Жаңа жылдан бастап, Қазақстанда ауыл, аудан, кент, қала әкімдері тек қана сайланады. Тағайындалатын әкім дейтін енді болмайды.
Айтпақшы, ғылым қуып, Астанаға кетіп қалған ауылдық әкімдер бар болып шықты. 2024 жылы өңірлерден 32 аудан әкімі және олардың 11 аппарат басшысы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университетіне түсіп, оқып жатыр.
"2025 жылдан бастап аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана сайланатын болады! Бұл азаматтарға олардың жұмысының тиімділігін тікелей бағалауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, халық алдындағы есептілігін арттыру бойынша барлық қажетті шаралар көзделген. Бұл өз кезегінде азаматтарға барлық деңгейдегі әкімдердің қызметін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді", – деп хабарлады Мәжіліс депутаттарына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, әкімдердің есептік кездесулері ел Президентінің "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 жарлығымен регламенттелген. Мәжілісмендер бұдан былай әкімдерді жылына бір рет емес, екі рет халыққа есеп беруге міндеттеуді ұсынған болатын. Бұл ұсыныс қабылданбапты.
"Қажет болған жағдайда кездесулер күнтізбесін кейіннен мәслихатты хабардар ете отырып түзетуге жол беріледі. Бұдан басқа, халықтың қалауы бойынша және қажет болған кезде әкімдер күнтізбеден тыс та халықпен кездесу ұйымдастыра алады. Сондай-ақ, әкімдер өз сапарлары аясында азаматтарды жеке қабылдауды өткізеді. Бұдан басқа тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемаларды шешу барысы туралы ақпарат ресми интернет-ресурстарда және "Электрондық Үкімет" порталында орналастырылуға тиіс", – деді Қанат Алдабергенұлы.
Жалпы, өз жұртымен жиі кездескен әкім халқына жақын, жағымды болады. Ал, өз жұртынан жеріген әкім тіпті екі кездесу бекітілсе, екеуін де үстірт өткізіп, өз адамдарын жинап, көзбояушылық жасайды.
Үкімет басшысының орынбасары биылғы жылы ауылдардың гүлдендіру үшін не істелгеніне тоқталды.
Айта кету керек, қазіргі кезде Ауылды өркендетуге бағытталған біртұтас мемлекеттік бағдарлама да, жеке ұлттық жоба да жоқ, бәрі жойылды. Ауылды дамыту, ауылдықтардың өмір сүру сапасын жақсарту шаралары негізінен, "Ауыл – ел бесігі" жобасы айналасында шоғырландырылған.
Вице-премьер "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында жалпы саны 771 ауылда 1,8 мың жоба іске асырылғанын мәлім етті. Оған бюджеттен 194 миллиард теңге шығындалыпты.
Сонымен қатар 113 миллиард теңгеге 4,9 мың сумен жабдықтау және су бұру нысандары салынды. Осы арқылы ауылдарда 223 мың тұрғын орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізді. Жоба аясында 85 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары салынды.
176 ауыл HotSpot Wi-Fi (ұжымдық кіру нүктесі) технологиясына қосылыпты. Starlink спутниктік жүйесін пайдаланып, шалғайдағы ауыл мектептерін интернетке қосу бойынша пилоттық жоба басталды. 2024 жылы республикалық бюджеттен осы жобаға 179 миллиард теңге бөлінді. Ендеше әлемдегі №1 миллиардер Илон Масктың байи түсуіне Қазақстанның да үлесі бар.
500-ден астам ауылда 1,4 мың жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық саласында 194 нысан, 353 әлеуметтік нысан салынады. Тарата айтқанда, соңғысының қатарында білім беру саласының – 124, денсаулық сақтау саласының – 35, мәдениет және спорт саласының – 193 нысаны бар.
Кентішілік жолдарды жаңғырту бойынша 699 нысан биыл қолға алыныпты. Жобалардың іске асырылуын бақылауды күшейту үшін жыл сайын өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес объектілер мен қызметтердің қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізіледі екен.
Өңірлік стандарттар жүйесінің мониторингін іске асыру нәтижесі бойынша ауылдарды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету деңгейі 64,3%-ды құрады. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштерден 2,1%-ға жоғары.
Негізі, 2024 жылдың ресми қорытындысы келесідей. Ауыл халқының:
- 96%-ы – ауыз сумен жабдықталған,
- 91%-ы – интернет желісімен,
- 97%-ы – әлеуметтік объектілермен қамтамасыз етілген.
- Жергілікті желі жолдарының 95%-ы қанағаттанарлық жағдайда.
Қанат Бозымбаевтың сендіруінше, ауылға қатысты жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылау және әкімдердің дербес жауапкершілігі – осы мониторинг шеңберінде көзделген.
Таяуда Мәжіліс Үкіметке "әр өңірдің мықты және әлсіз тұстары ескеріліп, Аудандарды дамыту стратегияларын әзірлеу" бастамасын ұсынған болатын. Үкімет бұл ұсынысты да қабылдамаған екен. Оның орнына ауыл-аймаққа қатысты басқа жаңалық белгілі болды.
"Мемлекеттік жоспарлау жүйесі (МЖЖ) құжаттарын оңтайландыру мақсатында аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың "Аумақтарды дамыту бағдарламалары" жойылды. Бұл бағдарламалар облыстардың, мегаполистердің Даму жоспарларына қайта форматталды. Олардағы нысаналы индикаторлар Өңірлерді дамыту жоспарларына қосымша түрінде кіріктіріліп, аудандар мен облыстық маңыздағы қалалар бөлінісінде белгіленеді", – деп мәлім етті Үкімет басшысының орынбасары.
Бұдан бөлек, мемлекеттік жоспарлаудың жинақы және икемді жүйесін қалыптастыру үшін деп, МЖЖ-не Үкіметтің 2024 жылғы 29 сәуірдегі №350 қаулысымен "өңірлерді дамыту жоспарларының нысаналы индикаторлары декомпозияланған негізгі ұлттық индикаторларға және МЖЖ-ның жоғары тұрған құжаттарының нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша өзгерістер енгізілді".
"Осыған байланысты, мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар үшін жеке стратегиялық құжаттарды әзірлеу көзделмеген. Аудандар мен облыстық маңызды қалалар бөлінісіндегі барлық іс-шаралар Өңірді, облысты дамыту жоспарында және оны іске асыру жол карталарында көрсетіледі", – деді Бозымбаев.
Ауыл кәсібі өркендемей, ауыл гүлденбейді. Үкіметтің ұстанымынша, ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялар аграрлық секторды қолдайды және фермерлерді ішкі, сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін қаржымен қамтамасыз етеді.
Жыл қорытындысына келсек, 2024 жылы, Үкіметтің дерегінше, жергілікті бюджеттерден агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 452,7 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде:
- өсімдік шаруашылығына – 111,5 миллиард теңге;
- мал шаруашылығына – 101,2 миллиард теңге;
- қаржы құралдарын толықтыруға – 223,6 миллиард теңге;
- ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге – 12,5 млрд теңге;
- балық шаруашылығына – 3,9 млрд теңге.
Кәсіпкерлікті қолдап, дамыту – ауылдық елді мекендердің экономикалық өсуіне қол жеткізу үшін маңызды міндеттердің бірі. Оған септесуге тағы бір жоба – "Ауыл аманаты" арналған. Оның аясында 79 миллиард теңге сомасында 12,7 мың арзан шағын несие беріліпті.
2024 жылы жобаны іске асыруға тағы 80 миллиард теңге қарастырылды. Ол 10,7 мың микрокредит беруге, 18,2 мың жұмыс орнын құруға жетер еді. Мұның қаншалықты игерілгені келесі жыл басында белгілі болады.
"Ауыл аманаты" жобасын іске асыру басталғалы өңірлерде 400-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты. Мемлекет оның 337 кооперативін қаржыландырылып, оларға 7,1 миллиард теңге таратты.
"Қазіргі уақытта ауыл бизнесінің ауылдағы өмір сүру сапасын жақсартуға қатысуы бойынша оң динамика байқалады. Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Ауылда әлеуметтік инфрақұрылым дамуда: мысалы, бизнестің өзі мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорттық және мәдени объектілерді салып жатыр. Немесе инфрақұрылым объектілеріне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіп, жабдықтауда. Ауыл кәсіпкерлері де ауыл өміріне белсенді қатыса бастады", – деді вице-премьер Қанат Бозымбаев.
Бүгінгі таңда республикада 5 084 ауылдық мектеп жұмыс істейді. 2024 жыл қорытындысында республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты, сондай-ақ демеушілік қаржы есебінен ауылда 28 596 оқушыға арналған жаңа 54 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.
Соның ішінде 2 ауысымда 15 800 оқушыны қабылдай алатын 25 жаңа мектеп іске қосылды. Жыл соңына дейін 2 ауысымда 12 796 оқушыға тағы тағы 29 мектепті ел игілігіне тапсыру жоспарлануда. Бұл 8 540 мың оқушы оқып жатқан ауылдық 15 апатты және 7 үш ауысымды мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік беруге тиіс.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 35 600 оқушыға арналған тағы 44 ауылдық мектеп қосымша қолданысқа енгізілуі керек. Бүгінде 12 900 мың оқушыға арналған 16 мектеп берілді. Жыл соңына дейін 22 700 оқушыға арналған 28 мектеп ашылуы шарт.
Бұған қоса, 2024 жылы 189 ауылдық мектепте күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. 158 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 31 мектепте жалғасуда.
Ауыл тұрғындарына тек мектеп қана емес, спорт кешендері, Мәдениет үйі қажет. 2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджетте "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында өңірлерде жалпы сомасы 83 млрд 173 млн теңгеге 301 мәдениет және спорт объектісін салуға және реконструкциялауға шығыстар көзделген. 2024 жылға – 78 млрд 600 млн теңге, 2025 жылға – 4 млрд 573 млн теңге.
2027 жылға дейін 1 245 мәдениет нысанын (220 құрылыс, 1 025 жөндеу жұмыстары) салу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 926 нысанында жұмыстар аяқталған: 2021 жылы – 89 құрылыс, 211 жөндеу, 2022 жылы – 35 құрылыс, 287 жөндеу, 2023 жылы – 44 құрылыс, 260 жөндеу. Ал, 2024 жылы 45 нысанның құрылысы жоспарланды (13-і аяқталды).
2028 жылға дейін ауылда 100 жылдам салынатын, жеңіл конструкциялы спорт ғимаратын тұрғызу жоспарланған. Ағымдағы жылы 25 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Мәжіліс депутаттары өңірлерге сапарлағанда қол қусырып қарап отырған, жағдайды жақсартуға еш құлшынысы жоқ аудан әкімдерін көргендерін айтады.
"Ауылдардың проблемалары бәрімізге белгілі. Бұлар – жолдардың нашар болуынан бастап интернетке қолжетімсіздігіне дейін. Мысалы, 2019 жылдан бері бұл бағыттағы шығын 6 есе артқан. Сол кезде 29 млрд теңгеден биыл 194 млрд теңгеге дейін! Осындай қолдаумен ауыл тіршілігін түбегейлі өзгертуге болар еді. Іс жүзінде не көріп отырмыз? Қаражат игерілмейді, құрылыс мерзімдері бұзылуда, жобалар сапасыз орындалып жатыр. Мұның үлкен бір себебі – аудан әкімдерінің кәсіби біліктігінің төмендігі және жұмысқа ұйытқы бола алмауы", – деді мәжілісмен Қарақат Әбден.
Оның пікірінше, әкімдер көбінесе өз қызметін мансап жолындағы уақытша кезең деп қабылдайды. Олар облыс басшысының көзіне түсіп, мансабының келесі сатысына өтуге ұмтылады. Олардың біразы тіпті өз ауданында тұрмайды, өз отбасын көшіріп апармайды. Содан жергілікті балалардың апатты мектепке апатты жолмен баратынын, мектеп асханасындағы тамақ жеуге жарамсыз екенін, тұрғындардың бос уақытын өткізетін орын жоқтығын білмейді.
Бәлкім, әкім атаулыны тегіс халықтың өзі сайласа, олар ел алдында жиі есеп берсе, жағдай өзгерер ме еді. Онсыз, депутаттар ауылдарды, аудандарды аралағанда жергілікті тұрғындар өз әкімінің тіпті аты-жөнін, кім екенін білмейтін жағдайға жиі тап болады екен.