қазақстандағы өмір сүру деңгейінен әлдеқайда жоғары жалақы алатыны белгілі. Тек бұрыннан айтылып келе жатқан мәселеге билік те басқасы да аса мән берген емес. Енді футболды дамыту былай тұрсын, білдей бір аймаққа тиесілі жалғыз команданы сақтап қалудың өзі мұңғы айналды. Премьер-лиганың кей клубтары күрделі жағдайды ақылға салып шешті. Футболшылар мен басшылық өзара келісімге келгендей. Бірақ дау басқа жақтан шықты. Елдегі ең өндірісті қала саналатын Павлодардың футболы жоғалудың алдында тұр. Заманында Азия чемпиондар лигасының жартылай финалында ойнап, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы атанған "Ертіс" баяғы ағысынан жаңылып, жемқорлықтың арқасында сағасы суала бастады. Сәуірдің басында клубтың шаруашылығына қатысты тексерістің нәтижесі шықты. Аудит көптеген заңсыздықты анықтап, талан таражға түскен қаржының есебін жариялады. Клубың салықтық қарызы миллиард теңгеге жетіпті. Салдарынан "Ертіс" биылғы маусымды орта жолдан аяқтап, премьер-лигадан шығып қалудың алдында тұр.

Футболшыларға жыл соңына дейін жалақыларын қысқарту туралы ұсыныс айтылды. Ақпарат құралдарының жазуынша басшылық легионерлердің табысын 50 процентке, ал қазақстандық ойыншылардың жалақысын 70 процентке азайтуды көздейді. Егер футболшылар мен жаттықтырушылар штабы ұсынысты қабыл алмаса, тараптар арасындағы келісім-шарт күшін жойып, мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін.

"Қазір елімізде барлық шағын және орта бизнес тоқтап тұр. Адамдар 42 500 теңге алып келді. Неге футболшылар бірнеше миллиондық жалақыларын 42 500 теңгеге қысқартуға келіспейді. Бұл қай жағынан алып қарасаңыз да әділетті шешім деп ойлаймын. Ешкімнің құқығы бұзылып отырған жоқ. Бәрі де заң аясында істеліп жатыр. Әйтпесе, футболшылар бірде бір матчқа қатыспай, миллиондлаған жалақысын алып отыра берер еді. Тіпті қазір ешқандай толыққанды жаттығулар да өткізіліп жатқан жоқ" дейді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов.

Жалпы "Ертістегі" күрмеулі мәселе өткен жылдан бері созылып келеді. 2019-шы жылдың маусымында клуб басшылығы облыстың құрметті азаматы атанған жаттықтырушы Димитар Димитровқа оғаш қылық танытып, ұят іс-әрекетке барды. Бас бапкерді командасының жаттығуына жібермей қойды. Болгар маманы мен клуб арасындағы кикілжің дау-дамайға ұласып, Димитров Қазақстаннан, нақты айтқанда, "Ертістен" түңіліп қайтты. Кейін Димитар ФИФА-ға арыз жазып, істі өз пайдасына шешті. Команда басшыларының өзімбілемдік ақылға сыймайтын іс-әрекетінің салдарынан "Ертіске" қомақты айыппұл салынды. Енді Керекулік клуб Димитров пен оның екі көмекшісіне 1,2 миллион еуро төлеуі тиіс. Биыл көктемде команданың бас демеушісі "ERG" компаниясы да сырт айналып, жығылғанға жұдырық болды. Яғни, "Ертіс" 2 миллиард теңгеден қағылды.

Павлодар командасының мәселесі жақын арада шешілетін түрі жоқ. Қарыздан құтылу үшін клубты тарату жайы да айтылды. Әзірге басшылықтағы ауыс-түйістермен шектеліп жатыр. Клуб директоры болып Александр Гончаренко тағайындалды. Ол жергілікті жанкүйерлерге жақсы таныс. Оның жасыл алаңдағы мансабының басым бөлігі Павлодарда өтті. Гончаренко 2005 - 2012-ші жылдар аралығында клубта басшылық қызметте болды. Осы жылдары "Ертіс" екі мәрте ел чемпионатының қола жүлдегері атанды. Гончаренко соңғы бес жылдан бері "Қызыл-Жар" командасының спорт директоры қызметін атқарды. Былтыр Петропавл клубы араға тоғыз жыл салып, премьер-лигаға жолдама алғаны белгілі. Сондықтан Гончаренконы дағдарыстан алып шығар менеджерге теңеп жатқандар да бар. Ал, бұрынғы қақпашы Давид Лория "Ертістің" спорт директоры қызметіне жайғасады. Екі маман "Ертісті" баяғы ағысына қайта бұруға бел шешіп кірісуі тиіс. Команда жақында жаттығу жұмыстарын қайта бастады. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу