ҚДБ жобаларға 350 млрд теңгедей қаржы құймақшы

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2422

Биыл ол мұнай өңдеу және басқа салаға қатысты жобалар болады.

ҚДБ жобаларға 350 млрд теңгедей қаржы құймақшы

2017 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша "Қазақстан даму банкі" АҚ (ҚДБ) жалпы сомасы 346 млрд теңге болатын алты жобаны қаржыландыруға шешім қабылдады. Олардың қатарында Шымкент МӨЗ жаңғырту мен қайта қалыпқа келтіру,  Астана халықаралық әуежайының жолаушылар терминалын  қайта қалпына келтіру жобалары бар. Сонымен бірге банктің сараптамасында жатқан тағы екі жоба бар. Банк  несие алушы үшін номинальдық мөлшерлеме теңгемен жылдық 11% -дан аспайтын болады деп отыр.  

Іс жүзінде банк қаңтар-сәуір айында жеті инвестжоба мен алты экспорттық операцияны 102,5 млрд теңгеге қаржыландырған.

Қазақстандағы теңгенің құнсыздануынан кейінгі ҚДБ-ның қаржыландыруға шешім қабылдаған жобасының орташа құны қомақты. Биыл банктің мақұлдаған 6 жобасына 346 млрд теңге қажет. 2016 жылы 19 жобаға – 225 млрд теңге, 2015 жылы 17 жобаға – 258 млрд теңге, 2014 жылы 8 жобаға – 209  млрд теңге, 2013 жылы 6 жобаға114 млрд теңге жұмсалған. 2013 жылдан бастап 1152 млрд теңге болатын 56 өтінім мақұлданған.

Осы жылы ҚДБ әр түрлі қарастырау деңгейіндегі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары аясында әлеуетті 12 жобадан бір қоржынды белгілеп алды. Оның жалпы құны 759,6 млрд теңге және машина жасау, химия өнеркәсібі, мұнай-химия, металлургия және құрылыс материалдарын өндіру сияқты саланы қаржыландыруға сұрап отырған сома 312,6 млрд теңге болып отыр.

"Біз сомасы 7 млрд теңгеден аспайтын  инвестициялық жобаларға несие береміз. Егер бұл азық-түлік өнеркәсібіне қатысты болатын болса, онда несие беру шегі 3 млрд теңге. Сонымен бірге 2015-2016 жылы меңгерген жаңа бағытымыз – бұл экспорттық және экспорт алды қаржыландыру. Біз бұл жерде керісінше несие беру көлемін 5 млрд теңгеден 1 млрд теңгеге дейін түсірдік те, тек ірі кәсіпорындар ғана емес, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді ұйғардық", – деді ҚДБ басқармасы төрағасы сәрсенбі күні өткен баспасөз конференциясында.

Теңгенің құнсыздануы барысында несие саясаты туралы меморандумның жаңа редакциясында банк 2016 жылы инвестициялық жобаларды қаржыландыру шегін 30 млн доллардан 7 млрд теңгеге дейін түсірген. Ал азық-түлік саласы үшін 10 млн доллардан 3 млрд теңгеге, экспорттық операцияларды 5 млн доллардан 1 млрд теңгеге дейін түсірдік. Егер 30 млн долларды бір доллар үшін 180 теңге бағамы бойынша есептейтін болсақ, онда керісінше шек өскен, бірақ 300 теңге және одан жоғары бағамда есептесек, шектің төмендеуі шынымен де байқалады.

Болат Жәмішев ҚДБ бизнес-моделді жетілдіріп былтыр өзінің несиелік қызметін қайта құрғанын айтып кетті.

"Бұл, ең алдымен, банк ішіндегі барлық бизнес-процедураларды кейін толық  ақпараттандыру мақсатында ретке келтіру. Біз барлық бизнес-процестерді электронды форматта жасайтын банк болуға ұмтылудамыз. Сонымен бірге қаржыландырудың жаңа құралы жобалық қаржыландыруды енгіздік. Облигациялық несие беру және мемлекеттік-жеке әріптестік механизмдері арқылы қаржыландыру мүмкіндігін меңгердік", – деді ол.

Алдағы 2018 жылы қаржылық есептіліктің халықаралық стандартының (IFRS) 9 енгізілетінін есепке ала отырып, 2017 жылы ҚДБ жұмысы басымдықтарының бірі тәуекел-менеджментін одан әрі жетілдіру болады.

Тексеру қорытындысына сүйенер болсақ, 2016 жылы ҚДБ 6,6 млрд теңге таза пайда тапқан. Несие қоржыны бойынша провизия 2,68%. Банк активтері 2017 жылдың басында 2 трлн 449 млрд теңге болып, бір жылда 15,1%-ға өсті.

"Нұрлы жол" бағдарламасы аясында ҚДБ 247,5 млрд теңгені тартқан (200 млрд теңге Ұлттық қордан, 47,5 млрд теңге басқа қор көздерінен). Сонымен қатар өтеулі қаражатты қайта қолдану есебінен игеру 311 млрд теңге болған. Банк ақшаны негізінен қазақстандық экспорттаушыларды қаржыландыруға (95  млрд теңге) бағыттаған, 13 экспорттық операция бойынша 146, 8 млрд теңге игерілген. Автокөлік өндірушілерін қолдауға 30 млрд теңге бөлініп, 8697 жеңіл автокөлікті және 494 автокөлік  техникасын сатып алуға 37,7 млрд теңге жұмсаған. Вагон шығарушы компанияларды қолдауға 22,5 млрд теңге, 28 жолаушы және 1108  тіркеме вагондарды шығаруға 22,5 млрд теңге жіберілген.

2016 жылы банк 476,1 млрд теңгені тартқан (196,2 млрд мемлекеттік қор көздерінен, 279,9 млрд мемлекеттік емес қор көздерінен, оның ішінде 212,5 млрд ішкі, 67,4 млрд сыртқы қор көздерінен). Сонымен бірге 2016 жылдың 31 желтоқсанындағы бір доллар үшін 333,29 теңге болған бағаммен есептелген.

Былтырғы жылы ҚДБ Sumitomo Mitsui Banking Corporation компаниясымен 300 млн долларға дейінгі сомаға шектелмелі келісім жасаса,  Bank of Tokio Mitsubishi UFG-пен 100 млн долларға дейінгі сомаға қаржыландыру ниеті туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ банк Korea Trade Insurance Corporation компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға және Bank Gospodarstwa Krajowego-мен Қазақстан мен Польшаның тауарларын экспорттап-импорттау және қызмет көрсету жобаларын қаржыландыруға шектемелі келісім жасады.

Жанболат Мамышев, Гүлназ Ермағанбетова

Қазақстан Даму банк ҚДБ, Қаржыландыру, МӨЗ, Шымкент, Болат Жәмішев, Нұрлы жол

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу