Кейбір қымбат медициналық қызметтер МӘМС арқылы тегін болмақ

4763

36 млрд теңгеге 250 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды.  

Кейбір қымбат медициналық қызметтер МӘМС арқылы тегін болмақ

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылғаны белгілі. Бұдан былай медициналық қызмет МӘМС және кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету аясында жүзеге асатын болады. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жаңашылықтар жайлы айтып берді.

"2020 жылдан бастап медициналық көмек көрсетудің бірнеше деңгейден тұруын, жаңа моделдің басты ерекшелігі деп айтуға болады. Бірінші деңгей – кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бейінді мамандардың кеңесі, қымбат апаратурада зерттеу жасау, қымбат диагностикалар тәрізді медициналық қызметтерді алу бұдан былай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жалпы халыққа қолжетімді бола түсті. Осы бағыттағы 5 млн қызметке 8 млрд теңге бөлінді", – деді Сәуле Қисықова.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының лауазымды қызметкері КТ мен МРТ арқылы диагноз қою көпшілік үшін қол жетімді болғанын алға тартты.

"Стоматологиялық көмек, медициналық-генетикалық зерттеулер өткізу де МӘМС арқылы қол жетімді. Қымбат тұратын компьютерлік тамограф (КТ) пен магнитті-резонансты томографияда (МРТ) диагноз жасау көпшілікті толғандырады. Елордада медициналық қызмет көрсетушілер тізіліміне кірген барлық мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда 17 компьютерлік тамограф аппараты мен 19 магнитті-резонансты томография құрылғысы бар. Өткен жылы 36 млрд теңгеге 250 данадай медициналық құрал-жабдық алдық. Медициналық қызметкерлерміз, алыс-жақын шетелдерге барып, кәсіби біліктілігін шыңдады", – деп атап өтті ол. 

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы стаматологиялық қызметті кімдердің тегін алуына мүмкіндігі бар екенін айтып өтті.

"Биыл МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетудің жаңа блогы енгізілді. Ол тегін стаматологиялық емдеу. Он сегіз жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, көп балалы аналар, мүгедектер және жүкті әйелдер қызметтің осы түрін тегін пайдалана алады. Алайда, айта кету керек, тісті протездеу бұл топтамаға кірмейді. Тегін емдеуге жедел көмек пен жоспарлы қарау жатады", – деп түсіндірді.

Сәуле Қисықова мектептер медициналық ұйымдарға бекітілетініне де тоқталып өтті.

"Айта кетерлігі, мектеп медицинасына бөлек тариф енгізілді. Қаладағы барлық мектептер орналасу аумағы бойынша 19 медициналық ұйымдарға бекітілді. Оларға алғашқы санитарлық көмек көрсетіп тұратын болады. Тариф – әр оқушы үшін 470 теңге. Сол себепті мектеп оқушыларының күтімін қарау үшін қаражат бөлінді", – деді ол.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу