Келесі жылы тікелей инвестициялар қоры құрылады

21174

Қор шикізаттық емес секторға тікелей инвестиция тартуға басымдық береді.

Келесі жылы тікелей инвестициялар қоры құрылады

Соңғы 13 жылда Қазақстан экономикасына 300 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – үкіметтің инвестициялық климатты жақсарту жолындағы мақсатты жұмысының жемісі. Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев үздік шетелдік инвесторларды марапаттауға арналған салтанатты жиында осылай деді.

Вице-министр Дүниежүзілік банктің Doing Business-2018 рейтингінде Қазақстан 190 мемлекеттің ішінде 28-орынға орналасқанын атап көрсетіп, біздің ел бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша әлемдегі ТОП-30-дықтың қатарына қосылғанын мәлімдеді.

"Қазақстанда 12 арнайы экономикалық және 22 индустриалдық аймақ бар. Шетелдік инвесторларды қолдау үшін салықтық, кедендік жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған. Елімізде президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесі мен премьер-министр жанындағы инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Бұған қоса инвестициялық және бизнес-омбудсмен институттары қызмет етеді. Былтыр Қазақстан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы инвестициялар жөніндегі комитетінің қатарына қосылды. Содан бері аталмыш ұйымның талабы мен шартына сай жұмыс істеп жатыр. Жалпы, соңғы 6 жылда ұлттық заңнаманы халықаралық ұйымның стандарттарына сәйкестендіру бағытында көп жұмыс атқарылды. Нәтижесінде рұқсат беру жүйесіне жеңілдік енгізіліп, салық, кедендік бақылау, көші-қон салаларындағы заңнама жетілдірілді", – деді Тимур Тоқтабаев.

Вице-министрдің сөзінше, инвестициялық климатты жақсарту үшін елімізде түрлі реформалар жүргізіліп, инвестиция тарту үшін инфрақұрылым жасақталған. 2016 жылдан бастап Қазақстанда барлық инвесторлар үшін "Бірыңғай терезе" жүйесі енгізіліп, еліміздің 14 өңірі мен Астана, Алматы қалаларында инвесторларға өңірлік қызмет көрсету кеңселері ашылған. "Бүгінгі таңда Қазақстан көлік-логистика саласын дамытып, инновациялық  кластерге, экономиканы цифрландыруға сондай-ақ мемлекеттік активті жекешелендіруге басымдық беріп жатыр", – деді вице-министр.

Тимур Тоқтабаев Орта Азия тарихында тұңғыш рет құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілген "Астана" халықаралық қаржы орталығы ашылғанын айтты.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы – қызметі ағылшын құқығына негізделген өңірдегі жалғыз орталық. Мұндағы тәуелсіз сот пен халықаралық арбитраж орталығы тараптардың құқығын сақтауға кепіл болады", – деді вице-министр.

Тимур Тоқтабаевтың айтуынша, Қазақстанда 2019 жылы тікелей инвестициялар қоры құрылады. Ол шикізаттық емес секторға тікелей инвестиция тартуға басымдық береді.  

"Күні бүгінге дейін шетелдік инвесторлар 200-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Биыл 30 жаңа жоба қолданысқа берілді", – деді ол.

Айта кетейік, басқосу барысында Қазақстан экономикасына қомақты қаржы құйған Франция, Германия, Ресей, Түркия, Қытай, АҚШ, БАӘ, Сингапур мемлекеттерінің трансұлттық корпорациялары "Қазақстандағы үздік шетелдік инвестор" деген аталым бойынша марапатталды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу