Қазақстан әйелдер құрамасы іріктеу сатысында Польшамен ойнайды. Польшамен матч 2023 жылдың 14-15 сәуір күндері Қазақстанда өтеді. Жеңген команда финалдық кезеңге жолдама алады. Іріктеу матчы төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады. Биыл командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңінде алғаш рет өнер көрсеткен қазақстандық қыздар С тобында Ұлыбританияны 2:1 есебімен жеңіп, Испаниядан 0:3 есебімен ұтылып қалды.
Осы орайда Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіндегі ұлттық құрама өнеріне ҚТФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында өз бағасын берді. ҚТФ вице-президенті биылғы әлем чемпионатында күтпеген нәтижелер тіркелгенін жасырмады.
"Күтпеген нәтижелер тіркелді. Бірінші матчта корт қожайыны – Ұлыбритания құрамасын ұттық. Сосын тартысты өткен кездесуде Испанияға жол бердік. Соның салдарынан шаршап қалған испаниялықтар келесі күні Ұлыбританиядан тас-талқан болып жеңілді. Сөйтіп британиялықтар жартылай финалға жолдама алды. Ұлыбритания ұйымдастырушы ел ретінде турнирге арнайы шақырту алды. Ал біз іріктеу сайысында күшті Германия құрамасын ұтып, финалдық кезеңге шыққан 12 елдің қатарына қосылдық. Бұл – спорт, алдағы жылы бұдан да мықты болып ораламыз" - деді Юрий Польский.
Сонымен қатар Польский Польша құрамасының осал қарсылас емес екенін де атап өтті.
"Осал қарсылас жоқ. Бізге әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек бастаған Польша құрамасы тап болды. Дегенмен И.Швентекті Елена Рыбакина жеңеді деп ойлаймын. Польшаның екінші ракеткасы Магда Линетт әлемдік рейтингте қазір 49-орында тұр. Оған қоса жұптық сында ойнайтын теннисшілері де мықты. Әрине, біз өз елімізде өнер көрсетеміз, мұның артықшылықтары бар. Польшамен командалық деңгейде ойнап көрген жоқпыз. Бірақ теннисшілер өзара кездесіп жүр. Түрлі бірлескен жиындарды өткізу бағытында Польша теннис федерациясымен тығыз байланыстамыз. Олардың теннисшілері бізге келеді, біздің спортшылар Польшаға барады. Матчты асыға күтеміз", - дейді вице-президент.
Айта кетейік, іріктеу сайыстары аясында теннистен Қазақстан құрамасы Польшамен Астанада кездесетін болды.