Ауыс-түйістің нәтижесін уақыт көрсетеді. Ал әзірге клубтар құрамындағы өзгерістерге назар салсақ.
Ел чемпионы "Астана" өткен аптада команданың көшбасшы футболшыларының бірі Марин Аничичпен қош айтысты. Босниялық ойыншы Түркияның "Коньяспор" клубымен келісімшарт жасасты. Елордалықтар шабуылшы Рангело Янгоны да сатты. Футболшы енді Болгарияның "Левскиінде" доп тебеді. "Астана" жастар сапындағы Сұлтан Сағынаевты да Павлодардың "Ертісіне" жалға берді. Дегенмен бұл ақпараттар әлі ресми расталған жоқ.
Ел чемпиионатында "Астананың" басты қарсыласы "Қайрат" да құрамын жаңартып жатыр. Алматы командасы қорғаушы Александр Соколенконы "Ертіске" жалға жіберді. Ойыншы маусым соңына дейін Павлодар клубының сапында ойнайды.
Жүлдеден дәмелі "Жетісу" Софияның ЦСКА-сынан шабуылшы Мартин Тошевты алдырды. Болгариялық футболшы Талдықорған командасымен бес жылдық келісімшартқа отырды. Тошев "Жетісу" сапындағы алғашқы ойынын келесі турда өткізе алады.
Маусымда сүреңсіз ойнап жүрген "Ертіс" жазғы ауыс-түйісте белсенділік танытып жатыр. Павлодар командасы Марко Станоевичті қатарына қосты. Футболшы "Астана" мен Қарағандының "Шахтерінде" ойнағаны белгілі. Станоевич командадан кеткен Рохер Каньясты жоқтатпауға тиіс. "Ертіс" қорғаныстан бөлек, шабуыл шебін де жаңалап жатыр. Павлодарға "Ақтөбенің" бұрынғы ойыншысы Рейнальдо Силва да келді.
Көкшетаудың "Оқжетпесі" орталық қорғаушы Владислав Касмынинді еркіне жіберді. Футболшы негізгі құрамның ойыншысы болатын. Алайда Касмыниннің жауапты ойындардағы өрескел қателіктері клуб басшылары мен бас бапкердің жүйкесін жұқартса керек.
"Атырау" Ресей премьер-лигасында доп тепкен Исламнұр Абдулавовты қатарына шақырды. Шабуылшы "Анжи" мен башқұрттардың "УФА" клубында ойнаған. Абдулавов "Атырау" сапындағы алғашқы матчында көзге түсті. "Мұнайшылар" сенегалдық шабуылшы Мәлік Манені де қатарына қосып алды. Мане бұған дейін "Ақтөбе", "Тараз" және "Ақжайықта" ойнағанды. "Атыраудан" шабуылшы Дарко Бьедов кетті. Енді сербиялық футболшыны Мәлік жоқтатпауға тиіс.
Қарағандының "Шахтері" Жамбыл футбол мектебінің түлегі Бауыржан Байтанамен келісімшарт жасасты. Жартылай қорғаушы "Тараз" және "Қайратта" ойнағанын білеміз. Қазақстандағы жазғы трансферлік терезе әлі ашық тұрады. Сондықтан ауыс-түйістер алдағы аптада да жалғаспақ.
Ермұхамед Мәулен