Кедей отбасылардың 90%-дан астамын көпбалалы отбасылар құрайды

2130

ЮНИСЕФ-тің зерттеуінше, Қазақстанда 1 млн-ға жуық бала кедейшілікте өмір сүреді.  

Кедей отбасылардың 90%-дан астамын көпбалалы отбасылар құрайды

Бұл – әр алтыншы бала киер киім мен ішер асқа жарымай жүр деген сөз. 
Еліміздегі 340 мыңнан астам көпбалалы отбасының барлығы бірдей жақсы өмір сүрмейді. Бұған "Көпбалалы отбасы" дегеннің және "Аз қамтылған отбасы" деген ұғымның синониміне айналып бара жатқаны дәлел, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қазақстандағы кедей отбасылардың 90%-дан астамы көпбалалы отбасылар. 
Мұндай отбасылар балалары кедейлік шегінен төмен тұратын барлық қазақстандықтардың 40%-дан астамын құрайды. Кедейлік баланың
дұрыс тамақтанбауына, денсаулығының нашарлауына және өмір сүру ұзақтығының қысқаруына әсер етеді", – деп жазылды ЮНИСЕФ-тің зерттеуінде. 

Біздің елде балаларға арналған тұтыну қоржыны жоқ. Жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнің мөлшері төмен. Мысалы, жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері бірінші балаға – 5,76 АЕК (16 801,92 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (19 864,77 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК, (22 898,45 теңге). Әйел адамның декреттік демалысы 3 жылға дейін созылатынына қарамастан, бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы бала 1 жасқа толғанға дейін ғана төленеді. Ал табысынан айырылуына байланысты жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлем тек жұмыс істейтін әйелдерге ғана тағайындалады. 

Енді, мына қызыққа қараңыз, ана мен баладан ақша үнемдеп отырған үкімет 
сотталған бір адамды тегін тамақпен, маусымдық киіммен, төсек-орын жабдығымен, жеке гигиена заттарымен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 86 мың теңгеге жуық ақша жұмсайды. Жылайсыз ба, күлесіз бе?!

Бүгін кедейшілікте өмір сүрген баланың ертең бай-қуатты болып кететіне кепіл жоқ. Кедейлік – қайыршылыққа, қайыршылық – қылмысқа, қылмыс – түрмеге итермелейді. Еліміздің ертеңіне бүгін жасалмаған жақсылық, ертең жасалмайды. 

ЮНИСЕФ-тің дерегінше, елімізде 17 жасқа дейінгі 5 623 387 бала бар. Бұл – халқымыздың шамамен 31%. Осы жас аралығындағы балалардың 3% -ға жуығы мүгедектігі және арнайы қажеттілігі бар бала ретінде тіркелген. Осы санатқа жататын мектеп жасындағы 10 мыңнан астам бала үйде білім алады. Бұл – олардың әлеуметтенуіне кедергі келтіреді. 

Ел ертеңінің құқығын қорғау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған жолдауында келесі жылдан бастап балалардың әл-ауқат индексін енгізуді тапсырды. Бұл индекс балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Отбасының қаржылық әл-ауқатын, баланың отбасымен және құрдастарымен қарым-қатынасын, денсаулық жағдайын, мінез-құлқын, білімін, қоғамдық өмірге араласуын сараптап отырады. 

ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы Артур ван Дизеннің мәлімдеуінше, былтыр Қазақстан балалардың құқығын қорғауға қатысты 22 нормативтік құқықтық акт қабылдады. Бала құқығын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицид мәселесін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасын бекітті. Бұған қоса террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидасы мен мерзімін қабылдады. Бұл жұмыс Президенттің тапсырмасын орындау үшін атқарылды. 

Үкімет отырыстарының бірінде Премьер-министр Асқар Мамин әл-ауқат индексі арқылы балалардың жағдайын жақсарту бағытында әрекет етіп жатқан мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижесі бақыланатынын мәлімдеді. 

"Білім беру мекемелеріндегі бейнебақылау жүйесінің полицияның жедел басқару орталықтарымен интеграциялануына, "дабыл түймесінің" болуына және шұғыл әрекет етуіне ерекше назар аудару қажет. Барлық іс-шара оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс", – деді Асқар Мамин. Сондай-ақ ол Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге ерте даму және скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационарлары мен емханаларының материалдық-техникалық базасын жетілдіруді жүктеді.

Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасына: "2022 жылы балалардың әл-ауқат индексі енгізіледі. Ол балалардың өмір сүру жағдайы мен денсаулығы, білім, әлеуметтену, отбасы мен қоғам сынды маңызды салалар бойынша көрсеткіштерді анықтауға септігін тигізеді. Оның негізінде балалардың құқығын қорғау бойынша қалалардың, аудандардың, ауыл-аймақтардың рейтингі түзіледі. Білім алудың қауіпсіз жағдайын жасау үшін әр білім беру ұйымын бейнебақылау және қажетті заттармен жабдықтау мәселесі  қарастырылып жатыр. Буллинг, суицид проблемаларын шешу ерекше назарды қажет етеді. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау – өте маңызды. Кибермәдениет пен кибергигиенаны қалыптастыру тақырыбы мектеп бағдарламасына енгізілуі керек", – деп жазды. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу