Kaspi.kz әлеуметтік желіде "Алғыс эстафетасын" іске қосты. Әрқайсымыз Kaspi.kz-тің instagram-дағы ресми парақшасында осындай қаһармандар туралы баяндап, оларға көпшіліктің "Рахмет!" айтуына мүмкіндік бере аламыз.
Біз Кира Ударцева туралы айтқымыз келеді. Қиын жағдай дегеннің не екенін Кира өз өмірінен біледі. 30 жыл бұрын ауыр жол апатына түсіп, жақындарын жоғалтқан, аяғын кесіп, бір жыл ауруханада жатқан. Барлық қиындыққа қарамастан, өмір сүруды жалғастырды. Пандемия кезінде Кира өз командасымен бірге мұқтаж адамдарға азық-түлік, дәрі жеткізіп, балалар онкологиясы бөліміндегі емделушілерге көмектеседі.
Кира, сіз адамдарға қалай, қашан көмектесе бастадыңыз?
Мұны әкем мен анам бала күннен бойыма сіңіріп өсірді. Басқаларға қамқорлық көрсету біздің отбасымыз үшін әдеттегі іс болатын. Әлі есімде, іссапардан үйге келсем есікті бөтен әйел ашты. Сөйтсем, менің анам қыста, көшеде қарындары аш, бір йогуртты бөліп жеп отырған екі сарбаз баланы көріпті. Оларды үйге әкеліп, картоп қуырып беріп, кейін олар демалыста біздің үйге келіп тұратын болды. Бір жолы олардың бірінің анасы келген кезде біреулер тонап кетіп, ақшасыз қалып, біздің үйге келіпті.
Кираның анасы, Нина Александрқызы
Қазір анам 83 жаста. Ол біздің ең жасы үлкен еріктіміз. Коронавирусқа байланысты мен оған кеңсеге келуге тыйым салдым. Әдетте кеңседегі диванда отырып, мұқтаждарға арналған киімді сорттайды. Халық бізге бәрін әкеледі - ыдыс, киім, төсек жабындысы. Анам мен жол апатынан кейін ауруханаға түскенде де бәріне көмектесіп жүретін.
Мен өз көмегімді ешкімге ұсынбаймын. Керегі не? Өйткені өздері келіп, сұрайды. Кәдімгідей өздері келеді. Адамдарға көмектесетінімді көзімнен білетін болуы керек.
Ауруханада неге көп уақыт болдыңыз?
Реанимацияда екі ай, бір жыл ауруханада жаттым. 1992 жыл болатын, ауруханаларда тіпті таңғыш болмайтын. Бірақ реаниматолог-анестезиолог Яков Натанович Кац: "Ол өмір сүреді, әлі билейді", – деді. Бірақ басқалары мен тірі қалсам да өсіп тұрған баклажан болып қалатынымды, тіпті қасық көтере алмайтынымды айтқан. Дәрігерлер мені о дүниеден қайтарып алды. 22 рет ауыр ота жасады, ал кішігірімдерін тіпті санаған жоқпын.
Ауруханада жатқан кезде бәрін көрдім. Менімен бірге күйеуі, балалары бар 35 жастағы әйел жатты. Бәрі айналасында жүгіріп жүретін, ол болса бетін қабырғадан алмай, теріс қарап жататын. Дәрігерлер менен ол кісімен сөйлесуді өтінді. Ол кезде мен арбамен паркке, дүкенге, барлық жерге барып жүретінмін. Ал ана әйел аяқсыз өзін ешкімге керек емес, қорқыныштымын деп санады, ол түрімен өмір сүргісі келмеді, дұрысы өлу деп ойлады, ақыры өліп қалды. Психологияның беріктігі өте маңызды.
Осыдан кейін, мен ұзақ ойландым, егер басқа нәрсе айтқанымда не болар еді?! Сосын дәл осындай қиын кезде кеңес сұрап келсе, көмектесуді үйрену керек екен деп ойладым. Кейін Мәскеуде жүйелік білім алдым, психологияны зерттедім, адамдармен көп жұмыс істедім. Сәл кейінірек денсаулығыма байланысты қайтып келіп, кәсіпкерлікпен айналыстым, сауда орталығында шағын бутигім болды. Бірақ адамдар өз проблемасымен жиі келетін. Ақыры мен шағын бизнесімді жауып, әлеуметтік жобаларға толық ауыстым.
"Кира, саған бетке арналған қорғаныш берді ме?", – дейді есіктен басы көрінген ер адам."Бұл Николай Николаевич Петров", - деп түсіндірді Кира, ол кеткен соң. "Протез-ортопед орталығының президенті. Екі жыл бұрын осы кеңсені тегін берді. Қамқорлық көрсетіп жүреді, маған ұзақ отыруға тыйым салады, саған кейде тамақ жеп, сусын ішіп, демалу керек дейді. Барлық жағынан, бәріне, қолынан келгенше көмектесіп жүреді".
Мұқтаждарға қандай мәселелерді шешуге көмектестіңіз? Адамдар сіз туралы қайдан білді?
Бұрын бала кезден білетін көршілерім келіп укол салып беру, қан қысымын өлшеп беру сынды көмектер сұрайтын. "Бірден-бірі естіп, мені танитын ата-апаларым көп болды.
Кейін достарыммен бірге ауылдағы дін қызметкеріне көмектестік. Оның отбасында 22 адам бар еді, 8-і өз баласы, қалғанын асырап алған. Оларға бір тіс пастасы бір күнге жетпейтін. Біз не керектің бәрін тасумен болдық.
Бір күні Фейсбукте Сабина деген қыздың оқиғасын естідім. 13 жасында қатерлі ісіктің соңғы деңгейімен ауырады. Юинга саркомасының салдарынан аяғын кесіп тастаған, Фейсбуктегі адамдар қымбат шетелдік протез үшін ақша жинай бастапты. Мен протезді Алматыда жасауды ұсындым. Ақыры біздің протез зауытының механигі Болат төрт күн ұйықтамай, тамаша протез жасап шықты. Оның өз баласы Юинга саркомасынан қайтыс болған. Сондықтан оның не екенін түсінді.
Сабина
Протезді алған Сабина қатты қуанып, екі күн ауырғанын ұмытып кетті. Сонда мен балалық қуаныштың не екенін түсіндім, қуану - ғажайыпқа жетелейді. Содан кейін біз оның армандарын орындай бастадық. Кәсіби модельдерге фотосессияны қалай жасайтынын көргісі келді . Біз ол үшін ең үздік фотографтар мен стилистерді шақырдық. Өзінің сүйікті актерлері мен эстрада жұлдыздарымен танысты, дельфинмен бірге жүзді, Сабина үшін арнайы ұйымдастырған атты каскадерлардың қойылымын көрді, шеф-аспаз болып көрді, ұшақпен ұшты…Бір кәсіпкер өзінің жеке ұшағын беріп, Боралдайдан бірге ұштық. Сабина үшін аптасына 2-3 рет мереке ұйымдастырдық.
Басында Сабинамен отбасына өзім көмектесіп жүргенмін. Кейін жалғыз өзіме қиын болғандықтан, Фейсбукке жазып, көмек сұрадым. Бірнеше адам көмекке келді, кейбірі жазбаны бөлісті. Соңында қызымызға бүкіл Қазақстан көмектесті. Дәрігерлер оған үш ай қалғанын айтқан, ол тоғыз ай өмір сүрді. Өкінішке қарай, Сабина өмірден өтіп кетті. Сол 9 айда ол көптеген үлкен адамдарға көру бұйырмаған нәрселерді көріп үлгерді.
Соңы трагедиямен аяқталатынын білдіңіз. Балаларға бауыр басып қалып, қиналудан қорықпайсыз ба?
Жоқ. Бұл өмір. Оны қалай бар солай қабылдайсың немесе зардап шегуші болып отырасың. Біз ондай балалардың өмір сүретін немесе сүрмейтінін білмейміз, бірақ ол үшін барын жасаймыз.
Сабинаның оқиғасынан кейін балалар онкологиясында жатқан балалардың бірінің анасы хабарласты, кейін тағы біреуі, кейін барлық жерден хабарласып, балаларды қуантуды сұрай бастады. Біз әр апта сайын фотосессия жасауды шештік. Балалар бір күн ұшқыш, теңізші, робот, ханшайым болды. Біздің айналамызда стилистер, визажистер мен фотографтардан тұратын тұтас бір команда қалыптасты. Қазір "Қуаныш сыйлаймыз" жобасының командасы фотограф Татьяна Бегайкина, визажист Надежда Кармышева, стилист Мади Бекдаир және бүкіл Қазақстаннан құралған. Көмек сұрағандардың барлығына көмектеседі және ешқайсы бұл үшін ақша алмайды.
Диана
Біз дәрігерлермен бірге балалардың анализдерін фотосессияға бір апта қалғанда және бір апта өткенде тексеріп отырдық. Нәтижесі тамаша – лейкоциттер түскен, тромбоциттер көтерілген, ағза аурумен жақсы күресе бастады.
Мен балаларды төрт қабырғаның ішінен алып кетіп, сыртта, көшпелі бір нәрсе жасау керегін түсіндім. "Немо" дельфинарийі бізге дельфиндер қойылымына сертификат сыйлады. Айтпақшы, "Немода" браконьерлерден құтқарылған дельфиндер өнер көрсетеді. Олардың денесінде жарақат бар, жабайы табиғатта өмір сүре алмайды, ал дельфинарийде жақсы жағдай жасалған. Балалар да олармен қуана сөйлеседі.
"Немо" дельфинариінде
Біз балалардың кез-келген арманын орындауға тырыстық. Егер бала өрт сөндіруші болғысы келсе, мен өрт сөндіру бөліміне хабарласып, нағыз өрт сөндіруші көліктермен ойнадық. Егер 5 жастағы балақай жол полициясы болып, тапаншамен, дабылды шамдары бар көлікпен жүргісі келсе, түрлі адамдарға хабарласып, нәтижесінде әл-Фарабидің бойында полиция көлігімен жүрдік. Тіпті "Эйр Астананың" көмегімен әуежайдан ұшақ "ұрладық".
Әділет
Бір балақай авторы Хироюки Тагаваның қолтаңбасымен "Самурай кодексін" сұрады. Сирек кітапты Екатеринбургтен таптық, қолтаңбаны Жапониядан Тагаваның өзінен алып келдік. Фотосессияда балақай нағыз генералдың кабинетінде генералдың киімінде түсті.
Бері келіңіз, сізге фотоларды көрсетемін (Кира компьютерінен фотосуреттері бар папканы ашып көрсетті). Мына жігітте де Юинг саркомасы болды. Германияда емделіп, аяғын кесуге тура келген. Өмір сүргісі келмейді, орнынан тұрғысы келмеді. Мен оған барып, сөйлесіп, жарты сағаттан кейін бірге темекі тарттық. Қазір ол Нұр-Сұлтанда футбол жаттықтырушысы болып істейді.
Кира фотоларды көрсетіп, осындай қысқаша әрі ауыр оқиғаларды, балалар олардың ата-аналары, еріктілер мен меценаттар, қиын сәттегі үлкендердің әрекеттері, батылдық пен алғыс айта алмайтын адамдар туралы бірінен кейін бірін айтты. Бір қарасаң жәй ғана суреттері бар папка, бірақ ол жәй суреттер емес, тағдырлар туралы кітап десе де болады.
Карантин кезінде не істедіңіз?
Карантин алдында біз екінші рет "Қуаныш сыйлаймыз" жобасын өткізіп үлгердік. Бірінші мереке кезінде онкологиясы бар балалар ауруханадан ата-аналарымен, аниматорлар, дәрігерлермен бірге іші шарға толы автобуспен қашып шықты. Биыл әр бала анасымен бірге 30 қымбат көліктен (біздің "Мерседес"-клубтарға рахмет) құралған тамаша кортежбен келді. Республика Сарайы фойесінде (сарай басшылығы екінші жыл қатарынан тегін берді) балаларды сиқыршылар, танымал әртістер мен әншілер, ІБ ансамблі мультфильмдегі әндерді айтып, тіпті АЖӘТ (СОБР) сарбаздары балет бишілерімен бірге билеп қарсы алды. Қорғаныс министрлігі бізге Ұлттық Ұланды жіберді. Балаларды мемлекет басшылары сияқты нағыз құрмет қарауылы күтіп тұрды. Әкімдік кәсіби жарық, дыбыс, ақпараттық және техникалық қолдау ұсынды.
ҚР Қорғаныс министрлігінің Ұлттық Ұланы балаларды қарсы алуда
Одан кейін карантин басталды. Ешқандай фотосессия, мереке болмады. Бізге көпбалалы отбасылар, онкологияда емделіп жатқан балалардың аналары, қарттар көмек сұрап хабарласа бастады. Мессенджеріміз азық-түлік, дәрі сұраған хаттарға толып қалды. Құрамында Лилия Архипова, Илья Левин, Дима Ядрышников, Оксана Пааль бар, бұрыннан келе жатқан еріктілер тобы жылдам жиналдық.
Көпшілігі мүмкіндігі жеткенше қосылып көмектесті. Күн сайын тоқтамастан жұмыс істедік. Кейде командамыз демалуы үшін ары-бері шығуды тоқтаттым. Фейсбукке көмек керек адамдар туралы жазып, олар үшін Kaspi Gold-қа ақша жинадым. Бір жолы алаяқтар менің картамды бұзғысы келді. Бірден бұғаттап, бөлімшеге жүгірдім, екі секундта маған жаңа картаға ауыстырып берді. Kaspi аударымдары бізге көп көмектесті.
Қанша адамға көмектесе алдыңыздар?
Тексеру (біз өтініштерді мұқият тексереміз) мен зат сатып алу үшін барғанымызды қоспағанда наурыз, сәуір, мамыр айында 700-ден астам жерге бардық. Басында бес көлікпен еріктілер азық-түлік тасыды. Карантиннің соңында тағы екеуі қосылды. Кейде қалада жүруге рұқсат болмағандықтан, тек бір ғана көлікпен азық тасыған күн болды.
Еріктілер
Мына кісіге біз азық-түлікпен көмектестік, кейін ол кісі өзі бізге көмектесе бастады (Кира тағы да суреттерді көрсете бастады). Ол кісінің омыртқасы ауырады, соған қарамастан ескі көлігімен азық толы пакеттерді тасыды, біз жанармайын құйып бердік.
Мына әйел медбике болып жұмыс істейді, бесінші баласына екіқабат, ортаншы қызы ДЦП-ға шалдыққан. Күйеуі қатерлі ісікпен ауырғанда Шымкенттегі мүлкін сатып, осы жерге емдеуге әкелген. Соның арқасында күйеуі жазылып, жалданып жұмыс істейді. Шағын үйде тұрады, біз де көмектесеміз (мен тыңдап отырмын, Кира қарамағындағы еріктілердің отбасы туралы ұзақ баяндады).
Бір жолы таныстарымыз мен зат сатып алып жатқан жерге келді. Ет, тартылған ет, сыр, сүт өнімдері, жеміс сатып алып жатқанымды көріп таңқалды. Әдетте көмек топтамасына тек күріш, қарақұмық, макарон салынады. Мен олардан өз балаларыңды тек макараонмен тамақтандырасыңдар ма деп сұрадым. Жоқ дейді. Онда артық сұрақ қоймаңдар дедім.
Қайырымды адамдар қарттарға көбіне жарма мен консвервілер апарады. Бір әжеге барсақ ондай тағам түрі толып тұр, бірақ әже аш. Өйткені қолы ауырады, жарманы көтерудің ауырлығын айтпағанда консервіні ашу туралы сөз қозғау артық. Оған дайын тамақ керек. Кейде асханаға кіргенде ыстық тамақ алып, қарттарға апарып берем.
Өзіміз қамқорлыққа алған барлық әжелер мен аталарға өмір сүруі, тамақ ысытып жеуі үшін қарапайым микротолқынды пеш алып бердік.
Кімге көмектесетініңізді немесе көмектеспейтініңізді қалай шешесіздер?
Мен тек ең қиын жағдайларда ақылы психологиялық кеңес беремін. Мұқтаж адамдарға тегін көмектесемін. Тегінді жақсы көретіндер, араққұмарлар мен есірткіқұмарлармен жұмыс істемеймін. Мен сіз ойлағандай тым ақкөңіл емеспін. Көп адамдар мейірімділікті әлсіздік деп ойлайды. Кейде мінез көрсетуге де тура келеді (күледі).