ҚДБ Шымкент МӨЗ-ін қаржыландырады

Аскар Чокин Аскар Чокин
3811

Жалпы құны 1,9 млрд долларды құрайтын жаңғырту жобасына банк 932 млн бермекші.

ҚДБ Шымкент МӨЗ-ін қаржыландырады

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның еншілесі – "Қазақстан Даму Банкі" АҚ (ҚДБ) "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" (ПҚОП) ЖШС-ның Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру жобасын қаржыландыру үшін несие желісін ашты.

ҚДБ баспасөз қызметі мәлімдегендей, банк жалпы сомасы 932 млн долларды 13 жыл мерзімге қарызға береді. Жалпы сомасы 1,9 млрд доллар тұратын жоба 2015-2019 жылдарға арналған ҚР индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қаржыландырылады.

Алайда ҚДБ ПҚОП-қа беретін қарыздың құнын нақтылаған жоқ.

Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту және қайта құру екі кезеңде іске асырылады: бірінші кезеңде Кедендік одақ елдерінде қабылданған К4 және К5 (Еуро-4 пен Еуро-5 баламасы) экологиялық санаттағы бензин мен дизельдік отын шығаруды реттеу жоспарланған, ал екінші кезеңде тереңдікті, сондай-ақ мұнай өңдеу қуаттылығын жылына 5,250 млн тоннадан 6 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.

Бұған дейін ҚДБ Атырау мұнай өңдеу зауытын (АМӨЗ) және Павлодар мұнай-химиялық зауытын (ПМХЗ) жаңарту және қуатын арттыру жобаларын қаржыландырған еді. ҚДБ ПҚОП-ты қоса алғанда, Қазақстанның үш МӨЗ-ін жаңғыртуға 752,73 млрд теңге бөлінген.

"Негізгі кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыра отырып Қазақстан өнеркәсібінің мұнай өңдеу және мұнай-химиялық салаларын техникалық және технологиялық жаңарту елдің шикізаттық емес экономикасын дамытуға бағытталған ҚДБ мандатының бір бөлігі болып табылады. Барлық сала әлемдік экологиялық стандарттарға сай келетін мұнай өнімдерін шығаруға көшсе, сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі жоғарыласа, бұл жаңғыртудың түпкілікті нәтижесі болар еді", – деді ҚДБ-ның басқарушы директоры Әділ Исмағамбетов.

Жалпы Қазақстанның МӨЗ-ін жаңғырту үш мұнай өңдеу зауытының жылдық қуатын қазіргі 14,5 млн тоннадан 16,5 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

ҚДБ қаржыландырған Батыс Қазақстан облысындағы (БҚО) "Конденсат" АҚ-да Еуро-5 экологиялық санатының моторлы отынын өндіру жобасы аяқталып қалды. Іске қосылған мұнай өңдеу қуаты (жылына 200000 тоннадан астам бензин) БҚО-ның қажеттілігін толығымен өтеуге, сондай-ақ газойл және гудрон сияқты мұнай өнімдерін экспорттауға қауқарлы.

"Қазақстан даму банкі" АҚ (ҚДБ) – 2001 жылы құрылған, Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту және дамытуға бағытталған ұлттық институт. Жұмысының негізгі бағыттары: азық-түлік инфрақұрылымын және өңдеу өнеркәсібін дамыту, ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту және оған жәрдемдесу.

ҚДБ мемлекеттік индустриалдық-инновациялық даму бағдарламаларының ірі инвестициялық операторларының бірі болып табылады. ҚДБ "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның құрамына кіреді.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты – 1985 жылы салынған республиканың ең жаңа зауыты. Жобалық қуаты бойынша жылына 5,25 млн тонна мұнай шығарады. Зауыт Қазақстанның үш МӨЗ-і өндіретін жалпы жылдық мұнай өнімінің 30%-ын шығарады.

ШМӨЗ-ді жаңғырту РИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында 2011 жылы басталды және екі кезеңге бөлінді. Бірінші кезең 2017 жылдың шілде айында іске қосу жұмысымен аяқталады.

Зауыттың 49,72% үлесі "ҚМГ-ӨМ" АҚ мен CNPC-ге тиесілі, ал 0,57% акция миноритарийлердікі.

Әйгерім Сүлейменова, Асқар Чокин

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу