Премьер-министр Олжас Бектенов жеке тұлғалардың 90%-ын декларациялаудан босату туралы Қаржы министрлігінің ұсынысын қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылдан бастап декларацияларды ұсыну бойынша міндет азаматтардың қалған санатында туындайтынын айтты.
"Бұл шамамен 8 миллион адам. Жалпыға бірдей декларациялау тұжырымдамасы қабылдағаннан бері 14 жыл өтті. Осы уақыт ішінде мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың дерекқорлары цифрландырылды, қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 86 пайызға жетті, қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісімдер шеңберінде қаржы шоттары бойынша деректер алмасу жолға қойылды", – деді ол.
Ведомство басшысы қалған санаттағы азаматтардың (жеке құрылымдар қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқа да тұлғалар) 8 млн-ға жуық адамның декларация тапсыру міндеттеріне қатысты қаржы министрі деректер базасын цифрландыруды және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуды ескере отырып, аталған санаттағы азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырудан босатуды ұсынды.
"Президент жаппай декларациялау тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Қазір декларацияны 4 млн-нан аса адам тапсырады. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері бар. 2025 жылы азаматтардың қалған барлық санаты да декларация тапсырады деп жоспарланған. Оған халық алаңдаушылық білдірді. Сондықтан аталған мәселеге мемлекет басшысы өзінің назарын аударды. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың базасы барынша цифрландырылған, қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісімдер шеңберінде шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер көрсету кең таралған", – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар екенін баса айтты.
"Қаржы және цифрландыру министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базадан оның ішінде екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткен жөн. Сондықтан мен 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияны міндетті түрде тапсырудан босату туралы Қаржы министрлігінің ұсынысын қолдаймын. Осыған байланысты қаржы министрлігі Ұлттық экономика, Әділет министрліктерімен бірге 3 күн ішінде қажет заңнамалық түзетулер әзірлеп Парламентке тиісті жұмысты жүргізуі керек", – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Декларация тапсырудан босату осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді. Келесі санаттағы тұлғалар декларация тапсырады: мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік секторлардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, елден тыс жерлерде активтері бар; бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК (74 млн теңге) астам сомаға сатып алулар жасаған; дербес салық салынатын табыс алған. Бұдан басқа азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы берілмек.