Бұдан былай Қазақстанда рөлі сол жақтағы көлік иелері такси қызметімен айналыса алмайтын болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кейбір көлік жүргізушілері үшін жағымсыз мұндай жаңалықты Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда рөлі оң жақтан сол жаққа ауысқан көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салу жоспарланған.
Министр бұл қадам жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру үшін жасалғанын алға тартады.
– Қауіпсіздікті одан әрі күшейту үшін рөлі оң жақтан солға ауысқан көліктерді такси ретінде қолдануға тыйым салу бойынша өзгерістер әзірленуде, – деді Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ, тасымалдау саласында агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру көзделген.
Көлік министрлігі Ішкі істер министрлігімен, сондай-ақ танымал сервистермен бірге, рөлі оң жақта орналасқан 70 мыңға жуық көлікті жолаушылар тасымалы процесінен шығарғанын айтты.
Әлбетте, техникалық байқау орталықтарының жауапкершілігі де күшейе түсті. Енді мұндай орталықтар жұмыс бастау үшін арнайы рұқсат алуы тиіс. Талаптарды бұзғаны үшін айыппұл мөлшері 30-дан 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылған.
Ал техникалық байқауды іс жүзінде өткізбей, құжат жүзінде ғана рәсімдеген орталықтардың жұмысы 3 жылға дейін тоқтамақ.