Сайттағы белсенділіктің артуына байланысты техникалық мәселелер туындады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлім етті.
Өткен аптада сайтта "Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға кезекке тұру" қызметі тестілік режимде іске қосылған.
"8 сәуірде қызмет ресми түрде іске қосылды. Содан бері онлайн қызмет 100 мыңнан астам рет қолданылған. Бұл ретте қызмет іске қосылғанға дейін өтініш білдірген кезекте тұрған 1,3 млн адамды цифрландырдық", – деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.
Бірақ қазір техникалық ақаудан бөлек, үй салу үшін тегін жер телімін алуға кезекке тұруға әрекеттенген қазақстандықтардың бір бөлігінің өтініші мақұлданбады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мұны кейбір өңірлерде өтінімдерді қабылдау тоқтатылған деп түсіндірді.
"Бұл қызмет әкімдіктер кезекті уақытша тоқтатуды сұраған аймақтарда қолжетімсіз болуы мүмкін, өйткені олар тізімдерін жаңартады. Өтінішті қабылдаудан бас тартқан жағдайда "Е-Өтініш" арқылы себептерін анықтау үшін таңдалған жергілікті атқарушы органға хабарласуға болады. Елді мекенде бұл қызметтің қолжетімсіз болуының негізгі себебі – әкімдіктердің қолданыстағы тізімдерді нақтылауына байланысты", – деді министрлікте.
Айта кететіні, 7 сәуір egov.kz электронды үкімет порталында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу үшін кезекке тұрудың онлайн қызметі іске қосылды. Бұған дейін елімізде өтінішті тек әкімдіктер арқылы беруге болатын. Сондай-ақ бұрын тегін жер телімін алуға өтініш тек өз аймағында және тіркеу арқылы ғана қолжетімді еді. Енді министрлік ел тұрғындары egov.kz сайты арқылы 10 сотық жерді алу кезегіне электронды түрде тұрып, қазақстандықтар кезегінің қозғалысын қадағалап, тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген аймақтан жер алу мүмкіндігіне ие болады деп уәде етіп отыр.
Қазақстанның Жер кодексіне сәйкес, еліміздің әрбір азаматы 18 жастан бастап жеке тұрғын үй салу үшін 10 сотық жерді (0,10 гектар) тегін ала алады. Бұл ретте адамның жеке үйі немесе пәтері бар-жоғы мүлдем маңызды емес.
Құралай Құдайберген