KEGOС-тың негізгі қызметтен түскен табысы 87 млрд теңгені құрады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3495

Компанияның ең басты жетістігі – қаржылық қызметтегі табыстылық пен тұрақтылық.

KEGOС-тың негізгі қызметтен түскен табысы 87 млрд теңгені құрады

"KEGOС" акционерлік қоғамы "Эмитент күндері" аясында Қазақстан қор биржасында (KASE) 2018 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған таныстырылым өткізіп, сарапшылардың сауалына жауап берді. Бұл ретте компанияның ең басты жетістігі тұрақтылық пен қаржылық қызметтің нәтижелілігі екенін бөле-жара атап өткен абзал. Компания жақын уақытта өз акциялары бойынша қомақты дивиденд төлеуге ниетті.

"Фридом финанс" компаниясы басқару департаменті директорының орынбасары Асхат Ержановтың пікірінше, KEGOС-тың қаржылық қызметінің нәтижесі талайды таң қалдырған. Нақтырақ айтсақ, компанияның әрбір акциясынан 100,66 теңге пайда түскен. Таза табыс 46%-ға немесе 26 млрд теңгеге дейін өскен. 

"Компанияның салықтар мен пайыздарды төлегенге дейінгі пайдасы, яғни EBIT табыстылығы айтарлықтай жақсарып келеді. Мәселен, аталған көрсеткіш 2016 жылы 27%-ға, былтыр 33%-ға артқан. Ал 2018 жылғы өсім 40%-ды құрап отыр. KEGOС "Самұрық-Қазынаның" құнды қағаздарына 25 млрд теңге инвестиция аударды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша компания әрбір акцияға төленетін дивиденд көлемін 70 теңгеге дейін арттыруы мүмкін. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 75%-ға жоғары. Былтыр әрбір акцияға 40,13 теңгеден айналған болатын", – дейді Асхат Ержанов.

"Фридом финанс" өкілінің айтуынша, 2017 жылы KEGOС акциялары бағасының өсімі 20%-ға тең болған. Ал жыл басынан бері акциялар 5%-ға қымбаттаған.

"Дивидендтерді есепке алмағанда, 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап компанияның акциялары 192% табыстылық деңгейін көрсетті. Бұл ретте, Халықтық ІРО-ға қатысқан инвесторларға төленген дивиденд 4 787 100 318 теңгені құрады. Ал 2016 жылдан бастап KEGOС-тың дивидендтер көлемі орташа есеппен алғанда жылына 58%-ға өскен. Компания жарты жыл сайын таза табысының 70%-ға жуығын дивиденд ретінде тұрақты түрде төлеп келеді", – дейді Асхат Ержанов.

Деректерге сүйенсек, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында компанияның негізгі қызметінен түскен табыс 87 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға немесе 12,6 млрд теңгеге артық. Табыстың еселенуіне компания көрсететін қызметтер мен тарифтер көлемінің ұлғаюы оң әсер еткен.

"KEGOС" акционерлік қоғамының қаржы және есеп жөніндегі басқарушы директоры Айбек Ботабековтің сөзінше, компания барлық процесті автоматтандыруға және трансформациялауға айырықша назар аударуда.

"KEGOС-тың тұтас елге тармақталған филиалдар желісін және компанияның ауқымдылығын есепке алсақ, автоматтандыру мен трансформациялау жұмыстарын жүргізу анау айтқандай оңай шаруа болмасы анық. Мәселен, "KEGOC" акционерлік қоғамының бизнесті трансформациялау бағдарламасы шеңберінде компанияның барлық құрылымында корпоративтік басқарудың интеграцияланған бірыңғай жүйесін құру міндеті жүктелген. Бұл міндет компанияның филиалдарына да артылып отыр. Жаңа жүйе ортақ тәртіпке, бірыңғай принципке және біркелкі деректерге негізделген. Бірыңғай жүйе негізгі бизнес-процестердегі өзара байланысты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жаңашылдық компания жұмысының тиімділігін арттырып, корпоративтік бизнес-процесстерді орындаудың ашықтығын сақтайды. Бұл жұмыстың мейлінше автоматтандырылуының және бизнестің негізгі бағыттарының интеграциялануының нәтижесі", – дейді Айбек Ботабеков.

Компания өкілінің сөзінше, KEGOС-тың бизнесті трансформациялау бағытындағы жүзеге асырылып жатқан жобаларының қатарына деректерді жеткізу үшін талшықты-оптикалық байланыс желісін дамыту, сатып алуларды категориялық басқару, ІТ басқарудың мақсатты моделін енгізу, апаттық жағдайларға қарсы орталықтандырылған жүйелерді іске қосу бар. Сондай-ақ басқа да маңызды бағыттар қамтылған.

"Компания трансформация процесіне ерекше мән беріп отыр. Ең алдымен тиісті құжаттар әзірленді, консультанттар шақырылды. Одан кейін компанияның тиімділігін арттыратын бастамалар айқындалды. Мұның бәрі топтарға біріктіріліп, жобалар портфеліне енді. Бүгінде аталған жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда", – дейді Айбек Ботабеков.

Оның айтуынша, KEGOC компаниясы үш стратегиялық мақсатты көздеп отыр. Біріншісі – Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесінің сенімді әрі нәтижелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Екіншісі – компания қызметінің тиімділігін арттыру. Үшіншісі – тұрақты даму мен корпоративті басқаруды жетілдіру.

"Компания көрсететін қызметтердің сапасын одан әрі жақсартуға және олардың көлемін арттыруға мән беріп отыр. Осы орайда, отандық тұтынушылардың электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз ету, сондай-ақ экспорттық және транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында ұлттық электр желілерін модернизациядан өткізуде. Бұдан бөлек электр энергетикасы саласында жаңа нысандардың құрылысы қолға алынуда. Атап айтар болсақ, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 500 кВ-тық "Шүлбі су-электр станциясы-Ақтоғай-Талдықорған-Алма" желісінің құрылысы жалғасуда. Жобаның жалпы құны 96,4 млрд теңгені құрайды", – дейді Айбек Ботабеков. 

Оның пікірінше, компанияның дәл қазіргі сәттегі тариф қалыптастыру әдісі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатын шығындардың орнын толықтай толтыруға мүмкіндік береді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу