Келесі жылы техникалық кремний зауыты салынады

1344

Бүгінде оның қосалқы станциясы 70%-ға дайын.

Келесі жылы техникалық кремний зауыты салынады

Екібастұз қаласындағы ГРЭС-1 аумағында техникалық кремний шығаратын өндіріс орнын салу - облыс жұртшылығы жиі талқылайтын мәселелердің бірі. Көпшілік бұл зауыттың салынуына қарсылық танытқанмен, қоғамдық тыңдаулар оң қорытынды алды деп есептелді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Екібастұз қаласынан 16 шақырым жерде бой көтеретін кәсіпорынның жобасы 2017 жылдан бері талқыланып келеді. Осы уақыт аралығында инвесторлар ауысып, қытайлық кәсіпкерлердің орнын Біріккен Араб Әмірлігінің "Canarax" компаниясы басқан болатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын 10 мыңнан астам екібастұздық зауыт құрылысына қарсы шығып, Тұңғыш Президентке хат жолдағанмен, инвесторлар өз жобасын іке асыруға мүдделі.

Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың айтуынша, бүгінде зауытты электр энергиясымен жабдықтайтын қосалқы станция 70%-ға дайын. Инвесторлар оның құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ал келесі жылы кәсіпорынның құрылысына кіріседі.

"Қосалқы станцияны салуға 4 млрд теңге көлемінде инвестиция бөлінді. Жобаның жалпы құны - шамамен 60 млрд теңге. Зауытты салу жұмыстары келесі жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Әзірше инвесторлар мемлекеттік қолдау қажеттігі туралы өтініш білдірген жоқ. Барлық жұмыстар жеке инвестиция есебінен атқарылуда", - деді Ардақ Қаңтарбаев.

Техникалық кремний зауытын салатын шетелдік компания Екібастұз қаласының аумағында жекеменшік индустриялық аймақ ашпақ. Мұнда төрт кәсіпорын орналасады. Солардың бірі - жылына 240 мың тонна ферроқорытпа шығаратын "Ferro Alloys" зауыты. Оның құрылысына 55 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылмақ.

Жалпы, Екібастұз қаласының әкімдігі 2025 жылға дейін 850 млрд теңге көлемінде кәсіпкерлер қаржысын тартуды көздеп отыр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу