ҚДБ "Қазмырыш" компаниясының жаңа жобасын қаржыландырады

4336

Мемлекеттік банктің Қарағанды облысындағы жаңа тау-кен фабрикасының құрылысына бөлген қаржысы кен қорының таусылуын жоюға көмектеседі.

ҚДБ "Қазмырыш" компаниясының жаңа жобасын қаржыландырады

"Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы "Жәйрем тау-кен комбинаты" компаниясымен Қарағанды облысының Жәйрем кентінде тау-кен фабрикасы құрылысына несие желісін ашу туралы келісімшарт жасады. Бұл құжатқа  20 қазан күні қол қойылды деп хабарлады ҚДБ кеңсесінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына қатысқан abctv.kz тілшісі.  

"Қазмырыш" ЖШС  (Жәйрем ТКК-ның 99,91 %-ын бақылайды) мәлімдеуінше, жоба Шығыс Қазақстан облысындағы қоры таусылуға таяған ресурстық базаны алмастыруға бағытталады.

"Біздің Шығыс Қазақстандағы шикізат базамыз бітпейтін дүние емес. Жаңа нысан салу стратегиялық шешім, ол шығындарды азайтып,шикізатты өңдеуге қатысты бірқатар маңызды міндеттерді шешеді. Жәйрем тау-кен комбинаты (ТКК) "Қазмырыш" компаниясының еліміздегі тау-кен өндіру саласын дамытуға бағытталған әлеуетті жобасы", – деп мәлімдеді "Қазмырыш" компаниясының бас директоры Александр Хмелев.

ҚДБ басшысы Болат Жәмішев жаңа ТКК ескі кен орындарындағы қор таусылғаннан кейін ресурстық базаны сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтты.

Жаңадан салынып жатқан тау-кен комбинаты жылына 5 миллион тонна полиметалл кенін шығаратын болады. Жобаның жалпы құны 424 млн долларды құрайды және екі кезеңге бөлінген. Мемлекеттік банк жалпы құны 352  млн долларды құрайтын жобаның алғашқы кезеңіне инвестицияның жартысын шамамен 30% мөлшерде құймақшы болып отыр. 

ҚДБ басқарма төрағасы атап көрсеткендей, ұсынылатын қарыз мөлшері  жеті жылға 33 млрд теңге және жылдық 7,9% мөлшерлеме бойынша беріледі. Инвестицияның қалған көлемін компания өз қаражатынан салады.

Қаржыландыруға қатысты мөлшерлеме және қарыз беру мерзімі – жоба бойынша серіктес іздеуде негізгі басымдық болды деп атап кетті Александр Хмелев.

"Қазмырыш" компаниясы қарызды көбінесе Батыстан алады. Қарыз алушы тарапынан талап қатаң болғандықтан, Қазақстанда қарыз беретін кредитор табу қиын", – деді "Қазмырыш" ЖШС бас директоры.

Жоба 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында қаржыландырылуда. Болат Жәмішев ҚДБ ұсынып отырған қаражаттың жартысы, яғни 33 млрд теңгесі бюджеттің ақшасы, ал қалғаны нарықтың ақшасы екенін айтты.

ҚДБ таратқан баспасөз баянында жаңа фабриканы салудың  бірінші кезеңі тау-кен жұмысын жүргізуді және ауырлығы орташа сепарация цехын салуды қарастырады деп жазылған. Бұл жердегі тау-кен жұмысы дегеніміз – Батыс және  Қиыр батыс, сондай-ақ Жәйрем кен орны карьерлерін әзірлеу. Бірінші кезеңді іске асыру мерзімі 2018 жылдың соңына жоспарланған. Осы уақытта фабрика ауыр фракциялы қайта байытылған кен шығара бастайды.

Қазақстан Даму банкі атап көрсеткендей, жобаның  екінші кезеңі де бірден қолға алынады. Оның мақсаты  – Жәйрем тау-кен комбинаты үшін жаңа өнім мырыш концентратын шығару. Жобаның екінші кезеңінде кен байыту фабрикасының бас корпусын салу, сондай-ақ қосымша инфрақұрылымдарды тұрғызу жоспарланып отыр. Екінші кезең 2019 жылдың IV тоқсанында іске асырылады.

Жобаны жүзеге асыру қорытындысы бойынша, жаңа фабрика бес миллион тоннаға дейін полиметалл кенін өңдейтін болады. 2020 жылдан бастап флотациялық концентратта шығарылатын металдардың эквиваленті 130 мың тонна мырыш, 60 мың тонна қорғасын және 25 тонна күміс болады деп хабарлайды тараптар.

Жобаның екінші кезеңі қашан қаржыландырылатыны әзірге белгісіз. ҚДБ басшысы Болат Жәмішев мемлекеттік банк бірлескен қаржыландыруға қатысуға дайын екенін тілге тиек етті.

"Мұндай мүмкіндікке қол жеткізу үшін бизнес-рәсімдерді дайындап, нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерту енгіздік. Біз өзіміздің келісімшартымызбен қатар, екінші деңгейлі басқа  банктердің де келісімшарттарына қатысуға дайынбыз", – деп нақтылады банкир.

"Қазмырыш" – Қазақстанда және әлемде ірі мырыш өндіруші. Компания тек мырыш өндірумен ғана емес, сонымен қатар мыс, қорғасын, күміс және алтын сияқты металдарды өндіреді. Компанияның негізгі өндірістік қуаты Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Компания әлемдегі ең ірі шикізат трейдерлерінің бірі Glencore International-ға тиесілі.

Жәйрем ТКК – "Қазмырыш" ЖШС-ның еншілес компаниясы. Темірмарганецті және барит-қорғасын өндіретін Үшқатын-3 кен орны, Жәйрем барит, қорғасын, мырыш және күміс кені бар Жәйрем кен орны, сондай-ақ темір-марганецті Жомарт кен орны фабриканың минералдық базасы болып табылады.

Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу