Келесі айдан бастап көлік алғысы келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік туды

624

"Темір тұлпарларды" жеке тұлғаларға лизингке сату бағдарламасы 1 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.

Келесі айдан бастап көлік алғысы келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік туды Фото: canva

Алайда сарапшылар машиналарды лизингке рәсімдеудің нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз екеніне назар аудартты. Дегенмен, Respublica партиясынан сайланған мәжілісмен Олжас Куспеков көлікті лизингке беруді қолдайды.

"Автомобильдің толық бағасын төлеп, сатып алуға көптеген қазақстандық қиналады. Осы мақсатта қымбат кредит алу немесе жылдар бойы ақша жинау оның бәрінің бірдей қолынан келмейді. Лизинг мәселесін біз алғаш 2 жыл бұрын көтердік. Енді міне, ол шындыққа айналып отыр. Осы арқылы азаматтарымыз үшін автомобиль қолжетімді бола түседі. Біздің, депутаттардың міндетіміз – автолизинг тек шарттары ғана өзгешеленетін автокредитке айналып кетпеуін қадағалау. Ол қарапайым халық үшін қолайлы, икемді және тиімді құралға айналуға тиіс", – деді Мәжіліс депутаты.

Kolesa.kz дерегінше, Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген қағидалар жобасына сәйкес, біріншіден, лизинг мерзімі автоны пайдалы пайдалану мерзімінің (ППМ) 75%-ынан кем болмауға тиіс. Әрбір машинаның ППМ-ін лизинг беруші анықтайды. Халықаралық тәжірибе бойынша бұл шамамен 5-6 жылға тең.

Қалтасы қалың емес қазақстандықтар үшін лизинг мерзімі неғұрлым ұзақ болған сайын, ол соғұрлым тиімді болады. Өйткені автокредиттен басты айырмашылығы сол, лизингте уақыт өткен сайын оған төленетін ай сайынғы төлем көлемі де азая береді.

Екіншіден, лизинг берушінің алатын сыйақысы және тұрақсыздық айыбы машина құнының жылдық 46%-ынан жоғары болмауға тиіс.

Үшіншіден, егер көлікті алушы 2 реттен көп төлем енгізбей қойса, бұл автомобильді кері алып қоюға және келісімшартты біржақты бұзуға негіз болады деп ұсынылды. Бұған қоса, төлемді төлемей қойғаны үшін сатып алушыға әрбір өткізіп алған күніне өсімпұл есептеледі.

Әлеужеліде пікір білдірген қазақстандықтар автолизингтің алдын ала шарттарымен таныса келе, оны тиімсіз деп тапқанын жазуда.

"Бізге мұндай лизингтің қажеті жоқ. Ай сайынғы төлемге лизинг беруші көліктің бағасын ғана емес, түрлі комиссияларын, автосақтандыру құнын, көлік салығын және басқасының бәрін қосады екен. Ірі автосалонның біріне барып, менеджермен бірге есептедік. "Премиум" комплектациядағы 15 миллион теңге тұратын OMODA C7-ні лизингпен алуым үшін бастапқыда ай сайын 279 мың теңгеден төлеп тұруым керек екен! Егер мемлекет көлік бағасын қосымша субсидияламаса, мұндай төлем халыққа қолжетімсіз болады. Бұл тіпті автокредиттен де тиімсіз", – деді елорда тұрғыны Асқар Қалдыбек.

Mackonya бүркеншік аты бар пайдаланушы басқа бір автосалонда бағасы 16 миллион теңгелік "ГАЗель NEXT" тұтас металды фургонды лизингке есептеткізіп көріпті. Автосалон оны алу үшін 20% бастапқы жарна төлеуге тура келетінін, сондай-ақ 5 жылға дейінгі мерзімге алса, ай сайынғы төлем шамамен 220 мың теңгеден асатынын мәлімдеген.

Лизингтің автокредиттен айырмашылығы неде?

"Қаржыландырудың бұл түрі кредитке ұқсас, алайда айтарлықтай айырмашылықтары да бар. Жеңіл автокөлік, арнайы техника немесе ауыл шаруашылығы техникасын алу үшін техникалық лизинг дегеніміз – бұл оны кейіннен сатып алу құқығымен жалға алу деген сөз. Басқаша айтқанда, азамат лизингтік келісімшарттың қолданысы аяқталғанша, машинаны пайдаланады және ай сайын аударымдар жасап тұрады. Бұл ретте авто құны амортизация есебінен үнемі төмендей береді. Келісім мерзімі аяқталған соң ол адам қалған бөлігін толық төлеп, автокөлікті сатып алуға немесе сатып алудан бас тартуға құқылы", – деп түсіндірді "Центр Кредит банкі" мамандары.

Схема былайша жұмыс істейді. Лизингтік компания немесе банк бизнесменді, жеке тұлғаны қызықтыратын көлікті сатып алады, содан кейін оны жалға, лизингке ұсынады. Яғни, мұнда келісімге отыратын үш тарап бар: көлікті сатушы – оны лизингке беруші – лизингке алушы.

Лизингтің артықшылығы:

Кейіннен сатып алу құқығымен жалдау кезінде жеделдетілген амортизация коэффициенті пайдаланылады. Тиісінше, ай сайынғы төлем бірте-бірте азая түседі. Төлем көлемі көліктің қалдық құны бойынша есептеледі.

Көлік салығын, басқа да алымдарын төлемейсіз, оны лизинг берушінің өзі төлейді (бірақ лизинг беруші барлық алым-салықты онсыз да ай сайынғы төлемнің құрамына қоса салады).

Рәсімдеу кезінде кепілгер-гарант немесе қосымша кепілзат талап етілмейді, себебі, лизингте машинаның меншік иесі онсыз да лизингтік компания болып табылады.

Төлем кестесі икемді келеді, төлемдердің индивидуалды форматын, жеке схемасын таңдауға кейде рұқсат етіледі: мысалы, жазда көп, қыста аз төлеу немесе ай сайын емес, тоқсанда немесе жарты жылда бір рет төлеу. Негізінен, табысы маусымдық факторға қатты тәуелді бизнес, әсіресе, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері үшін лизинг қолайлы.

Машинаны сатып алуға міндеттемейді. Шарттың қолданылу мерзімі аяқталған соң басқа автомобильге жаңа шарт ресімдеуге болады. Алайда бұл жағдайда жеке тұлға ұтылады: ол мысалы, 5 жыл бойы 300 мың теңгеге дейін ай сайынғы төлемді енгізу арқылы әлгі көліктің құнына тең ақшаны – 18 миллион теңгені шығындады. Сөйте тұра, қалған құнын өтеп, сатып алмаса, ұзақ жыл енгізген миллиондары босқа кетеді.

Кредиттік тарихыңызды бүлдірмейді: егер несие алып, төлемесеңіз, ол туралы ақпаратты банктер Бірінші кредиттік бюроға береді. Ал, лизингтік төлемдер кредиттік тарихқа кірмейді және оны жүктемейді. Демек, лизингпен қатар кредит те ресімдеп, қарыз қаражатын маңызды бизнес-міндеттерді шешуге жұмсауға болады.

Лизингтің кемшілігі:

Автокөлік сіздің меншігіңіз болмағандықтан, оны басқа біреуге сата алмайсыз.

Лизингте көлік құнын мерзімінен бұрын өтеп тастау әдетте, қарастырылмайды: егер мәселен, 6 жылға бекітсеңіз, 6 жыл бойы ай сайынғы төлемді уақытылы төлеуге міндеттісіз.

Лизингте бастапқы жарна – міндетті шарт. Аванс сомасы сатып алынатын машина құнының 10%-ынан басталады.

Клиент ұнатқан автоны лизинг арқылы пайдалана бастағанымен, оның толық иесі бола алмайды, тек жалға алушы мәртебесін місе тұтады. Бұл оған белгілі бір қиыншылықтар әкелуі мүмкін. Машинаның құжаттары лизинг берушінің қолында болады. Түпкілікті сатып алғанға дейін "темір тұлпар" лизингтік компанияның меншігі. Бұл жөнінен лизинг каршерингке ұқсайды.

Егер автокредитте тек банктің ставкасын және комиссияларын ғана төлесеңіз, ал, лизингтік шарттарда ай сайынғы төлеміңіз арқылы тек көліктің құнын ғана емес, лизингтік компанияның оны автозауыттан не салоннан сатып алуға арналған шығындарын, лизингтік компанияның түрлі комиссиясын, айыппұлдарын, өсімпұлдарын, салығын, сақтандыруын және басқасын да өтейсіз.

Алған көлігіңіз ұзақ жыл лизингтік компанияның меншігінде қалатындықтан, ол өз мүлкінің жағдайын мұқият қадағалайды және сізге көп шектеу енгізеді. Мысалы, жол апатына ұшырамауы үшін жылдамдықты шектеуі, қатты айдауға рұқсат етпеуі, көрші елдерге, тіпті табиғат аясына саяхаттауға тыйым салуы мүмкін. Егер мас күйде көлік басқарып ұсталсаңыз, бұл келісімшартты біржақты бұзуға негіз болады. Пайдалану немесе сақтандыру ережелерін бұзғаны үшін үлкен айыппұл салады.

Автокредиттің артықшылығы:

Клиент несиені рәсімдей сала, автомобильдің толыққанды иесіне айналады, яғни, машинаны бірден меншiгіне сатып алады.

Кредит үшін мерзімінен бұрын өтеу – қалыпты опция. Яғни, қалаған күні көліктің толық құнын төлеп, несиені мерзімінен бұрын жаба саласыз.

Автокредитте көбіне бастапқы жарна талап етілмейді.

Автокредиттің кемшілігі:

Жыл өткен сайын көлік ескіре береді, алайда бұл көлік үшін төленетін төлемге еш әсер етпейді (егер кейін банк тиімді пайыздық ставка ұсынса, сонда қайта қаржыландыруға болады).

Кредитті ресімдеу кезінде кепілгер-гарант не кепілзат талап етілуі мүмкін. Кейбір банк автомобильдің өзін кепілге алумен шектеледі.

Кредитке алынған көлікті сақтандыру, оған сервистік қызмет көрсету, жөндеу бойынша шығыстары және басқасы клиенттің мойнына жүктеледі, өйткені машинаның қожайыны – соның өзі.

Сонымен, автолизингте оқиға өрбуінің бірнеше нұсқасы бар. Біріншіден, жалға алу мерзімі біткен соң клиент ай сайынғы төлем төлеуді доғарады да, автомобильді лизингтік компанияға кері қайтарып береді. Екіншіден, қалған сомасын толық төлеп, машинаның меншік иесіне айналады. Үшіншіден, лизинг беруші тырнақ астынан кір іздеп, сылтау тауып, бірер жылдан соң келісімшартты біржақты бұзады. Ескіріп қалмай тұрғанда ол көлікті басқаға сатып жібереді.

Автосалондар мен банк сарапшылары лизингтің негізінен бизнеске тиімді екенін жеткізді. Себебі, лизингтік төлемдер шығыстарға есептеледі, кәсіпкер ол үшін мемлекеттен салықтық шегерімдер алады. Осылайша, компаниялар салық базасын төмендетеді. Жеке тұлғаларға лизинг үшін салықтық шегерім қарастырылмаған.

Сондай-ақ лизинг таксишілер үшін қолайлы: жаңа көлікті жолаушылар тасуға қысы-жазы аяусыз жегіп, тоза бастағанда, лизинг берушіге кері қайтарып тастайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу