Келер жылдан бастап балаңыз Ұлттық қордан қанша ақша алады?

4388

Жобаға қатысу үшін балаларға арнайы шот ашудың қажеті жоқ.

Келер жылдан бастап балаңыз Ұлттық қордан қанша ақша алады? Фото: canva.com

Қазақстанда кәмелетке толмаған 6,7 миллионнан астам бала тұрады. Келер жылдан бастап елімізде "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылады. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтаушы шотына аударылып отырмақ.

Бағдарлама не үшін қажет? Оның шарттары қандай? Жоба қаншалықты ұзақ мерзімді болады? inbusiness.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтардың жауабын анықтап көрді.

Осыдан бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында "қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұратынын, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайтынын" айтқан болатын. Мемлекет басшысы 16 қарашада Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты пайдалану мәселелері бойынша заңға қол қойды.

Бағдарламаға қатысу шарттары

"Ұлттық қор – балаларға" жобасына 18 жасқа толмаған қазақстандықтар қатыса алады. Егер кәмелет жасына жетпеген бала Қазақстан азаматтығынан бас тартып әрі шетелге көшіп кететін болса, онда оған қаражат аудару тоқтайды. Қазақстан азаматтығын өзгертпейтін болса, онда бұл бағдарламаға әрі қарай да қатыса береді. Осы тұста қаржы барлық балаға тең бөлінетінін атап өткен жөн. Олар арнайы есепшотта жинақталған қаржыны 18 жасқа толғаннан кейін ғана ала алады. Ақшаны тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсауына мүмкіндік бар. Тіпті шетелде оқимын десе де, мемлекет оған рұқсат беріп отыр.

Бағдарламаға қатысу үшін балаларға есепшот ашу талап етілмейді. Ата-аналар балаларының құжаттарын тасып, мемлекеттік органдардың табалдырығын да тоздырмайды. Себебі арнайы шот автоматты түрде ашылады. Бар болғаны электронды үкімет порталында балаларының ЖСН деректерінің бар болуына көз жеткізіп, оның дұрыс-бұрыстығын тексерген абзал. 2024 жылдан бастап eGov және БЗЖҚ порталдары арқылы шотқа түскен қаржы мөлшері туралы да біліп отыруға болады.

Егер бала қайтыс болса, онда Ұлттық қордан бөлінген төлем оның мұрагеріне (ата-анасы, қамқоршысы немесе басқа да заңды өкілдері) беріледі.

Жыл сайын түсетін төлем доллармен сақталады

Қаржы министрлігінің мәліметінше, кәмелеттік жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордың 2005-2022 жылдардағы орташаланған кірістілігін ескере отырып, қаражат есептелетін болады. 18 жасқа жетпегендерге қаржыны пайдалануға болмайды. Жыл сайын бір рет балалардың шотына түсетін төлем доллармен сақталады. Алғашқы төлем 2024 жылдан бастап жүргізіледі. Бұл уақытта 18 жасқа жеткендер электронды платформаға жүгіне алады. Келесі жылы кәмелетке толатын 200 мыңнан астам бала тиісті төлемді баспана жағдайын жақсартуға не оқуға пайдалана алады деп күтіліп отыр.

Шоттағы ақшаны алу үшін 18 жасқа жеткен балаға уәкілетті органдарда (екінші деңгейлі банктер, "Қазпошта") шот ашу қажет. Бағдарламаның тиісті тәртібі арқылы осы жылдар аралығында жинақталған соманы өз шотына аудара алады.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жүйеге туғанынан бастап қатысатын балаларға 18 жылда шамамен 3 мыңнан 4 мың долларға дейін төлем түседі.

"Ұлттық қор – балаларға" жобасы өміршең бе?

Экономист Мақсат Халық жобаға қатысты өзінің пікірін білдірді. Оның айтуынша, Ұлттық қордың "келешек ұрпақ қоры" деген функциясы бар.

"Бүгінге дейін ол функция ешқашан нақты істе көрінбеді. Осылай балаларға аударылып жатқанына қарап, бұл қызметі жүзеге аса бастады деуге негіз бар. Оның қаншалықты тиімді және ұзақ мерзімді болатынын уақыт көрсетеді. Егер де Ұлттық қордан түсіп жатқан түсімдер жақсы болып, балалардың шоттарына түсіп ұлғайып жатса, онда ол өміршең болады. Ал егер ондай сипат болмай, ертең күлкілі сома түсіп, тіпті кейбір жылдарда мүлдем төлем жүргізілмесе, онда қоғам тарапынан үлкен сынға қалатын жобалардың біріне айналады. Ұлттық Банк мамандарының есептеуі бойынша он сегіз жылдың ішінде 3-3,5 мың доллар жиналуы мүмкін. Менің ойымша, бұдан әлдеқайда көбірек сома түсіруге болады", - деді ол inbusiness.kz тілшісінің сауалына берген жауабында.

Сарапшы Ұлттық қордың инвестициялық тиімділігін, кірістілігін арттыру қажет екенін баса айтты.

"Бірінші кезекте осы жобаға халықаралық сертификаты бар қаржы мамандарын тартып, екіншіден қоғамдық бақылаудың күшті болуы маңызды деп ойлаймын. Өйткені ертең ақша түсіп жатса, қоғамдық бақылау онсыз да болады. Балаларына ақша түсу басталатындықтан, халық белгілі бір дәрежеде бұл процесті қадағалайтын болады. Сондықтан бағдарламаның бір оңтайлы тұсы азаматтық белсенділік артып қала ма деген үміт бар", - деп атап өтті спикер.

Мақсат Халықтан "Бағдарлама Ұлттық қорға қол сұғуды әдетке айналдырған Үкіметтің жұмысына қалай әсер етуі мүмкін" деп сұрадық.

"Бюджетке Ұлттық қордың аударымдары жыл санап ұлғайып келе жатыр. Ең қызығы, дағдарыс кезінде ғана Ұлттық қорды пайдалану керек деген шешім бар. Бірақ соған қарамастан соңғы жылдарды қарасаңыз, Ұлттық қордан өте көп ақша аударылып жатыр. Пандемия кезінде 4,6 трлн теңге аударылған болатын. Бұл түсінікті, себебі 2,5 ай халық жұмыссыз отырғандықтан, экономиканы көтеру үшін қаражат бөлінді. Ал бірақ одан кейінгі жылдары да осындай көлемде қаржы аударылып келе жатыр. Биыл тіпті рекорд болды, 5 трлн теңгеден асып отыр. Осы мәселеде Үкімет Ұлттық қордың аударымдарын тежеп, контрциклдық бюджеттік саясатты жүргізуі керек. Сонда ғана белгілі бір дәрежеде Ұлттық қорды сақтап, ұлғайта аламыз", - деді экономист.

Оның сөзінше, "Ұлттық қор – балаларға" жобасы "ұлттық байлық – халықтікі" деген ұғымнан келіп шығады.

"Осы идеяны біз кеңінен таратуымыз керек. Яғни, Ұлттық қордың түсімдерінің жинақталуы бірінші кезекте елдің, жердің байлығының арқасында болып отыр. Енді оның игілігін халық көруі керек", - деп толықтырды сарапшы Мақсат Халық.

Айта кету керек, осыған дейін Мемлекет басшысы "Ұлттық қор балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына қол қойғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу